Ұлы жібек жолы және Қазақстан 1.Оңтүстік Қазақстан және Жетісу қалалық мәдениетінің гүлденуі.
Ұлы Жібек жолы және Қазақстан. Ұлы Жібек жолы – елдер мен алықтардың қатынасын нығайтқан, түрлі мәдениеттерді бір-бірімен жақындатқан, Қазақстан жеріндегі қала мәдениетіне ықпалын тигізген байланыс жолы болды. Шығыс пен Батыс елдерін байланыстыратын сауда жолының бағыты ретінде бекіту үшін «Жібек жолы» атауын 1877 жылы неміс ғалымы, географ Ф. Рихтгофен ұсынған болатын. Оның «Қытай» атты еңбегінде алғаш аталған бұл тарихи термин ғылыми әдебиеттерде қалыптасып кетті. Жолдың маңыздылығы мен мыңдаған шақырымды құрайтын қашықтығына байланысты «ұлы» сөзі қосылды.
Бұл түрлі бағыттағы керуен жолы еді. Б.з.б. ІІ ғасырда Қытай жерінен басталып, Жерорта теңізіне қарай шыққан. Ұлы Жібек жолының негізгі торабы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жерін басып өткен. Жетісу өңірі – Ұлы Жібек жолының Шығысқа шығатын, ал Оңтүстік Қазақстан аймағы – Батысқа шығатын қақпаларының бірі болған. Бұл тақырыпта келтірілген картада айқын көрінеді. Шығыс пен Батысты ұштастырған бұл жолда Қазақстан мемлекеттерді өзара байланыстырушы буынға айналды. Бүкіл Еуразияға осы бағытпен білім мен технологиялар, мәдениет пен дін, тауар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат тарады. Басты тауарлары жібек, араб арғымақтары, нефрит т.б. асыл тастар мен фарфор еді. Сауда дамыған сайын өнім өндіру тәсілдері артып, елдер ара- сында өтімді тауарлар: шарап, жоңышқа, кептірілген жеміс, кілем, тұрмыстық бұйымдар ағыла бастады. Мысалы, үйсін жері арқылы асыл тастар мен жібек, фарфор артылған қытайлықтардың ірі керуені өткен.
VI–XIII ғасырларда Ұлы Жібек жолының негізгі бағыты Сирия – Иран жері – Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас, Шу алқабы – Ыстықкөл, Шығыс Түркістан арқылы өткен.
Келесі бір тармағы Византиядан Дербент арқылы Каспий маңы даласы – Маңғыстау – Арал бойы – Оңтүстік Қазақстан жерін байланыстырған. Тағы бір бағыты Орталық Қазақстан аумағынан Шығыc Қазақстан мен Батыс Сібірге жеткен.Ұлы Жібек жолының негізгі бағыты Арал теңізін жағалай Сырдария, Шу өзендері арқылы Жетісудан Жоңғар қақпасына жеткен. Соныменен Батыс пен Шығыс елдерін байланыстыратын жол Қазақстан жері арқылы өтіп, сауда қарым-қатынас аясы кеңейе түскен.
Түрік қағандары Жетісу аумағын басып өтетін сауда керуендерін қол астына қаратып, толық бақылауына алды. Түрік билеушілері мен ауқатты түркілер ағылып келіп жатқан тауарлардың ірі тұтынушысы еді. XIII ғасырда Ұлы Жібек жолын Моңғол империясы тиімді пайдаланып, өз бақылауына алады. Бұл кезеңде керуен жолы біршама гүлденіп, халықаралық сауда мен мәдени байланыстарға өз үлесін қосып тұрды. Моңғолдар сауданың дамуын қолдап, дінге қысым көрсетпеді. Моңғол билеушілерінің ордалары ірі сауда қалаларында орналасты. Ұлы Жібек жолының кедендері мен транзиттік бекеттерінде жолаушылар азық-түлік қорын толықтырып, болдырған аттарын алмастырды, қажет жағдайда жолсерік қызметі де көрсетілді. Жол бойында жаңа қалалар мен керуен-сарайлар бой көтерді. Керуеншілерге қызмет түрін ұсынып отырған керуен-сарайлардың жолаушылар үшін маңызы зор еді. Көпестер үшін керуен-сарайлар тауар өткізетін және тауар сатып алатын маңызды сауда орталығы саналды. Керуен-сарайлар ауыр және алыс жолдағы керуеншілердің рухани мұқтажын өтейтін мәдени орталықтарға айнала бастады.
Жібек жолын бақылауға алған империялар сауданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен керуендерге және діни миссияларға арнайы өкілеттік құқық пайзалар табыс еткен. Олардың тоналуына жол бермеген. Жолды қорғау үшін қарулы күзет қойылып, байланысшылар хабарды дер кезінде жеткізіп отырған.
Әмір Темір мемлекетінің тарих сахнасына шығуымен XIV ғасырдың соңында Ұлы Жібек жолындағы сауда қатынастары біршама құлдырады. Әмір Темірдің әскери ұрыс қимылдары мен шапқыншылық жорықтары нәтижесінде қалалар қирады, жерлер тоналды, көрші елдердің экономикасы талқандалды, транзиттік сауда желісі үзілді.
Теңіз жолдарының ашылуы да Ұлы Жібек жолының құлдырауына әсер етті.
Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы кезінде Ұлы Жібек жолының Ұлы даламен өтетін тармағындағы сауда жандана түсті.
Ұлы Жібек жолының қазақстандық бағытындағы сауданың дамуы ақша жүйесінің қалыптасуына әкелді. Жол бойында әр елдердің теңгелерін айырбастау орындары болды. Отырар, Испиджаб, Тараз, Жент, Қойлық қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеді. Теңгелер (пұл), мыс пен күміс ақшалар, дирхем, алтын динар соғылды.
Жошы ұлысында теңгелер Сарайшық, Сығанақ және т.б. қалаларда шығарылды. Қолөнершілер шаруашылыққа қажетті құрал-саймандар, сәндік бұйымдар жасаумен айналысты. Ұлы Жібек жолы Шығыс пен Батыс елдері арасындағы экономикалық, мәдени, дипломатиялық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарды.
Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар. Ұлы Жібек жолы тармақтарының Қазақстан жерін басып өтуі ірі және шағын қалалардың құрылуы мен дамуына игі әсер етті. 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз – ең ірі қалалардың бірі. 568 жылы түрік қағаны Дизабул Византия императоры ІІ Юстиниан жіберген дипломатиялық елшілікті қабылдаған. Тараз – түргештер, кейін қарлұқтар мен қарахандықтар үшін маңызды әкімшілік орталығы саналған.
Бұл – Тараздың сауда және әскери стратегиялық маңызды қала екенінің айқын дәлелі. Деректер бойынша қаланы ежелгі кезде ғұндар әскери бекініс ретінде орнатқан. Қала тұрғындары мықты жауынгерлер, жол бойымен өтетін керуен күзетін атқарып тұрған. ХІ ғасырдағы парсы ғұламасы Тебризи қалалықтарға: «Тараздықтар сияқты батыл, арабтар сияқты жомарт», – деген мінездеме берген. Тараз маңында қорғасын, күміс, темір және алтын өндіретін металлургиялық орындар дамыған.
Араб ғалымы ибн Хаукаль: «Тараз – мұсылман түркілердің сауда жасайтын орны» немесе «Тараз – көпестер қаласы» деп атады. Қала ішінде су құбырлары жүргізілген.
Жетісудың аса ірі сауда және әкімшілік орталығы Суяб – Батыс Түрік, кейін Түргеш, Қарлұқ қағанаттарының астанасы болды. 629 жылы Суяб қаласында болған будда монахы Сюань Цзянь Түркі қағанымен кездесуін былай сипаттайды: «Бұл жатжерліктердің жылқылары әдемі. Қаған жасыл жібек шапан киген, басы ашық, жібек мата ғана ораған. Оған сәнді шапан киген, шаштарын бұрым етіп өрген екі жүзден астам тархандар еріп жүрді. Түйелер мен жылқыларға мінгендердің санында есеп жоқ, көзбен шолу мүмкін емес».
VIII ғасырда қала халқының саны үнемі өсіп отырған. Ортағасырлық қалалардың бірі Баласағұн – Қарахандардың астанасы есептелді.
Ұлы Жібек жолының тармақтары Іле Алатауының етегіндегі шағын қалалар арқылы өтті. Солардың бірі транзиттік сауда орталығы Талхиз (Талхир) бен Алмалық қаласы. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі қалалар қатарында Испиджаб (Сайрам) аталады. Орта ғасырларда Испиджаб сауда және дін орталығына айналды. Деректерде қала атауы алғаш рет VII ғасырда кездеседі. Махмұт Қашғари «Сайрам – ақ қаланың аты, оны Испиджаб атайды» деп көрсетеді. Жергілікті көпестер ақ маталар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар мен ыдыстарды басқа жерлерге жеткізіп тұрды. Қалада теңге сарайы, базарлар, мата сататын орындар (тимдер) және керуен-сарайлар көп салынған. Қаладағы керуен-сарайлар жолаушы көпестер үшін маңызды рөл атқарды. Керуен-сарайлар құрылыстарын бай көпестер тұрғызды. Олар, әдетте, биік дуалдармен қоршалды. Керуен-сарайларда сауда жүргізіліп, қажетті ақпарат алмасатын орталық жұмыс істеген.
Керуен-сарайлардың біраз бөлігін ірі қалалардан келген көпестер иеленді. Испиджаб қаласының төңірегінде ондаған шағын қалашықтар мен тұрақтар орналасқан. Қала халқының саны адамдардың қалаға ағылуы есебінен өсті.
Ұлы Жібек жолы бойындағы атақты қалалардың бірі – Отырар (Фараб). Орта ғасырларда Отырар Сыр өңірінің ірі сауда және мәдениет орталығына айналды. Қалада монша, мешіттер мен медреселер көп тұрғызылған. Отырарда Шығыстың екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келді. Отырықшы қала тұрғындары мен көшпелі халық арасында мықты байланыс орнатылды. Жау шапқыншылықтары кезінде олар бірігіп отырды. Көшпелі халық қаланың берік қамалында жасырынды.
Ұлы Жібек жолы тармағында көне Түркістан (Йасы) қаласы орналасқан. XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында қала Оңтүстік Қазақстан өңірінде маңызды әкімшілік, сауда, саяси және мәдени орталық ретінде санала бастайды. Ол әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тұрғызылуымен байланысты еді. Қазақ хандары Түркістан қаласын саяси астана ретінде бекітті. Ортағасырлық тарихшы ибн Рузбехан мәліметтері бойынша, қала Орта Азия мен Қытай аралығында атақты сауда бекетіне айналған: «Йасы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізіледі де, сол жерде сату басталады. Қала көпестердің теңделген жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын әр елге аттандыратын орын есептелінді». Кейінгі ғасырларда Түркістан ірі егіншілік аймағының орталығы болып қала берді.
Түркістаннан солтүстік-шығысқа қарай ортағасырлық ірі сауда қалаларының бірі Сауран орналасты. Қала туралы алғашқы мәліметтер Х ғасырға жатады. Сол кезде өмір сүрген араб географы әл-Макдиси қаланы былай деп сипаттайды: «Сауран – бірінен кейін бірі жеті қабырғамен қоршалған үлкен қала, оның рабады бар, үлкен мешіт ішкі қалада орналасқан». XVІ ғасырда ибн Рузбехан Сауран шаһары туралы: «Бұл қала керемет көркем, ауасы өте таза, адам жанын көркейтіп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақшалар мен әртүрлі ағаштарға толы, қаланы айналдыра биік дуалдар қоршап тұр, ал оның етегіне терең ор қазылғандықтан жау ала алмайды», – деп жазады.
Қала сумен кәріздер жүйесі арқылы қамтамасыз етілді. Сауранның жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары оны мықты бекініс ретінде танымал етті.