Сарайшық қаласы
Сарайшық, Кіші Сарай — орта ғасырларда Алтын Орданың ірі сауда және экономикалық орталығы. Бұл қала Жайық өзенінің қазіргі Атырау қаласынан 50 км жоғары орналасқан. Сарайшық (Сарай-Жүк) қаласының пайда болуын тарихшы ғалымдар 13 ғ., Шыңғыс хан мен Бату ханның шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер 14 ғ. алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнер мен сауда қаласы болғандығы айтылады. Зерттеу барысында «ханның» салу ерекшеліктері анықталды. Сонымен бірге, өткен маусымда бес құрылыс кезеңін анықтауға мүмкіндік алынды. Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылды: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пиала) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларының бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді.
Бозоқ қалашығы
Бозоқ — ежелгі қалашық.
Шамамен VIII ғасырда өмір сүрген. Жергілікті билеушінің ордасы саналған. Бозоқтың гүлденген кезі жергілікті түркілердің арасында қыпшақтардың беделі артқан X — XI ғасырға сәйкес келеді. XI ғасырдың басында бүкіл қазақ даласы қыпшақ мемлекеті болып аталды. Қаланың орналасқан жері туралы алғашқы ақпарат патша армиясының офицері, геодезист И.Шангиннің жазбаларында кездеседі. Бозоқтың аумағы 30 га жерді алып жатыр. Астана қаласының оңтүстік-батыс шетінде Бұзықты көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Қалашық Нұра өзенінің Есіл өзеніне өте жақын ағып келетін тұсында орналасқан. Осы тұста олардың арасын 40 км жер бөліп жатыр. Бұл жер шаруашылық мақсаттарға, әскери-стратег. дайындық өткізуге, керуен жолдарын бақылауға алуға өте қолайлы болған. Бұл ортағасырлық қалашық X — XI ғасырлардағы ескерткіші — аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, сонымен қатар Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болған. Сонымен қатар діни-ғибадаттық шаралар өткізетін және адам аз тұратын маң далада жолаушылар мен сауда керуендеріне географиялық бағдар беретін орталық саналған. XIII — XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды. Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие бола бастады. Мұсылмандар арасында киелі орын саналып, бұл жерде құлшылық етіп, әруақтарды еске алып, ас берілетін болды, ұлттық ойындар ойналып, жарыстар өткізіліп тұрды. Сонымен қатар жолаушылар мен керуендердің дем алып, түнейтін орнына айналды.