Абай сөздері
*
Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша
бітіргендігінен емес.
*
Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
*
Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады,
өшкені де болады.
*
Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі
адамды бұзады.
*
Ер артық сұраса да, азға разы болады; ез аз сұрар, артылтып берсең
разы болмас.
*
Егер ісім өнсін десең, ретін тап.
*
Жаман дос – көлеңке:
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса,
Іздеп таба алмайсың...
*
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген
нәрселермен озады.
*
Аллатағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулімен
өлшеусізді білуге болмайды.
*
...Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз
емес пе?
*
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек.
Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білсін.
*
Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы иттігіңді ішіңнен өз
мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты.
*
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе,
болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір өзіңнен өзің есеп ал!
Достарыңызбен бөлісу: |