Ұлы Селжұқ империясы және Анадолыны жаулап алу



бет2/3
Дата27.10.2022
өлшемі28,47 Kb.
#45659
1   2   3
Малазгирт шайқасы
Бұл туралы сөз қозғаудың алдында осыдан он ғасыр бұрын қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүріп, тарих сахнасында Селжұқтар әулеті, Селжұқ Сұлтанаты деген атпен танымал болған көшпенді түріктер туралы деректерді келтіре кеткен жөн. 
«Селжұқ әулеті (1038-1194) – түркі-оғыз әскерінің сол қанатын құраған Қынық тайпасынан шыққан әулет. Әулеттің негізін қалаушы – Селжұқ. Олардың әуел бастағы атамекені Оңтүстік-батыс Қазақстан аймағы мен Сырдарияның орта бөлігі болған. Кейбір топтары Сығанақ пен Қаратауды мекендеген. Х ғасырдың орта шенінде басқа оғыз тайпаларымен қақтығысып қалған селжұқтар Сырдарияның төменгі саласына қоныс аударып, ислам дінін қабылдады. Олар 1010-32 жж. Зарафшан мен Нұрата тауларына қарай ойысты, 1038-40 жж. Ғазнауи сұлтандығынан Хорасанды (Иранның солтүстік-шығыс облысы) тартып алып, Селжұқ сұлтандығын құрды. Селжұқтардың алғашқы билеушілері ағайынды Тоғрылбек (1038-63) пен Шағрыбек (1038-59) болды. Селжұқ әулетінің белгілі сұлтандары: Алып Арслан (1063-72), Мәлік шах I (1072-92), Санжар сұлтан (1118- 57) секілді тұлғалар болған. ХІ ғасырдың аяғына қарай Селжұқ әулеті билеген мемлекет әлсіреп, ұсақ иеліктерге бөліне бастады. ХІІ ғасырдың аяғына қарай Селжұқ әулетінің билігі мүлдем жойылды», – дейді тарихи деректер.
Осы Селжұқ сұлтанатының дәурені жүріп тұрған шақта айналасындағы елдермен түрлі қақтығыстарға барып, іргесін кеңейтіп отырғаны мәлім. Бұл кезде Константинополды (қазіргі Стамбул) орталық еткен Византия империясының да айдарынан жел есіп тұрған шақ еді.
IX Константин (1042-1055) мен Константин Х (1059-1067) билігі кезінде Византия империясы Македония әулеті кезіндегі аса қуатты әскери әлеуетінен біртіндеп айырыла бастайды. Ысқақ І-нің екі жылдық билігі (1057-1059) империяға қысқаша реформалар әкелді, бірақ Византия әскерінің жағдайын жақсарта алмаған.
IX Константин тұсында Византия алғаш рет армяндардың Ани қаласын өзіне қосып алмақ болған Селжұқ әскерлерімен бетпе-бет келеді. 1064 жылы селжұқтар Аниді басып алғаннан кейін Византия империясы онымен бітімге келуді жөн көрді. Мұрагер Константин Х селжұқтардың кезекті шапқыншылығына қарсы тұра алмады. Сөйтіп, Зария (қазіргі Кайсери) мен Армения 1064 және 1067 жылдары селжұқтардың иелігіне өтті.
1068 жылы IV Роман билікке келгеннен кейін әскери реформалар жүргізеді. Ол Кіші Азияға екі рет қосындарын жіберіп, селжұқтарға шабуыл жасайды. Әуелі Алеппо маңындағы қалаларды басып алып, Икониядағы (қазіргі Кония) селжұқтардың қоршауын бұзған византиялықтар көп өтпей жеңіліске ұшырайды. Селжұқтардың жеңісіне қарамастан, сол кездегі сұлтан Алып Арслан Египеттегі Фатимидтер әулетінің қаупіне байланысты Византиямен соғысты жалғастыруға құлықсыз болды. Ол көп ұзамай Византиямен татуласу туралы ұсыныс жасайды. Екі жақ 1069 жылы бейбітшілік туралы келісімге қол қояды.
1071 жылы ақпанда IV Роман селжұқтарға бейбіт келісімді жаңарту үшін елші жібереді. Бұл кезде Алып Арслан өз әскерін Эдессаны қоршауға кетіп бара жатқан екен. Сұлтан Византия елшісімен келісім-шартқа отырған соң, Фатимидтер әскеріне қарсы соғысу үшін қосындарын Алеппоға ауыстырады. IV Роман осы орайды пайдаланып, Арменияға сәтті шабуыл жасап, бұрын Византия айырылып қалған жерлер мен бекіністерді қайтарып алады. Бұл жеңістерден кейін византиялықтар селжұқтардың бетін біржолата қайтаруға кіріседі.
1071 жылы тамызда IV Роман үш рет жорық жасайды. Оның құзырында Шығыс Рим армиясынан басқа, Франк, Нормандия жерлерінен, сондай-ақ қыпшақтардан құралған жалдамалы әскерлері бар еді. Жалпы саны 40 000-нан асатын қуатты қосынды жасақтаған IV Роман өзіне сенімді түрде селжұқтарға қарсы жорықты бастайды.
Селжұқ әскері бұл кезде Сирияның Алеппо қаласында Фатимидтер әскерін қоршап тұрған кезі екен. Алып Арслан византиялықтардың төніп келе жатқан қалың қолына қарсы шығу үшін Алеппо майданына өзінің ұлы Мәлік пен әскери қолбасшы Низамды қалдырып, 20 000 атты әскерді бастап соғысқа кіреді. Тарихи деректерден белгілі болғандай, Алып Арслан өз жауынгерлерін рухтандырып, шайқаста шейіт болудан қорықпайтындығын дәлелдеу үшін сауыттың ішінен кебін киген деседі. Екі жақ 1071 жылы 26 тамызда жоғарыда сөз етілген Манзикертте (қазіргі Малазгирт) бетпе-бет келді.
Әскер саны жағынан селжұқтардан екі есе көп Византия қосындары алдымен шабуылға өтіп, селжұқтардың ортасын жарып кіреді. Селжұқтар шегіне соғыс салады. Византияның шабуылдаушы әскерлері едәуір ілгерілеген тұста, селжұқтың садақшы жасақтары екі бүйірден қыса шабуылға өтіп, жауды жайпап жібереді. Шабуылдап кіргендердің тірі қалғандары шегінуге мәжбүр болады. Осындай қысылтаяң сәтте жалдамалы әскерлердің қатарында соғысып жатқан қыпшақтар майдан даласын тастап, селжұқтарға барып қосылады. Бұл Византия әскерлері үшін үлкен күш жоғалту еді. Осылайша саны көп болғанымен сағы тез сынған византиялықтар селжұқтардан жеңіліп қалады. Бас қолбасшы IV Роман қолға түседі. Мұны өлдіге жорыған тылдағы әскердің басшысы Андроника IV Романның өлгенін айтып жар салып Константинополдағы патша тағына ие болу үшін асығыс шегініп кетеді.
Селжұқтарға тұтқынға түскен IV Романды Алып Арслан өлтірмепті. Бір аптадай қолында ұстап, лайықты құрмет көрсетеді. Әрі Византия билеушісі ретінде Антиохияны, Эдессаны, Иераполисті және Манзикертті және басқа да Анадолы қалаларын селжұқтарға беру туралы уәдесін алады. Екіжақты шарттар жасалғаннан кейін IV Романның жанына қорғаушы әскерлерін қосып беріп, мол сый-сияпатпен еліне қайтарады. Алайда Константинополға қарабет болып барған билеушіні ондағылар қылмыскер ретінде бағалап, екі көзін ойып алып, иен аралға жер аударып жібереді. Ол келесі жылы сүргінде жүріп қайтыс болады.
Осы жеңістен кейін селжұқ түріктері тұтас Анадолы жерін өздеріне қаратып алады. Ал әскери жақтан құлдырап, түрлі экономикалық дағдарыстарға ұшыраған Византияның ішінде үш жылға жалғасқан ішкі соғыс басталады. Бұл империяның күйреуіне әкеліп соқтырған басты себептердің бірі дейді тарихшылар.
Селжұқ мемлекеті ыдырап кеткенімен де оның қол астынан бөлініп шыққан әмірліктер кейін келе Османлылардың гүлденуіне өз үлестерін қосты. Әрі кіші Азия жерінде халықтардың бірігу процесі басталды. Олар қазіргі Түркия түріктері еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет