Ұлттың оянуы, жетілуі, өркениетті жұрт санатынан орын алуы қай



Pdf көрінісі
Дата03.03.2017
өлшемі196,04 Kb.
#6472

«Алаш ұраны» – ұлттық ояну ұраны 

 

Ұлттың  оянуы,  жетілуі,  өркениетті  жұрт  санатынан  орын  алуы  –  қай 



халықтың  болса  да  басты  мұраты,  ежелгі  арманы.  Қазақ  халқы  –  әзелден 

еркіндікті аңсаған, бостандыққа қол созған халық. 

Қазақтың  XIX  ғасырдағы  әдебиеттіндегі  отарлық  езгіге  қарсы  күрес, 

ұлттық  мүденің  аяусыз  тапталуына  қарсылық  XIX  ғасырдың  бас  кезінде 

ағартушылық ағымның пайда болуына негіз қалады. 

Алғашқы пайда болуында ағартушылық ағым оқу-білімге үндеу сияқты 

көрінеді.  Барлық  керағарлықты  оқу,  білім  арқылы  шешудің  мүмкіндігі 

қарастырылды. 

Екінші  сатыда  –  ұзақ  сонар  ұйқыдан  ояну,  ұлттық  ояну  идеясы 

құнтталды. 

 

Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,  



Бәйге алмас болғанымен жүйрік шаппай. 

Шамаңды қадари хал көрсетсеңші, 

Байғұс-ау, ояңсаншы қарап жатпай, – 

 

деп қамшылайды. 



 

Бұл халді жазғаным жоқ ақын болып, 

Халық тентек, жалғыз өзім мақұл болып. 

Қайғымен хал мүшкілін білдіргенім, 

Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып. 

(Міржақып) 

 

Ұйқышыл жұртты, 



Түксиген мұртты, 

Обыр обып, сорып тұр, 

Түн етіп күнін, 

Көрсетпей мінін, 

Оятқызбай қорып тұр, 

Обыр болса қамқорлық, 

Қайнағаны сол сорың! 

(Ахмет Байтұрсынұлы) 

 

Жаралы құба жонда кім зарлаған? 



Қансырап, қанын жұтып кім сарнаған? 

Қайғылы сар даланы күңіренткен, 

Зарына адам шыдап тұра алмаған? 

Бұл – қазақ, тәңірге зар еткен қазақ! 

Қиналып, қанды азап шеккен қазақ. 

Әйтеуір қанды азаптан құтқарар деп, 

Оқыған азаматын күткен қазақ. 

(Мағжан Жұмабаев) 

 

«Оян  қазақ!»,  «Масаға»  ілесе  Байбатыр  Ержановтың  «Тұр,  қазақ!» 



(1911)  Әбілқасым  Арғынидың  «Жатпа,  қазақ!»  (1918),  Ғалимолла 

Ғалымжановтың «Есіл жұртым!» (1913) кітаптары дүниеге келді.  

Қоршаған ортаға, азғандығын қоғамға, екіжүзді заманға өшпенділікпен, 

сенімсіздікпен  қарау  белең  алды.  Бодандық  қамыты  тырп  еткізбей 

қылқындырғанымен  азат  ойға  ұмтылу,  күллі  алаштық  асыл  идея  төңірегіне 

топтасу ниеті айқындалып келе жатты.  

Осы  кезеңнің  алтын  бағанасындай  ірі  суреткер  Сұлтанмахмұт 

Торайғыров  еді.  Бүгінгі  күннің  көрнекті  тұлғасы  Әбіш  Кекілбаев:  «С. 

Торайғыров – тым ерекше тылсым тұлға: мына дүниеге таң қалуға емес, таң 

қалдыруға  келгендей»,  –  деп  қалай  әдемі  айтқан!  Өзі  өлсе  де,  сөзі  өлмей, 

есімдері  өлең  өлкесінде  мәңгі  бақи  қалып  қоятын  ақын  мыңның  бірі  ғана. 

Уақыт  алға  қарай  зымырай  жүйткігенімен,  ғасырлар  тозаңы  жасыра 

алмайтын,  саф  алтындай  жарқырап,  айналасына  нұрлы  сәулесін  шаша 

беретін  өміршең  тұлғалар  болады.  Солардың  бірі  –  қазақ  өлеңінде  мәрмәр 

тастан қашалғандай Сұлтанмахмұт есімі. 

С. Торайғыров – төтенше өзгерістер мен дүрбелең сілкіністер дәуірінде 

тарих  сахнасына  көтеріліп,  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиетінде  өзіндік 

жол  салған,  шығармаларына  тұтас  бір  дәуірдің  шындығын  сыйғызған 

суреткер. Ол артына өлмес те өшпес мол мұра, қымбатты қазына қалдырған 

ұлы  ақын.  «Ақынның  хаты  өлмейді»  дейді  халық  нақылы.  Осы  дана 

тұжырымды Торайғыровтың өміршең шығармалары дәлелдей түспек. 

Суреткер  шығармаларын  тұтастырып  тұрған  алтын  діңгек  –  қазақ 

халқының  төңкерістер  дәуірінде  өз  орнын  табуы,  күллі  әлемдік  өркениет 

айқасында  жойылып,  құрып  кетпей  елдікті  сақтауы,  сөйтіп  тілі  мен  ділінен 

айырылмай рухы күшті жұрттар санатына енуі. 

Алаш қамын естен шығармай, ұлттың рухани самғауын басты нысанда 

ұстап,  еліне  емірене  қызмет  қылуды  өмірінің  мақсаты  санаған  қаламгер 

мұрасы  егеменді  еліміздің  зерделі,  көшелі  азаматына  айналып  келе  жатқан 

бүгінгі буын үшін тіпті де қымбат, бағалы. 


«Жан  қайда  әділетті  іздейтұғын»  деп  шығармашылық  сапарының 

басталуында  жар  салған  ақын  «басқалар  жоғын  тапқанда,  біздер  қайтіп 

қаламыз» деп толғанады. Уақыт озған сайын ояну жолын шарқ ұрып іздеді. 

 

Анау қырда татар тұр, 



Басқалармен қатар тұр. 

Мынау ойда қазақ тұр, 

Қастарында азап тұр, – 

 

дегенде қазақ тағдыры ұйықтаса түсінен шықпай, оянса есінен кетпей «дертті 



халқына» ем іздеушілік сипаты айқындала бастайды.  

1917  жылы  27  ақпанда  Ресейде  төңкеріс  жеңіп,  патшаның  тақтан 

құлатылғандығы жөніндегі қуанышты хабарды Сұлтанмахмұт Томда естиді. 

«Мұндай  заманда  қазақ  оқығандарының  қазақ  ішінде  болмауы  иттік», 

қараңғылық  тұманы  сейіліп,  ел  өмірі  тұтастай  өзгеріске  түскен  заманда 

халқыммен бірге боламын деп 1917 жылдың 10 наурызында Семей қаласына 

келіп жетеді. 

Бөліп,  астын  сызып  айтуды  керексінетін  шындық  күні  бүгінге  дейін 

Торайғыров  өмірбаянының  дәл  осы  кезеңі  «Алаш»  партиясымен 

байланыстырыла  қарастырылады  да,  пікір  қозғаушылар  бүгежектеп,  жан-

жағына  жалтақтай  қарап,  қаламгер  «адасты»,  «аяғын  шалыс  басты», 

«ұлтшылдар  әуеніне  ерді»  сияқты  ерқашты  тіркестерді  асығыс  тізбектеп, 

сыдыртып өте шығуға әзір тұрды. Жазушы өмірбаянындағы аталмыш кезең, 

әңгіме  желісіне  тартылғанда  қара  бояуды  молырақ  жағуға  бейімділік  – 

қоғамдық  даму  мен  ғылыми  ізденісіне  ізін  қалдырған  тоқырау  заманының 

зардабы.  Әйтпесе,  Алаш  қозғалысы,  «Алаш»  партиясы  халықтың  ең  ізгі 

мұраттарын, көксеген арман-аңсарларын – ұлттық теңсіздікке жету идеясын 

ту етіп көтергені анық. 

Февраль  революциясы  жеңгеннен  кейін  Қазақстанның  жержерлерінде 

облыстық  қырғыз  (қазақ)  комитеттері  құрылды.  Сұлтанмахмұт  Семейде 

ұйымдасқан  қазақ  комитетінің  кіші  хатшысы  қызметін  атқарды.  Комитет 

бастығы  Райымжан  Мәрсековпен  көп  мәселерде  келісе  алмай,  ұзамай 

комитет жұмысынан шығады.  

1917  жылдың  жазында  «Алаш»  партиясының  құрылғандығы 

Орынборда өткен бүкілқазақстандық съезде  ресми жарияланған еді. Ұлттық 

автономия  құруға  ұмтылған  қазақ  зиялыларының  талпынысын  С. 

Торайғыровта  қостады.  Бұл  ретте  оның  «Алаш  ұраны»,  «Таныстыру»,  тағы 

бірен-саран  шығармаларының  жазылуы  кездейсоқ  емес,  қайта  елде  болып 

жатқан  ұлан-ғайыр  өзгерістерге  сергек  ақынның  үн  қосуы  деп  ұғынуымыз 


шарт. Ал «Алаш» партиясы, «Алашорда» үкіметі ұғымдары совет заманында 

құбыжық етіп көрсетіліп келді.  

Ертеректегі  А.  Бочагов,  Н.  Мартыненко,  С.  Брайнин,  Ш.  Шафиро  

еңбектерінде  «Алаш»  партиясының  ұстанған  жолы  мен  қызметі  сыңаржақ 

бағаланып келсе, соңғы уақыттағы В. Григорьев, Ғ. Ахмедов, Қ. Нұрпейісов, 

Т.  Кәкішев,  М.  Қойгелдиев,  Т.  Омарбеков,Б.  Дәрімбетов,  Б.  Қойшыбаев 

мақалаларында  жаңа  толғамдар  белең  алды.  Жалпы,  «Алаш»  партиясы  мен 

Алашорда тарихы объективті бағасын алар сәт туды. Тарихшы ғалымдардың 

толайым тиянақты пікірлері көп жайдың басын ашып, С. Торайғыров тектес 

қазақ халқының адал ұлдарының бетіне жабылған шырмауды айқара ашары 

сөзсіз. Сонда ғана өшкеніміз тірілмек. 

1917 жылдың жазында Сұлтанмахмұт біраз уақыт қымыз ішіп емделуге 

еліне барады. Онда да жайбарақат жата алмай, Семей қаласына кері оралып, 

«Сарыарқа»  газетіне  өлең,  мақала,  очерктерін  жазады.  «Алаш  ұраны»  – 

Алашорданың  гимні.  «Алаш  ұраны»  –  «Алаш»  партиясының,  адамзат 

баласының көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді басынан өткеріп жатқан 

исі  қазақтың  ұраны  еді.  Сұлтанмахмұт  –  елін  емірене,  жұртын  тебірене 

сүйген ұлтшыл азамат. 

Атар таң, батар күнде тек қана ел қамын ойлап еңіренген, ұлтына жан-

тәнімен  қызмет  жасауды  мұрат  еткен  Торыайғыровтай  перзенттің 

аласапыран уақытта бұлқынып тарих сахнасына көтерілуі заңды құбылыс. 

1917  жылдың  20  наурызында  Петроградтан  Әлихан,  Мұстафа, 

Міржақып  «Алаш  ұлына»  атты  мақала  жолдап,  онда:  «Азаттық  таңы  атты. 

Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде 

қаяудай  арман  қалған  жоқ.  Неше  ғасырдан  бері  жұрттың  бәрін  қорлықта, 

құлдықта  ұстаған  жауыз  үкімет  өзгеге  қазған  оры  өзіне  шағын  көр  болып, 

қайтпас  қара  сапарға  кетті»,  –  деп  көңілдегі  қуанышты  зор  шаттықпен 

хабарлады.  Осы  қуаныш  лебі  Торайғыров  өлеңінде  де  жалғасқан.  «Алаш 

ұранындағы»  «жасасын,  алаш,  жасасын»  рефрені  –  бостандық,  азаттық 

идеясының  жасампаздығына  ақынның  қалтқысыз  сенетіндігін  көрсететін 

жанды айғақ. 

С.  Торайғыров  «Алаш  ұранын»  жазумен  шектелмей  өмірінің  соңғы 

жылдары дүниеге келген «Таныстыру», «Айтыс» поэмаларында ұлттық ояну 

жөніндегі асыл ойларын жетілдіре, шымырландыра түсті. Алаш арыстары Ә. 

Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, Ә. Ермеков, сондай-ақ 

қазақтың  кемеңгер  ақыны  Ш.  Құдайбердіұлы  бейнелерін  ғажайып 

суреткерлік құдіретімен көркемдік әлеміне алып шықты. 

Алаш  қайраткерлерінің  ұлтшылдығы  олардың  ортақ  айрықша 

қасиеттерінен  саналады.  1918  жылы  «Алаш»  журналында  жарияланған 


«Ұлтты  сүю»  мақаласында  уақыты  үшін  батыл  ой  тастады  Жүсіпбек 

Аймауытов. 

«Қазақтың  аты  орыстың  атынан  озса,  балуанын  жықса,  шешеннің 

шешені сөзден тоқтаса, мардамсып бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, 

орыс  та  дардияды.  Ноғай  мен  қазақ,  сарт  пен  ноғай  егессін,  олар  да  солай. 

Бұл  әр  жұрттың  қанына  біткен  өзімшілдік,  тұрған  жерін,  өскен  елін,  өз 

тұқымын  басқадан  артық  болса  екен  деген  құрғақ  тілек,  құрғақ  сезім  ең 

төменгі  дәрежедегі  надан  адамда  да  бар.  Бұл  қасиетті  сезім  емес;  үйірін 

сағыну,  жеріне  тарту  хайуанда  да  бар.  Үйренген  тамақ  жеген  жерін  жақсы 

көру – табиғаттың еріксіз каноны. 

Ұлт сүюдің ең төменгі дәрежесі осы. 

Ақылы,  сезімі  ұстарған  қазіргі  мәдениеттің  төрінде  жүрген  адам 

баласын  алсақ,  әр  ұлт  өзінің  өскенін,  өзінің  көркейгенін,  жетілгенін,  өзінің 

қожалығын көксеп, жанын салып, қанын судай ағызып, дүние мүлкін ортаға 

салып,  алысып  жатыр.  Бұған  қарағанда  адам  баласының  өз  мешелділігі 

мәдениет  өрлеген  сайын  күшейіп  келеді.  «Өзіңе  тілегенді  біреуге  де  тіле», 

«адам баласын бауыр тұт» деген көркем тілек далада қалып, тұрмыс күресі, 

қанішерлік  майдандап  тұр.  Ұлты  үшін  құрбан  болуға  шыдағандық  – 

ұлтшылдықтың  осы  күнде  ең  берік  ережесі»,  –  деп  батыл  көсілуі  заманы 

ұсынған  тосын  ой  еді.  Ұлтын  сүюдің  өзгеше  өлшемін  Сұлтанмахмұт 

шығармашылығынан танимыз. 

Бір сөзбен түйгенде, біз бүгін Алаш арыстары армандаған егемен елде 

өмір  сүру  бақытына  иеленіп  отырмыз.  Еліміз  арысты,  ойларымыз  өрісті, 

жастарымыз намысты болғай! 



 

Араб Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет