ҚЎлпыбаев с



бет30/314
Дата13.11.2022
өлшемі3 Mb.
#49826
түріОқулық
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   314
Байланысты:
каржы-кулпыбаев-2007-1

қаржылық резервтердi жасау (бюджет жүйесiнде кiрiстердiң шығыстардан және салалық қаржыларда қаржылық резервтердiң асып түcyi);
мемлекет пен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң арасында қаржылық ресурстарды оңтайлы бөлу.
Экономиканы дамыту және Қазақстанның pыноктық реформаларын тереңдету бағдар­ламаларында экономиканың қаржылық жағдайын сауықтыру және ақшалай-кредиттік саясатты жандандыру, отандық өндiрушiлердiң үлесiн кеңейте отырып тұтыну рыногын дамыту, өндiрic тұрақтылығын қамтамасыз ету, шаруашылық байланыстарды нығайту жөнiндегi шаралардың кешенi қарастырылған. Рыноктық қатынастарды дамытудың негiзгi бағыттары мыналар болып табылады: инфляцияны ең аз деңгейде ұстay, экономиканы монополиясыздандыру, кәсiпкерлiк пен бәсекенi, рыноктық инфрақұрылымды дамыту.
Осы бағдарламаларға сәйкес рынокқа көшу кезеңiндегi қаржылық саясат пен қаржы жүйесiнiң қызметi қажеттi қаржылық ресурстарды алуға, оларды бюджетке, басқа мақсатты қорларға толық және уақтылы жұмылдыруға, әлеуметтік және экономикалық дамудың бағдарламалары мен жоспарларында қарастырылған шараларды қаржыландыруға және материалдық, еңбек және қаржылық ресурстарды мақсатты және ұтымды пайдалануды бақылауға бағытталған. Бұл мақсаттар тұрақты экономикалық өсудi қамтамасыз ету негiзiнде республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуын қаржымен қамтамасыз ету қажеттiгiнен туындайды.
Қаржылық саясат қазiргi кезеңде қарама-қайшылықты мiндеттердi шешедi, демек, қаржылық саясат баланстанылған болуы тиіс. Қазiргi жағдайда қаржылық саясаттың негiзгi бағыттары мыналар болып табылады:
1) шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қаржысының сферасында рыноктық қатынастарды нығайту жөнiнде шаралар жүргізу;
2) дағдарыстық жай-күйдi жою және қаржы жүйесiн сауықтыру;
3) халықты әлеуметтiк қорғау жөнiнде шаралар кешенiн жүргізу.
Таяудағы мaқсaт ретiнде – мемлекеттiк бюджет теңгерiмдiлiгiне жету және экономиканы тұрақтандырудың негiзiнде ұлттық шаруашылықтың қаржылық жағдайын сауықтыру проблемасын шешу.
Қаржылық саясат – шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қаржылық саясатын, қаржы рыногының, сақтандырудың саясатын қоса алғандағы саясаттың жалпы бағыты. Қаржылық саясаттан фискалдық саясат – яғни мемлекет­тiң салықтық-бюджеттік саясаты бөліп көрсетіледі..
Қаржылық саясат мемлекет қызметінің салық салу және экономикаға ықпал ету мақсатымен мемлекет шығыстарының құрылымын реттеу саласындағы (фискалдық саясат) және бюджеттi реттеу саласындағы eкi өзара байланысты бағыттарынан тұpaды.
Мемлекеттің салықтық-бюджеттік саясатының және экономикалық үдерістерде оны іске асыру механизмінің кешенді ұғымы деп түсінілетін «фискалдық саясат» термині батыстық теориялық тұжырымдамалары мен практикасынан алып пайдаланылған. Фискалдық саясат ең маңыздысы мемлекеттiк бюджет болып табылатын орталықтандырылған мемлекеттiк қорларды толықтырумен байланысты. Фискалдық саясат салықтық төлемдерді алу, «қоғамдық тауарларды» өндіpy кезінде ресурстарды орналастыру, оларды бөлу, ақшалай қаражаттардың трансферттік ағындарының қозғалысы жөнiндегi бөлу және қайта бөлу әpeкeттepін, үкімет пен жергілікті органдардың экономикалық және әлеуметтiк сфераларда қаржыны пайдалану жөнiндегi басқа іс-қимылдарын қамтиды.
Фискалдық саясат дuскредuцuялық* саясат ретiнде, яғни ұлттық өндірістің нақтылы көлемін, жұмыспен қамтылуды (жұмыстылықты) өзгерту, инфляцияны бақылау, экономикалық өсудi тездету мaқcaтымен мемлекеттiң салықтарымен және шығыстарымен саналы айла-шарғы жасау ретiнде жүргiзiледi. Экономи­калық циклдiң сипатына қарай ынталандырушы немесе тежеушi фискалдық саясат жүргiзiлуi мүмкін. Дискредициялық емес фискалдық саясат автоматтық немесе «кіріктірме тұрақтандырғыштардың» (кіріктірме тұрақтылық») ic-әрекетiн қажет етедi. Бұлай деп экономикалық циклдiң түрлi фазаларындағы – өрлеу немесе құлдырау фазаларындағы ұлттық өнім көлемiне теңбе-тең түрде мемлекет шығындарының және салық алудың түрленуі ұғынылады.

__________________________


* Дuскредuцuялық – өз білгенінше қимылдауы (яғни қандай бір мәселені мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның өз білгенінше шешуі)
Қаржылық саясаттың бағыттары экономикалық үдерiстердi реттеумен байланысты болатын экономuкалық саясатты да кipiктiредi. Сондай-ақ бюджет тапшылығына қатысты фискалдық саясатты айырады (бұл мәселелер оқулықтың 14 және 20 тарауларында толығырақ баяндалған).
2004-2008 жылдары Қазақстанда Үкіметтің орта мерзiмдi кезеңге – 3 жылға арналған жыл сайын елдiң дамуының өзгермелi iшкi және сыртқы жағдайларына қарай негiзгi параметрлер мен ic-шаралар нақтыланып
отыратын фискалдық саясат жасалды. Бұл ретте фискалдық саясаттың және оның құpaмды бөлiктерiнiң – салықтық, бюджеттік саясаттардың, мемлекеттiк қарыз алу саясатының, сондай-ақ оларды жүзеге асыру механизмдерінің мақсаты мен міндеттері түзетіліп отырды.
Мәселен, 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімі фискалдық саясат жөніндегі үкіметтік бағдарламада бұл саясаттың негізгі мақсаты ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, шығыстырдың деңгейін көбейтпей, олардың тиімділігін арттыру есебінен мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтетін мемлекеттік басқарудың институционалдық негізін нығайту және жаңғырту жолымен елдің экономикалық өсуін тездетуге жәрдемдесу болып табылады.
Қойылған мақсатқа жету үшін мына негізгі міндеттер шешілді:
нәтижеге бағытталған бюджеттендіру әдісін енгізу мақсатымен бюджет заңнамасын жетілдіру, бұл мемлекет шығыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға, бюджет жоспарлары мен дамудың стратегиялық орта мерзімдік жоспарларын үйлестіруді жүргізуге жәрдемдеседі;
қаржылық есептеменің халықаралық стандарттарына көшуге байланысты салықтық заңнаманы жетілдіру және бухгалтерлік заңнаманы үйлестіру;
адами капиталды, инфрақұрылымды, мемлекеттік басқаруды, инновацияларды өсірудің неғұрлым жоғары көрсеткіштерін ынталандыру есебінен бәсекеге жарамдылықты тұрақты
арттыру;
нақтылы нәтижеге жету және аралық (жыл қорытындысы бойынша) нәтижелер мен орта мерзімді мезгілдің өтуі бойынша нәтижелерді қарау үшін жауапкершілікті күшейтумен мемлекеттік органдарда стратегиялық жоспарлауды жетілдіру.
бүркемелі және бейресми қызметті тудыратын және ынталандыратын экономикалық жағдайларды жою жолымен қадағаланбайтын экономиканың барлық құрамдас бөліктері бойынша оның деңгейін төмендету.
макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканың өсу қарқынының кенет төмендеуіне және қаржы жүйесі дағдарысының тереңдеуіне жібермеу.
Бұдан басқа, фискалдық саясат мемлекеттің жалпы экономикалық саясатының аса маңызды құрамдас бөлігі бола отырып, жоспарланатын кезеңде инфляцияның орташа жылдық денгейі бойынша белгіленген дәлізді қолдануға, төлем балансының тұрақтылығына, тауарлар мен қызметтерді түпкілікті тұтынудың және капитал қорлануының өсуіне көмектесетін болады.
Фискалдық саясаттың міндеттері мына негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
салық заңнамасы мен әкімшілік етуді жетілдіру;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры арқылы мемлекеттің мұнайлық кірістерін пайдалану механизімін жетілдіру;
бір жағынан, мемлекеттік функцияларды толық көлемінде тиімді орындауды және, басқа жағынан, макроэкономикалық тұрақтылыққа жәрдемдесуді қамтамасыз ететін денгейде шығыс­тарды қолдау;
мемлекет шығыстарының нәтижелігі мен тиімділігін арттыру, соның ішінде бюджеттік үрдістің барлық кезеңдерінде бюджеттік бағдарламаның әдістерін одан ары енгізу арқылы;
дамуға бағытталатын бюджет шығыстарын тиімді қалыптастыру жүйелігін қамтамасыз ету мақсатымен инвестициялық жобаларды даярлау, қарау, іріктеу үдерісін тәртіпке келтіру;
бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, бюджет жүйесінің түрлі деңгейлері арасында кіріс және шығыс өкілеттігін айқын межелеуді белгілеу.


2.2.Қаржылық саясатты жасау

Қаржылық саясат қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуы жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн қаржыны пайдалану жөнiндегi мемлекеттiң нысаналы қызметi, қаржыны басқарудың түпкiлiктi мақсаты, оның нақтылы нәтижесi болып табылады.


Экономикалық дағдарыстан шығу және одан ары серпiндi даму мемлекеттiң сындарлы және негiзгi саясаты арқылы болуы мүмкін. Жүргiзiлiп oтыpғaн қаржылық саясаттың басты субъектi мемлекет болып табылады. Ол қоғамның ұзақ перспективаға арналған қаржысын дамытудың басты бағыттарының стратегиясын әзiрлейдi және алдағы кезеңге арналған мiндеттердi, қаражаттарды және oғaн жетудiң жолдарын анықтайды. Тұтас экономикалық саясат сияқты қаржылық саясатты мемлекет экономикалық заңдардың – қоғамның экономикалық өмірінде мәнді, тұрақты қайталанып отыратын, объективті байланыстардың және өзара тәуелді құбылыстар мен үдерістердің талаптарын негіздей отырып жасайды.
Қаржылық саясатты жасау үдерiсiнде елдiң алдына қойылған мiндеттердiң орындалуы үшiн материалдық жағдайлар қамтамасыз етiледi. Тап сондықтан қаржылық саясат экономика мен әлеуметтiк сфераға ықпал жасаудың белсендi тeтігi болып табылады. Демек, қаржылық саясат қаржылық ресурстарды iздестiрудiң, шоғырландырудың және жинақтаудың және экономикалық саясатпен жасалынатын дамудың бағыттары бойынша оларды бөлудiң мiндеттерiн шешедi.
Тұтас алғанда экономикалық саясат сияқты қаржылық саясатты экономика­лық заңдардың талаптарын негіздей отырып, мемлекет әзірлейді.
Қаржылық саясатты жасауға билiктiң заңнамалық және атқарушы тармақтары қатысады. Қазақстан Республикасында оның конституциялық ерек­шелiктерiне қарай жалпы экономикалық саясат сияқты қаржылық саясатты жасаудағы басымдық Қазақстан Республикасының Президентiне жатады, ол жыл сайынғы Жолдауында ағымдағы жылға және перспективаға арналған қаржылық саясаттың басты бағыттарын анықтайды. Yкiмeт экономиканы дамытудың басты бағыттарын жүзеге асыру және қоғамдағы әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен осы Жолдаудың шеңберiнде ic-қимыл жасауы тиic. Oсыған орай билiктiң атқарушы тармағының бiр бөлiгi ретiнде Үкімет қаржылық саясатты iскe acыpyғa қажеттi заңдардың жобаларын жасайды және оларды қарап, қабылдау үшiн Президентке тапсырады.
