36.Балуан Шолақ «Ғалия» өлеңінде ғашықтық сезімін қалай жеткізген?
Балуан Шолақтың аты аталғанда еске түсетін бір есім бар.Ол – Ғалия. Ақынның ғашығына арнап шығарған әніне қатысты жиырмаға жуық сөз мәтіні бар. Сол мәтіндерден Балуан Шолақтың сүйіспеншілік лебі анық байқалады.
Сал-серілердің әнмен бірге айтылатын өлеңдері, көбінесе лирикалық сипатта болып келетіні сияқты Балуан Шолақтың «Ғалиясы» да махаббат сырын шертуге арналған.Ақынның бір ғана Ғалияға осыншама өлең арнауы ғашықтық сезімінің шексізсіздігін көрсетеді.Әйтсе де, ақынның қаламының шабытының шарықтауы болған Ғалия, расымене де қандай еді?
«Ғалия» әнін тыңдап отырғанда, өткір мінезді сұлу қыздың «нұр сипаты» көз алдыңа келеді. «Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан» деп қыздың бейнесін эпитеттік метафорамен сипаттайды. Өлеңнің қайырмасында келіп, қайталанып тұратын «Ғалия – ау, бетіңнен, Әппақ қардай етіңнен» деген жолдардан сұлу қыздың нұр дидарын үздік теңеумен бейнелегені көрінеді. Осындай көркемсөз айшықтарын ақын өзінің арман – мұратын, іңкәр сезімін беру үшін шебер пайдалана білген деп ойлаймын. Ғашығының қол жетпес ерекше жан екенін өлеңдегі «айым да сен, күнім де сен» деген метафорамен жеткізсе, қыздың күлімдеп қараған көзқарасына « оң қабағы тартып» қуанатынын айтып, Ғалияны тоқсан құбылтып бейнелейді.
Сонымен қатар, халықтың тұрмыс ерекшелігіне тән көркем бейнелер де ақын өлеңдерінен орын алған. «Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, Ауған түйе секілді бейімдесең» деген жолдар – қазақ ақынының аузынан ғана шығатын бейнелі теңеу.
Өлеңде сұлу қыздың өзіне ғана тән ерке қылығын «бір күн ауру, бір күн сау» деген сөздермен көрсете келе, ғашық жігітті сарсаңға салып қойған тәкәппар мінезін де бейнелейді. Ақын сүйгенінің бұл мінезіне ашуланбайды. «Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың» дей тұра, «қай қылығын қалқаның ұмытарсың» деп сол еркелігіне сүйсінгендігін байқатады. Алып жүректің Ғалияға арналған іңкәрлік сезімі ән – өлеңнің өн бойынан есіліп тұрады.
Қорыта келгенде, сүйгенін әнге қосу – сал-серілер мен әнші –ақындардың бір қыры десек, ақын Ғалия бейнесін көркем тіркестермен бейнелейді. Тағдыр екеуінің махаббатын баянды етпегенмен, кейінгі ұрпаққа өлмес мұра ретінде сырлы да сазды ән қалды. Бұндай әндер қазақ барда мәңгілік жасайды деген сенімдемін.