1. Үй шаруашылықтары қаржысының мәні мен ерекшеліктері неде? Үй шаруашылықтары қаржысының функцияларын баяндандар. 2. Үй шаруашылықтарының ақшалай табыстары мен қаржы ресурстарының мазмұнын және құрамын тұжырымдандар. 3. Үй шаруашылықтары бюджетінің ерекшеліктері қандай? 4. Халықтын тұрмыс деңгейін мемлекеттік реттеу жүзеге қалай асырылады? 5. Арнаулы әлеуметтік қызметтер деп нені түсінеді және олар қандай жағдайларда беріледі? 6. Халықтын кедейлік деңгейіне қандай факторлар әсер етеді? 7. Қазақстанда азаматтардың кәсіпкерлік қызметінің отбасының әл-ауқатына әсерін сипаттандар. 8. Мемлекеттік әлеуметтік трансферттердің рөлі қандай? 9. Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырудың ерекшеліктері неде? 10. Қазақстанда төленетін жәрдемақылардың тізбесін келтіріндер. 11. Халықтың ақшалай шығыстарының құрамы мен құрылымын баяндап беріндер.
V БӨЛІМ. САҚТАНДЫРУ
19-тарау. Сақтандырудың экономикалық және әлеуметтік негіздері
19.1. Сақтандырудың экономикалық мәні және сақтық қатынастарының сыныптамасы
Сақтандыру – қоғамның экономикалық қатынастарының айрықша сферасын бейнелейтін көне категориялардың бірі. Сақтандыру сферасы адам өмірінің, өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық жағын қамтиды. Сақтандыруға түрткі болатын басты себеп – бұл өндіріс пен адам өмірінің қауіп-қатерлі сипаты. Қоғамдық-экономикалық қатынастар адам мен табиғаттың объективті қарама-қайшылықтарының болуымен, қоғамдық өндірістің қатерлі сипатымен байланысты, бұл қатынастардың кездейсоқтық, көп жағдайларда бұрын ойда болмаған сипаты болады. Қоғамдық өндіріс үдерісінде белгілі бір қауіп-қатердің болуымен байланысты сақтандыру кезінде ақшалай қайта бөлгіштік қатынастар пайда болады. Қоғамдық өндіріс үздіксіздігінің объективті талаптары, бір жағынан, қорғану, осы тәрізді жағдайлардың ұнамсыз салдарларынан сақтану және басқа жағынан, бұл құбылыстардан болған шығасыларды өтеу қажеттігін тудырады. Сондықтан өндірістік үдерістерді жалғастыру, азаматтардың жекелеген санаттарының өмір тіршілігі мен әл-ауқатын қолдап отыру мақсатында оларды сатып алу үшін қоғамның, жеке өндірушілердің, олардың топтарының (салалық немесе аумақтық аспектілерде) натуралдық-заттай босалқы қорларын да немесе резервтерін де, сондай-ақ ақшалай ресурстарды да кіріктіретін қажетті қаражаттары болуы тиіс. Мұндай ақшалай қаражаттар әдетте резервтік және сақтық қорлары түрінде қалыптасады.
Қолайсыз табиғи, дүлей күштердің, кездейсоқ жағдайлардың, өндірістік факторлардың және ақшалай жарналардың есебінен залал шығасылардан шеккендерді өтеу іс-әрекетімен байланысты экономикалық қатынастар дербес сақтандыру категориясына бөлінеді.
Сақтандырудың мақсаты қоғамдық ұдайы өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтарды, мүліктерді, өндірістік үдерістерді қоғамдық және ұжымдық қорғау болып табылады.
Сақтандыру категориясы үшін мына белгілер (ерекшеліктер) оған тән болып келеді:
1) қатынастардың ықтималдық сипаты;
2) қатынастардың төтенше (жай емес) сипаты (кез келген ауқымдa мемлекеттік, өңірлік деңгейде, кәсіпорын немесе оның бөлімшесі, жеке адам деңгейінде).
Сақтандыру категориясының қаржылық категориямен ортақ өзгеше белгілері бар:
сақтық қатынастарының ақшалай сипаты;
сақтандырудың қоғамдық өнімнің құнын қайта бөлуге қатысуы;
оның іс-әрекеті ақшалай қорларды жасап, пайдаланумен қосарланып отырады;
сақтық қатынастарының бір бөлігінің міндетті сипатының болуы;
ақшалай қорларды жасап, пайдалану кезіндегі сақтық баламалығы барлық жағдайда бола бермеді (қатынастардың баламасыздығы).
Сақтандыру шеңберінде мемлекет сақтық ресурстары меншігінің субъекті болып келетіндіктен сақтандыру жалпы мемлекет қаржысының құрамды бөлігі болып табылады, қалған барлық жағдайларда сақтық ісін (қызметті, бизнесті) экономикалық жүйе шеңберіндегі айрықша сақтанушы немесе оның қайта бөлу үдерістерін жүзеге асыратын арнаулы қаржы-кредит институты ретінде қарауға болады.