Қаржылық саясаттың бағыттары елдiң экономикалық жай-күйiне, шешілетін әлеуметтік-экономикалық және өзге міндeттepгe байланысты болады. Экономиканың дағдарысты жағдайы, бip жағынан, өндiрiстiң құлдырауының тоқтатылуына және өндiрiстi ынталандыруға (мысалы, өндiрушiлерге жекелеген салық жеңiлдiктерi түрiнде), қаржылық ресурстарды экономиканың белгiлi бip салаларына тиiмдi жұмсау мақсатында оларды жұмылдыруға, ал, басқа жағынан, әлеуметтiк бағдарламаларды тежеуге, қорғанысқа жұмсалатын шығыстарды қысқартуға және т.с.с. бағытталған қаржылық саясатты алдын ала анықтайды. Тиiciнше, экономика басқа жай-күйге ауысқанда қаржылық саясаттың бағыттары да өзгерiп отырады.
Қаржылық саясаттың жалпы бағыты экономикалық тиiмдiлiктi арттыруға бағдарлануы және мақсатты қаржылық ресурстардың көлемiн және пайдалану тиiмдiлiгiн өcipy болуы тиic. Қаржылық қайтарым көрсеткiшiнiң өcyi қаржылық саясаттың әсерлiгiн куәландырады. Әрбiр нақтылы жағдайда бөтен тәжiрибенi көшiру пәрмендi нәтиже бере бермейтiндiктен, қаржылық саясатты әзiрлегенде тәжiрибенi ескеру және бұл жағдай үшiн нақтылы жағдайларды пайдалану қажет.
Рыноктық экономика жағдайында ұзақ мерзiмдi ғылыми қаржы болжамдарына негiзделген және қаржылық реттеуiштердiң жүйесiне сүйенiп әрекет eтeтiн тиiстi қаржылық саясат материалдық-заттай, ақша ағындарының күнделiктi әpi перспективалық тепе-теңдiгiне жетудiң, соның негiзiнде қоғамның үдемелi экономикалық өcyiн қамтамасыз етудiң негiзгi өркениеттi әдiсi болып табылады. Ол бiрiншi кезектегi мiндеттердi – мемлекеттiк бюджеттiң тапшылығын азайту, iшкi және сыртқы борышты қысқартy, қаржы рыногын дамыту, қолданыстағы салық жүйесiн жетiлдiру, инфляцияның қapқынын төмендету және т.б. шешу үшiн пайдаланылады. Сонымен бiрге қаржылық реттеуiштердiң жүйесiмен айлашарғы жасау арқылы белгiлi бiр түрде мемлекет пайдаланатын қаржы айналымында жүрген нaқты ресурстар тиiстi қаржылық саясатқа жетудiң негiзгi құралдары бола бастайды.
Қаржылық саясатты нaқты тарихи жағдайларға байланыстыра отырып жасау қажет. Олар қоғам дамуының әрбiр кезеңiнiң өзгешелiгiн, iшкi, сол сияқты халықаралық жағдайдың да ерекшелiктерiн, мемлекеттiң нақты экономикалық және қаржылық мүмкiндiктерiн eскepyi тиic. Қаржылық ресурстардың көлемiне белгiленген және жұмсалған шығындардың тiкелей тәуелдiлiгi жай ғaнa қаржы­лық саналылықтың айғағы болып табылады және шаруашылық жүргiзудiң бар­лық деңгейлерiнде қолдап отырылуы тиiс. Бұл маңызды талапты сaқтамay бюджет тапшылығының, мемлекеттiк борыштың пайда болып, көбеюiне, инфляциялық үдерістерге ұрындыpaды.
Кезең ерекшелiгiн есепке алу оның алдыңғы шаруашылық және қаржылық құры­лыстың тәжiрибесiн, жаңа үрдiстер мен прогрессивтi құбылыстарды, дүние­жүзiлiк тәжiрибенi мұқият зерделеудi де қажет етедi. Ағымдағы кезеңнiң ерекшелiктерiн, экономикалық дамудың толғағы жеткен қажеттіктерін есепке алу негiзiнде қаржылық саясатты дер кезiнде өзгертiп отыру алдыда тұрғaн мәселелердi неғұрлым қысқа уақытта және ең аз шығындармен шешуге мүмкiндiк бередi.
Қаржылық саясат қаржылық ресурстарды шоғырландыруға және зәру мiндеттердi шешуге бағытталған, мемлекеттiң тап осы қоғамдық өндiрiске ықпал eтyiнe мүмкiндiк жасайды. Экономика мен қоғамның әлеуметтік дамуына қаржылық саясаттың ықпал жасауы қаржылық саясаттың ғылыми негiзделген теориясы негiзiнде жүзеге асуын талап етедi. Тек ғылыми көзқарас, саясатты анықтайтын барлық факторларды бiлiп, зерделеу оның салыстырмалы дербестiгiнiң объективтi экономикалық қатынастар тәуелдiлiгiне ұласпауының кепiлi. Экономикалық дамудың тәжiрибесi қаржылық саясаттың экономикадан қол үзуiнiң қатаң экономикалық қиыншылықтарға ұрындыpaтынын, қоғамдық дамудың мiндеттерiн iскe асыруды сөзсiз тоқтататынын дәлелдейдi.
Қаржылық саясат ғылыми зерттемелерге негiзделсе және ғылыми тәсiлдеме қаржылық саясаттың нақтылы қаржылық қатынастардан үзiлмейтiндiгiне қызмет етсе, онда қаржылық саясат прогрессивтi болуы мүмкін.
Қаржылық саясатты жасаған кезде оның бiрнеше нұсқалары дайындалады. Олардың барлығы сараптық бағалаудан өткiзiледi, неғұрлым оңтайлы нұcқacы Үкіметке жiберiледi. Көп нұсқалы жоба математикалық моделдеу мен жобалауды пайдалануды талап етедi. Мұнымен бiрге үнeмi өсiп отыратын қаржылық ресурстардың босалқы қорын жасау қажет, сондай-ақ мемлекеттің шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң табыстарын алудың неғұрлым оңтайлы үлестерiн анықтау қажет. Қаржылық саясатты жасаған кезде қаржылық ресурстарды бөлуге және оларды негiзгi бағыттарға шоғырландыруға үлкен маңыз берiледi.
Таңдап алынған қаржылық саясаттың дұрыстығы, сөзсiз, елде қалыптасып отырған экономикалық жағдайды сыни бағалауға, экономикалық теорияның «алтын ережесiн» сақтауға – болжамдар мен ұсыныстapды әзiрлеу кезiнде экономикалық жағдайды объективтi бағалауға байланысты болады. Оның үстіне бұл аса маңызды, өйткенi дамудың жалпы үрдiсi қаржы жүйесi арқылы, атап айтқанда, әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi бағдарламаларға, табыстардың орташа деңгейiн қолдауға, денсаулық сақтауға, т.с.с. жұмсалатын мемлекеттiң басым шығыстары арқылы ұлттық экономиканы реттеуде мемлекеттiң жоғары рөлi болып табылады.
Елдiң қаржылық жағдайы бiрқатар көрсеткiштермен сипатталады:
1) жалпы қоғамдық өнім мен ұлттық табыс;
2) инвестициялаудың ауқымы;
3) негiзгi капиталдарды жаңартудың қарқындары;
4) еңбек өнiмдiлiгiнiң өcyi;
5) халықтың тұрмыс деңгейi;
6) мемлекет бюджетiнiң тапшылығы.
Cоңғы жылдардағы Қазақстанның қаржы жүйесi мемлекет бюджетiне төленбеген төлемдер­мен сипатталады. Жүйелi төлем қабiлетсiздiгiнiң салдарынан мемлекеттік борышты арттыруға тура келеді.
Тұрақтандырудың қаржылық саясаты өзiне мына мiндеттердi кіріктіреді:
1) инфляцияны тоқтату;
2) бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 2%-ына дейiн төмендету;
3) мемлекеттік борышты ІЖӨ-нің 48%-ына дейiн жеткiзу.
Қаржылық саясатқа ақшалай-кредиттік саясат қосылады. Қаржылық саясат жетiстiктерiнiң
бiрi – Ұлттық банк кредиттерiн беру (эмиссия) жолымен мемлекеттiк борышты жабудан заңнама­лық түрде бас тарту.
Қаржылық саясатқа қойылатын маңызды талап қаржылық саясатты жүргi­згенде, яғни дамудың белгiлi бiр кезеңiнiң негiзгi мiндеттepiн орындауға шаралар бағыттау жолымен қаржы жүйесiнiң барлық буындарында жүргiзiлетiн шараларды келicкенде кешендi көзқарасты сақтау, сондай-ақ экономикалық саясаттың құрамды бөлiктерi арасында қаржы, кредит, баға белгiлеу, жалақы салалары саясатында тығыз өзара байланысты қамтамасыз ету болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   314




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет