М. Жолдасбеков



бет12/12
Дата25.11.2023
өлшемі397,56 Kb.
#126360
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
Күлтегін жыры

К Ү Л Т Е Г І Н (үлкен жазуы)

1. Биікте көк Тәңірі,


Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған отырған.
Отырып,түркі халықының ел жұртын
Қалыптастырған, иелік еткен.
2.Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген,
Шығыста – Қадырқан қойнауына дейін,
Батыста – Темір қақпаға дейін жайлаған.
3.Екі аралықта жүрген иесіз көк
Түрктерді осылай қоныстандырған екен.
Білге қағандар екен,
Алып қағандар екен.
Әміршілері де бірге болған екен,
Алып болған екен.
Бектері де, халқы да сенімді екен.
Сол үшін де елін сонша (ұзақ)
билеген екен,
Ел ұстап, төрелік еткен,
Өздері қаза болған.
4.Жылаған – сықтаған:
Әуелі күн шығыстан
Бөклі шөлінің елі,
Табғаш, тибет, авар, үрім,
Қырғыздар, үш құрықандар
Отыз татар, қытай татабылар
Осыншама халық келіп,
Сықтады-жылады.
Осындай сыйлы қағандр еді.
5.Соңындағы інілері қаған болған,
Ұлдары да қаған болды.
Соңындағы інісі ағасындай болмады,
Ұлдары әкесіндей болмады.
Біліксіз қағандар отырған екен,
Жалтақ қағандар отырған екен.
Әміршілері де біліксіз екен,
Жалтақ болған екен.
6.Бектерінің халқының
ымырасыздығынан,
Табғаш халқының тепкісіне
көнгендігінен,
Арбауына көнгендігінен,
Інілі –ағалының дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан
Түркі халқы елдігін жойды,
7. Қағандығынан айрылды;
Табғаш халқына бек ұлдары құл болды,
Пәк кыздары күң болды.
Түркі бектер түркі атын жоғалтып,
Табғаш бектердің табғаш атын тұтынып,
Табғаш қағанына бағынды,
Елу жыл ісін-күшін берді.
8. (олар) ілгері-Күншығыста
Бөклі қағанға дейін шапқылады,
Батыста-Темір қақпаға
дейін шапқындады,
Табғаш қағанына елін-жұртын алдырды.

9. Күллі түркі халқы былай десті:


«Елді халық едім,
Елім қазір қайда,
Кімге ел-жұрт іздермін?

Қағанды халық едім,


Қағаным қайда,
Қандай қағанға күш-қуатым
берермін ?»-десті.
Осылай деп табғаш халқына жау болды.

10. Жауы болып,


Қолдарынан түк келмей,
Қайта бағынды.
Бүйтіп күш-қуатын бергілері келмеді.
Түркі халқы:
«Қырылайық, жойылайық» десті,
Ажалға жылжи бастады,
Көкте түрік Тәңірісі,
Түрктің қасиетті жері, суы
11. Былай депті:
«Түркі халқы жойылмасын» - дейді,-
«Ел болсын», дейді.
Әкем Елтеріс қағанды,
Шешем Елбілге қатынды
Тәңірі төбесіне ұстап
Жоғары көтерген екен.
Әкем қағанға он жеті ер еріпті.
12. Шетте жортып жүр дегенді естіп,
Қаладағылар тауға өрлепті,
Таудағылар төмен түсіпті
Жиналып жетпіс ер болыпты.
Тәңірі қуат бергенсоң
Әкем қағанның әскері
бөрідей болыпты,
Жаулары қойдай болыпты,
Ілгері-кейін аттанып,
жиналыпты, көтеріліпті
13. Қолы жеті жүз ер болыпты
Жеті жүз ер болып,
Елсіреген, қағансыраған халықты,
Күңденген, құлданған халықты
Түркі иелігінен айрылған халықты

Ата-баба мекеніне қайта орнатты.


Төліс, тардұш (тарғы)
14. Жабғы, шад1 сайлапты.
Оңында-табғач халқы жау еді,
Солында – Баз қаған, тоғыз оғуз халқы
жау еді.
Қырғыз, құрықан, отыз татар,
Қытай татабы – бәрі де жау еді.
Әкем қаған осынша жауына
15. Қырық жеті рет аттанды...
Жиырма айқас жасады.
Тәңірі жарылқағандықтан ,
Елдігін елсіретті,
Қағандығын қағансыратты.
Жауын бейбіт етті,
Тізеліні бүктірді,
Бастыны еңкейтті.
Әкем қаған сөйтіп ел-жұрт құрып,
16. Дүниеден Тәңірге қайтты.
Әкем қағанның басына
Баз қағанның балбалы қойылды.
Оның елінің үстіне
Ағам қаған болды.
Ағам қаған болып,
Түркі халқын көркейте түсті,
Көтерді.
Кедейді бай қылды,
Азды көп қылды.
17. Ағам қаған болғанда.
Өзім тардуш халқына шад болдым.
Ағам қағанмен бірге ілгері-
Жасыл өзеніне,
Шаңтұң жазығына дейін аттандық.
Кері- темір қақпаға дейін аттандық.
Көгменнен аса қырғыз жеріне дейін
аттандық
18. Бас-аяғы жиырма бес (рет) аттандық.
Жиырма үш рет соғыстық.
Елдігін әлсіреттік,
Қағандығын қансыраттық.
Тізеліні бүктірдік,
Бастыны еңкейттік,
Түргеш ханы түркіміз,
өз халқымнан еді.
19. Білместігі үшін,
Бізге жауыздығы үшін қағаны өлді,
Әміршілері, бектері және өлді
Он оқ халқы азап көрді.
Атамыз, бабамыз ұстанған
Жер-су иесіз болмасын деп,
Аздарды халық етіп құрап,
20. Оларға Барс бек болды,
Қаған атағын оған біз бердік.
Қарындасымды – қаған қызын бердік.
Өзі жаңылды, қағаны өлді,
Халқы күң, құл болды.
Көгімен жер – суы иесіз
қалмасын дедік.

Аз, қырғыз халқын жинап,


Келдік, соғыстық.
21. Елін қайта бердік.
Ілгері Қадырқан қойнауынан аса,
Халықты осынша қондырдық,
осынша еттік,
Кері – Кену тарманға дейін
түркі халқын,
Осынша қондырдық, осынша еттік.
Ол шақта құл – құлды болған еді,
Күң – күңді болған еді,
Інісі ағасын білмес еді.
Ұлы әкесін білмес еді.
22.Сонша иелік еткен ел –
жұртымыз осындай еді.
Түркі, оғыз бектері, халқы тыңдаңдар!
Төбеңнен тәңірі баспаса,
Астыңнан жер айрылмаса,
Түркі халқы, ел – жұртыңды
кім қорлайды?
23. Түркі халқы, өкін !
Бағынғаның үшін (өзіңді) көтерген
қағаныңа,
Қасиетімен, ісімен жақсы еліңе
Кінәлісің, жаман шатастың.
Қарулылар қайдан келіп,
Тағы (сені) құлдыратты?
Найзалылар қайдан келіп,
Тағы сені ыдыратты?
О, қасиетті Өтүкен
қойнауының халқы, бостың.
24. Біресе ілгері шаптың,
Біресе кері шаптың
Барған жерде не пайда таптың?
Қаның судай құйылды,
Сүйегің таудай үйілді,
Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды,
Білместігіңнен, нашарлығыңнан,
Ағам қаған дүниеден өтті.
25. Басына қырғыз
қағанының балбалын тіктім.
Түркі халқының атақ – даңқы
Өшпесін деп,
Әкем қағанды,
Шешем қатынды
Көтерген Тәңірі,
Ел берген Тәңірі,
Түркі халқының атақ – даңқы
Өшпесін деп,
Мені қаған етіп отырғызған еді.
26.Ең болмаса бай
халыққа отырмадым.
Іші ассыз,
Сырты тонсыз1
Бейшара, мүсәпір халыққа отырдым,
Інім Күлтегінмен ақылдастық.
Әкеміз, ағамыз құрған халықтың
Аты, даңқы өшпесін деп,
27. Түркі халқы үшін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Інім Күлтегінмен бірге,
Екі шадпен бірге
Өліп – тіріліп жерді ұлғайттым.
Біраз ұлғайтып,
Біріккен халыты өштестірмедім.
Мен өзім қаған боп отырғанда,
28.Жер – жерден босыған халық
Өліп – жітіп,
Жаяу – жалпы
Келіп жатты.
Халықты көтермек боп:
Терістікте – оғуз халқына қарсы
Шығыста – қытай, татабы хал –
қына қарсы,
Түстікте – табғашқа қарсы
Көп қолмен он екі жорық жасадым.
29.Сөйтіп Тәңірі жарылқады.
Бағым болғандықтан,
Сәті түскендіктен,
Өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты тонды,
Кедей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым.
30. Төрт бұрыштағы халықты
Бәрін бейбіт қылдым,
Тату қылдым,
Бәрі маған бағынды.
Ісін – күшін беріп, осыншама
ел жинап,
Інім Күлтегін өзі қайтыс болды.
Әкем қаған өлгенде
Інім Күлтегін жеті жаста қалды.
31. Он жаста Умай текті
шешемнің бағына
Інім Күлтегін ер атанды.
Он алты жасқа (келгенде)
Ағам қағанның ел – жұртын
сонша молайтты.
Алты чуб, соғдаларға қарсы
Аттандық, талқандадық.
Табғаш, Оңтұтықтың бес мың
әскері келді,
Соғыстық
32. Күлтегін жауға жалғыз
ұмтылды.
Оңтұтықты қарулы басшыларымен
қолға түсірді.
Қарулыларды қағанға еншіледі,
Ол әскерді сонда талқандадық.
Жиырма бір жасында
Чача Сенүнмен айқастық.
Ең ілкі Тадықын чурдың
Боз атын мініп шапты,
Ол ат сонда өлді.
33. Екіншіде Ышбар Ямтардың
Боз атын мініп шапты,
Ол ат сонда өлді.
Үшіншіде йегін Сілікбектің
Ерттеулі торы атын мініп шапты,
Ол ат сонда өлді.
Қаруына, сауытына жүзден
артық оқ тиді.
Барлаушының басына бір де
дарыған жоқ.
34.Оның шабуылын түркі бек –
тері, жақсы білесіңдер!
Ол әскерді сол
жерде талқандадық.
Осыдан кейін Байырқылық ұлық
Еркін (бізге) жау болды.
Оларды батыр талқандап
Түргі йарғын көліне қудық.
Ұлық Еркін аз ғана ерлермен қашты.
35. Күлтегін жирма алты
жасқа (келгенде)
Қырғыздарға қарсы аттандық.
Найза бойы қардан өтіп,
Көгмен қойнауынан асып,
Қырғыз халқын ұйқыда бастық.
Қағанымен Сұңа
қойнауында айқастық.
Күлтегін Байырқының
Ай айғырына мініп,
Шабуылға ұмтылды.

36. Бір ерін оққа ұшырды,


Екі ерін найзаға шаншыды.
Осы шабуылда Байырқының
Ақ айғырының белі үзілді.
Қырғыз қағанын өлтірдік,
Елін алдық.
Сол жылы түргешке қарсы
Алтын қойнауынан асып,
37. Ертіс өзенін кеше жорыттық.
Түргеш халқын ұйқыда бастық.
Түргеш қағанының әскері
Болшыда
Отша, бөріше келді,
Соғыстық.
Күлтегін Башғы боз атқа
мініп шапты.
Башғы боз жарады
38. Екеуін өзі құртты,
Сосын тағы кіріп,
Түргеш қағаннының әміршісін,
Аз тұтықтың елін алды.
Қағанын сонда өлтірдік,
Елін алдық.
Түргеш халқының бәрі бағынды.
Ол халықты Табарға қондырдық.
39. Тағы жылжып, сағданы халық
етпек боп,
Інжу өзенін кешіп,
Темір Қақпаға дейін аттандық.
Одан соң бүкіл түргеш халқы
жау болды.
Кеңерестерге қарай барды.
Біздің әскер аты арық,
жемі жоқ еді.
Қорқынышты кісілер,
40.Алып кісілер бізге
шабуыл жасады.
Сол мезетте өкініп,
Күлтегінді шағын
қолмен жібердік.
Жойқын соғыс жасапты.
Алып Шалшы ақ атқа
мініп шауыпты.
Баршасы түргеш халқының
Сол жерде өлім тауыпты.
41. Тағы да жылжып,
Құшы Тұтықпен айқасты.
Ерінің бәрын жайқапты,
Үйін, мүлкін
Қалдырмай түгел әкепті.
Күлтегін жирма жеті жасында
Қарлық халқы еркіндіктен
жау болды.
Тамағ шыңында соғыста
42. Күлтегін сол соғыста
Отыз жаста еді.
Алып Шалшы ақ атқа мініп,
шабуылға ұмтылды.
Екі ерін найзамен шанышты.
Қарлықтарды қырдық, алдық.
Аз халқы (бізге) жау болды.
Қара көлде соғыстық.
Күлтегін отыз бір жаста еді,
43. Алып Шалшы атын мініп,
Шабуылға ұмтылды.
Аздардың ел басшысы тұтылды.
Аз халқы сонда жоқ болды.
Ағам қағанның елі
Бүлікшіл болғанда,
Халқы күншіл, кекшіл болғанда
Ізгі халқымен соғыстық.
Күлтегін алып Шалшы атын мініп,
44. Шабуылға ұмтылды,
Ол ат сонда құлады,
Ізгіл халқы қырылды.
Тоғыз оғыз халқы өзіме тән
халық еді,
Жер – көктің
бұлқан – талқандығынан
жау болды;
45. Бір жылда бес жолы шайқастық.
Ең ілкі Тоғу кентінде шайқастық.
Күлтегін Азман ағын мініп,
Шабуылға ұмтылды.
Алты ерін шанышты,
Шақаста жетінші ерін қылыштады.
Екінші (рет) Құшлағақта
Едіздермен шайқастық.
Күлтегін Аз қарагерін мініп,
Шабуылға ұмтылып,
Бір ерін шанышты,
46. Тоғыз ерін қуып тақымға басты.
Едіз халқы сонда қырылды,
Үшінші (рет) Бол..да
Оғыздармен соғыстық.
Күлтегін Азман ағын мініп,
Шапты, талқандады.
Әскерін жеңдік,
Елін алдық.
Төртінші (рет) Чуш үстінде соғыстық.

47. Түркі халқының аяғы әлсіреді,


(өзі) жаман қалжырады.
Оза келген жау әскерін
Күлтегін қуып,
тоңра руынан шыққан он ерді,
Тоңатигінді жерлеген жерде
Қуып жетіп өлтірдік
Бесінші (рет) Езгенті Қадазда,
Огуздармен соғыстық.
48.Күлтегін Аз қаракерді
мініп шапты.
Екі ерін шаншты,
(Бірақ) қалаға бармады,
Ол әскер сонда қырылды,
Мағы қорғанында қыстап, жазына
Оғыздарға қарай
әскермен жылжыдық.
Күлтегін бек-
бастаушымыз-құтымыз.
Оғыздардың ордасына кірді.
49. Күлтегін Өгсіз ағын мініп,
Тоғыз ерін шаншты.
(Бірақ олар) Орданы бермеді,
Шешем-қатын, (онан соңғы аналар)
Жеңгелерім, келіндерім, ханымдар,
50. Өзім қайғырдым.
Тағдырды тәңірі жасар,
Адам баласы бәрі өлгелі туған.
51. Қайғырғаным соншама,
Көзге (ыстық) жас келер,
Көңілге ауыр шер келер,
Шексіз қайғырдым,
Қатты қайғырдым:
Екі шад, бүкіл жеткіншектерім(нің,)
Ұландарым, бектерімнің
Халқым(ның)
Көзі-қасы әз болар деп қайғырдым
Жылаушы - сықтаушы:
Қытыай татабы халқын бастаған

52. Удар Сеңүн келді:


Табғаш қағаннан
Ісиі Лікең келді.
Он мың сый, алтын,
Есепсіз күміс әкелді.
Тибет қағанынан Бөлен келді.
Арттан – күнбатыстан
Соғда Бершекер,
Бұхар ұлыстарының
халқынан - Нең Сеңүн,
Тархан ұлы келді.
53.Он оқ ұлым, түргіс қағанынан
Макраш таңбашы
Огыз білге таңбашы келді.
Қырғыз қағаннан
Тардуш Ынаншы чур келді.
Мазар тұрғызуға,
Өрнектеген жазба тасты тұрғызуға
Табғаш қағанының зергершісі-
Чаң-Сенүи келді.
Күлтегін қой жылы, он жетінші
күні өлді.
Тоғызыншы айдың жирма
жетісінде жерледік.
Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын
мешін жылы жетінші айдың жиырма
жетісінде тегіс аяқтадық.
Күлтегін өлгенде қырық жеті
жаста еді.
Тас өрнектеуге көптеген бәдізшілер,
тойғұндар, елтеберлер (де) келтірілді.

ТОНЫКӨК (VIII ғасыр)


1.Білге Тоныкөк, мен өзім,
табғаш елінде тәрбиелендім.
Түркі халқы (ол кезде) табғаштарға
бағынышты еді.
2.Түркі халқы, ханы болмай,
Табғаштардан ажырады,
хандық құрды.
Хандығын тастап,
Табғашқа қайта бағынды.
Тәңірі (сонда) былай деген екен
Хан бердім,
3.Ханыңды тастап, бағындың
Бағынғаның үшін (басқаға)
Тәірі (сені) өлімші етті,
Түркі халқы қырылды.
Әлсіреді, жойылды.
Түрік – сір халқы жерінде
тіршілік қалмады.
4. Ойда, қырда қалғаны
Жиылып, жеті жүз болды.
Екі бөлігі атты еді,
Бір бөлігі жаяу еді.
жеті жүз кісіні ерткен
5. Ұлығы шад еді.
- Ілесіңдер!- деді.
Ілескен мен едім-
Білге Тоныкөк.
Хан сайласам ше?-дедім,
Ойладым:
Арық бұқаның,
Семіз бұқаның
Артта (барын) білсе де,
6. Семіз бұқаны,
Арық бұқаны –дедім,
Айыра білмес дедім.
Осылай ойладым.
Сөйтіп, Тәңірі ақыл берген соң
Өзім оны қаған еттім.
Білге Тоныкөк – бойла
баға тарқанмен
7.(Мен, Елтеріс, қаған
болайын) деді.
Түстікте – табғашты,
Шығыста – құтаңды,
Терістікте – оғызды өте көп қырды.
8.Ақыл иесі,
Сөз иесі мен болдым.
Шұғай құзында,
Қара құмда отырушы едік,
Киік жеп, қоян жеп отыршы едік.
Халық тамағы тоқ еді,
Жауымыз тегіс жыртқыш
құстай еді,
Біз жемтік едік.
Осылай отырған шақта
Огуздардан елші келді,
9. Елші сөзі мынадай:
Тоғыз оғыз халқына хан
сайланды,-деді.
Табғаштарға Күн Сеңүнді жіберді,
Құтандарға Таңра Семді жіберді
Сөзді былай жіберді:
Аз ғана түрік халқы көшпелі еді,

10. Қағаны алып еді,


Ақылгөйі білгір еді.
Ол екі кісі тірі тұрса,
Сені-табғаты қырады,-депті,
Шығыста-құтаңды қырады,- депті,
Мені – оғызды қырады,-депті.
11.Табғаштар, түстіктен шабыңдар !
Құтандар, шығыстан шабыңдар!
Мен терістіктен шабамын!
Түрк - сір халқының жерін
жат баспасын!
Сол дұшпанды жояйық! – депті.

12. Осы сөзді естіп,


Түнде ұйқым келмеді,
Күндіз отырғым келмеді,
Ақыры, қағаныма өтіндім.
Былай өтіндім:
«Табғаш, оғыз, құтан-
Бұл үшеуі біріксе, біз
13. Өз іші-тысымызды ұстап
қала алмаспыз.
Жұқаны бүктеу - оңай .
Жіңішкені үзу - оңай.
Жұқа қалыңдаса,
(Оны тек) алып бүктейді.
14. Жіңішке жуандаса,
(Оны тек ) алып үзеді.
Шығыста – құтанға,
Түстікте – табғашқа,
Батыста – құрданға,
Терістікте – оғызға
Екі-үш мың қолмен бара аламыз ба?
Осылай өтіндім.
15.Қағаным мен өзім-білге
Тоныкөк өтінген
өтінішімді тыңдады:
Көңіліңдегіше баста,-деді.
Көк Өңүг өзенінен өтіп,
Өтүкен қойнауына бастадым.
Тоғлада2 сиыр көлікті
оғуздар кездесті.
16. Әскері үш мың екен,
Біз екі мың едік,
Соғыстық,
Тәңірі жарылқады, жеңдік.
Өзенге түсті, жеңдік.
Жол үстінде өлді көп.
Сөйтіп, оғуз түгел бағынды.
17.Түркі халқы Өтүкен жеріне,
Мен өзім – Білге Тоныкөкті
Өтүкен жеріне келді дегенді есітіп,
Түстік халықтар, батыстық, терістік,
Шығыстық халықтар келді.
18.Екі мың едік,
Біз екі (бөлек) қол болдық.
Түркі халқы отыратын,
Түркі қағаны отыратын,
Шантун қаласына,
Теңіз өзеніне
(Әлі) жеткен жоқ едік.
Қағныма өтініп, аттандым.
19.Шантуң қаласына,
Теңіз өзніне апардым,
Жирма үш қала талқандалды,
Үйсін бұнтату жұртын жайладық.
Табғаш қағаны жауымыз еді,
Он оқ қағаны жауымыз еді.
20. Бәрінен де күштісі қырғыз
қағаны жауымыз болды.
Ол үш қаған кеңесіп:
Алтын қойнауына жетейік,- десіпті,
Былай кеңесіпті:
Шығыста – түркі қағанын шабайық, десіпті.
Егер де шаппасақ,
Құртады қалайда бізді,
21.Қағаны – алып екен,
Ақылгөйі – білгір екен.
Қайтсек те қыратыны анық;
Үшеуіміз бірігіп аттанайық,
Оларды (сөйтіп) талқандайық,- десіпті.
Түргеш қағаны былай депті:
Менің халқым дайын,-депті.

22. Түрк халқы толқуда – депті,


Огуздар да дағдаруда... депті.
Ол сөзді есітіп,
Түні бойы ұйқым келмеді,
(Күдіз) отырғым келмеді.
Сөйтіп, ойландым ...
...Соғысамыз... дедім.

23.Көгмен жолы жалғыз еді,


Суық дегенді есітіп,
Бұл жол жүруге жарамайды,-дедім...
Жершіл (жігіт) іздедім.
24.Ақырында Шөлді аздан
кісі таптым.
« Өзім Аз жеріненмін, оны біл,-
деді, бір бекет бар, - деді
(Одан өтіп) Ануға барасыңдар.
Сонда қонып (шықсаңдар арғы жағы)
бір аттық 2 болады»,-деді.
Сол жолмен жүрсе
Болар дедім, ойландым,

25.(Ойымды) Қағаныма айттым.


Әскерді жылжыттым,
Аттаныңдар!.. дедім.
Ақтермелден 3 өте аялдаттым.
Атқа қайта қондырып қарды бұздым
Жоғарыға атты жетелеп,
Жаяу, таяқ тіреп шықтық.

26.Төмендегі ерлер жоғары шығып,


Шың басынан әрі астық:
Азаппенен (төмен) түстік.
Он түн дегенде тау етегіне әрең жеттік.
Жершіл жігіт жаңылып, бауыздалды.
Қапаланған қаған (Өзің) бастай
бер, - делі.

27. «Анудың суымен жүреміз»


Сол сумен жүрдік,
Санағалы тоқтадық,
Аттарды ағашқа байладық.
Күн демей, түн демей желіп бардық.
Қырғыздарды ұйқыда бастық.

28. (Жолымызды) сүңгімен аштық.


Ханы, әскері оянды.
Соғыстық.
Шаныштық.
Ханын өлтірдік.
(Біздің) қағанға қырғыз халқы
Бағынды, жүгінді, қайттық.
Көгмен қойнауын айналып өттік,

29.Қырғыздан қайттық.


Түргеш қағанынан елші келді,
Сөз мынадай: оң жағынан қағанға
қарай әскер жіберейік,-депті…
егер аттанбасақ, ол бізді;
Қағаны алып екен,
Ақылгөйі – кемеңгер екен,
Қалай етсек те

30.Бізді талқандары анық,- депті


Түргеш қағаны аттанды, - деді,
Он оқ халқы түгелімен аттанды, деді.
Табғаш әскері де бар деді.
Осы сөзді естіп, қағаным:
«Мен үйге қайтайын», - деді.

31.Қатыны өлген еді,


Соны жерлейін,- деді,
Әскермен (сен) бар,-деді,
Алтын қойнауында күт, - деді.
Әскер басы – Інел қаған.
Тардуш шады барсын… деді.
Өзіме, білге Тоныкөкке, айтты:

32.Қолды өзің баста, - деді.


Жазала, білгеніңді істе,
Мен саған не айтайын (басқа),-деді.
Қол қосылса, күш өсер,
Келмесе егер.
Тіл, сөз1 алып отыр … деді.
Алтын қойнауында тостық.

33.Үш хабаршы келді. Сөздері бір:


Қағаны әскерімен аттанды,
Он оқ әскері түгелімен аттанды, -деді.
Жарыс1 жазығында жиналайық десіпті.
Бұл сөзді естіп,
Бұл сөзді қағанға жібердім:
…Қайтейін ?.. (дедім).
Жауап та келді:

34. …Отыра бер, …депті, …


Асықпа, күзетшіні дұрыстап қой,
Қапыда қалма…депті,
Бөгі қаған маған осыны айтыпты.
Апа – тарқанға жасырын сөз жолдапты: -
«Білге Тоныкөк
Өзі айлакер, өзі пайымды.

35.Әскермен аттанамыз (десе)


құптама !»
Осы сөзді естіп,
Әскерменен жорыққа шықтым.
Алтын қойнауын жолсыз астым.
Ертіс өзенін өткелсіз кештік.
Түн қаттық.
Болшыға таң ата жеттік.

36.Тілші келді, сөзі мынадай:


Жарыс жазығында он мың қол
жиылды…деді.
Бұл сөзді естіп,
Бектердің бәрі қайтайық,

37.Өлімнен ұят күшті,-деді.


Мен былай дедім:
-Мен, білге Тоныкөкпін.
Алтын қойнауын асып келдік,
Ертіс өзенін кешіп келдік.

38.Кім келсе де батыр,-дедім.


(Олар бізді) білмейді.
Тәңір, Ұмай, қасиетті жер-су
Жеңіс берген екен,
Көп (екен) деп неге қашамыз,

39.Абыз деп неге қорқамыз,


Неге басындырамыз ?
Шабамыз!.. дедім.
Шаптық, Қудық.
Екінші күні (тағы) келді,

40.Өртше жанып келді,


Соғыстық.
Бізден екі үш есе артық еді,
Тәңір жарылқағандықтан,
Көп деп біз қорықпадық.

41.Соғыстық.


Тардуш шады айқасқа қатысты.
Жеңдік.
Қағанын тұтқындадық.
Жабғысын, шадын сонда өлтірдік.

42.Елудей ерін тұтқындадық.


Сол түнді ел-елге елші жібердік.
Осы хабарды естіп,
Он оқтың бектері, халқы-бәрі келді.
Бағынды.

43.Келген бектерін, халқын


Жайғастырып жатқанда, біраздаған
Жұрт қашып кетті.
Он оқтың әскерін аттандырдым.

44.Біз де аттандық.


Оларды қудық.
Інжу өзенін кеше,
Тінесі ұлының мекені
Мәңгікөк тауынан (асырып),

45.Темір қақпаға дейін қудық.


Сол жерден қайтардық.
Інел қағанға сол кезде

46.Сұқ бастаған


Соғда халқы тегіс келді.
Ол кезде түрк халқы

47.Темір қақпаға Тінесі ұлының


мекен тауына жеткен еді,
(тау) иесіз екен.
Ол жерде мен білге Тоныкөк жеткен соң.

48.Сары алтын, ақ күміс,


қыз қырқын, бағалы қазына-мүліктер
есепсіз келіп жатты.
Елтіріс қағанның ақылдылығы-
нан, батылдығынан

49.Табғаштармен жирма


жеті (рет) соғысты.
Огуздармен бес (рет) соғысты.

50.Сонда ақылгөйі де мен едім.


Дем берушісі де мен едім.
Елтіріс қаған үшін,
Түрк Бөгі қаған үшін,
Түрік Білге қаған үшін,

51.Қапаған қаған үшін


Түнде ұйықтамадым,

52.Күндіз отырмадым.


Қызыл қанымды төктім.
Қара терімді ағыздым.
Күш-қуатымды аямадым.
Мен өзім ұзақ жорықтарға
да бастадым.
Арқый1 күзетшілерін
молайттым,

53.Кінәлі жауларын алдына келтірдім.


Қағаныммен (бірге ) аттандық.
Тәңір жарылқады!
54.Бүкіл түрк халқына
Қарулы жау келтірмедім,
Атты әскер жолатпадым,
Елтеріс қаған жауламаса,

55. Оған еріп мен де жауламасам,


Елім, халқым жойылар еді.
(Оның) әрекетінің нәтижесінде

56.Еліміз қайта ел болды,


Халқымыз қайта халық болды.
Өзім қартайдым,
Ұлық болдым.
Қандай қағанат болмасын,
оның халқының арасында

57.Пәтуасыз (жалқау,


оңбаған) табылса,
(онда) ол халықтың қанша
соры бар десеңші!

58.Түрк Білге қағанның еліне


(арнап) жаздырдым Мен
Білге
Тоныкөк.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет