Маңғыстау облысының мұнай және газ өндірісі



бет1/20
Дата07.01.2022
өлшемі66,86 Kb.
#17088
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
манғыстау кен орындары


Маңғыстау облысының мұнай және газ өндірісі

Отыз жылдай уақытта жүргізілген терең барлау жұмыстарының нәтижесінде Маңғыстау өте ірі мұнай мен газ қоры бар өлкеге айналды. Облыста 59 мұнай-газ кен орындары игерілуде, олардың 40-ы «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің меншігінде болса, 18-і «Маңғыстаумұнайгазгеология» бірлестігінде. Тек бір кен орны (Қаражанбас) – «Қаражанбастермнефть» мұнай-газ өндіру басқармасына (МГӨБ) қарайды.

Мұнай-газ кен орындары көмірсутектер түріне қарай төмендегідей болып бөлшектенеді: мұнай-газ кен орындары – 23, мұнай кен орындары – 22, газ кен орындары – 14. Кестеден көрсетілгендей кен орындардың басым көпшілігі Оңтүстік Маңғыстауда (41 кен орны) және соған сәйкес мұнай мен газдың алынатын қорлары да (бүкіл облыс қорының 66,5%-ы) осы аймақта. Оңтүстік Маңғыстауға Өзен – Жетібай, Жазыгүрлі, Қарақия мұнай-газ зоналары қарайды. Келесі орында Бозащы түбегі, онда 8 кен орны (қордың 29,8%-ы бар, 3-орында – Үстіртте 4 кен орны қордың 2,5%-ы), соңғы орында Оңтүстік Каспий маңы аймағы, 6 кен орны (қордың 1,2%-ы) бар. Маңғыстау мұнай-газ кен орындары бұрынғы Одақтың кен орындары сияқты қордың мөлшеріне қарай өте ірі (қоры 300 млн. т-дан астам), ірі (қоры 30 – 300 млн. т), орташа (10 – 30 млн.т) және уақ (10 млн. т-ға дейін) болып бөлінеді. Кен орындары қорының мөлшеріне қарай бөлінуін төмендегі кестеден көруге болады.

Ірі кен орындары қорының пайыздық мөлшері: Қаламқас (14,2% қоры бар), Жетібай (13,6%), Қаражанбас (7,5%), Солтүстік Бозащы (6,2 %),Теңге (3,2 %), Оңтүстік Жетібай (2,0 %), Тасболат (1,4 %), Доңға-Еспелісай (1,2 %), Асар (0,8 %). Маңғыстауда мұнай-газ кен орындары палеоген тобынан бастап палеозой дәуіріне дейінгі шөгінділерінде табылғанын келесі кестеден көруге болады.

Кен орындарының көпшілігі юра мен бор дәуірінің тау жыныстарынан табылған (59,3%), сонан кейінгі орынды юра мен триас (27,1%) түзілімдеріне беруге болады.

Ең ескі дәуір палеозойда мұнай көзі Оймаша кен орнында гранит тау жыныстарымен байланысты болса, Елеместе – карбонит теңіз шөгінділерінде табылды.

Қазір триас дәуіріндегі өндірістік мұнай мен газ қорлары тек Оңтүстік Маңғыстау алаңдарынан табылып отыр. Триастың әрбір үш бөлімшелерінде құнарлы қабаттар барлығы дәлелденді. Олардың ішінде орта триастың мұнайлылығы мен газдылығы, басқа бөлімдермен салыстырғанда едәуір басым. Осы құнарлы қабаттарда мұнай мен газ кендері ұсақ кеуекті тау жыныстары коллекторларында орналасқан. Триастың құнарлы қабаттары 2900 – 4400 м тереңдікте кездеседі.

Маңғыстау облысының отын қоры ресурсы және оның басым бөлігі юра қабаттарымен байланысты. Оңтүстік Маңғыстау немесе Бозащы, Солтүстік Үстірт және Оңтүстік Каспий маңы аймақтарындағы табылған мұнай-газ кен орындарының көпшілігі юраның құнарлы қабаттарымен байланысты. Олардың тереңдігі әрбір тектоник. зоналарда әр түрлі: Бозащыда 360 м тереңдікте кездессе, Оңтүстік Маңғыстаудың кейбір алаңдарында 2000 м-ден астам тереңдікте кездеседі. Бұл өлшемдердің тек қана сол қабаттардың тереңдігінде ғана емес, олар кейде сол юра қабатының қалыңдығына да байланысты. Оңтүстік Маңғыстауда ол қабаттардың жалпы қалыңд. 1000 м-ден асса, ал Бозащыда ол өлшем 3 – 4 есеге кемиді, яғни олардың қалыңд. 250 – 350 м-ден аспайды. Ал Қаражанбас кен орнының орталық бөлігінде тіпті бұл түзілімдердің қалыңдығы мүлде азаяды. Оңтүстік Маңғыстауда юра шөгінділерінде 13 құнарлы қабат бар.

Олардың ю-1 қабаты жоғарғы юраның бөлігіне қараса, орталық бөлімшеде ю-2-ден бастап ю-12 қабатқа дейін, яғни 11 құнарлы қабат бар, ал ең тереңдегі төменгі бөлімінде тек ю-13 қабат белгіленді. Осы құнарлы қабаттардың қалыңдығы орта есеппен 40 – 75 м шамасында, олар бір-бірінен тығыз және қатты, қалыңд. 10 – 12 м-ден 20 – 25 м-лік сазды тұнбалармен бөлінеді де, мұнай-газ немесе су кендерінің жасақталуына қолайлы жағдай жасайды. Бозащыда құнарлы юра қабаттары осы кезеңнің тек қана орталық бөлімімен байланысты. Осы юра тұнбаларындағы мұнай-газ және жер асты су кен көздері құмтас қабаттарынан орын алады. Соңғылардың ұсақ кеуектігі 13%-дан 36% арасында.

Бор құнарлы қабаттардың қасиеті юра тұнбаларындағы құнарлы қабаттардың қасиетіне сәйкес. Бор қабаттарындағы ашылған кен орындары неокомнан (Бозащы) сеноман (Өзен) кезеңіне дейінгі аралықтағы қалыптасқан түзілімдермен байланысты. Олардың ұсақ кеуектігі 23 – 29% аралығында. Оңтүстік Маңғыстаудағы юра қабаттарының мұнайы аса сапалы, сирек кездесетін, ерекше мұнай +35 – +37С-тың өзінде ұйи бастайтын, төрттен бірі парафинді мұнай жер қойнауында қабаттар қысымымен сұйық күйде сақталғанымен, жер бетіне шыға қоюлана бастайды. Өйткені оның құрамында шайыр мөлшері көбірек, күкіртті қосындылары аз, метанды көміртектері басым. Тығыздығы 0,84 – 0,88. Оның құрамында 15% бензин бар. Бозащы мұнайлары Оңтүстік Маңғыстау мұнайларының құрамынан бөлектеу. Олар күкіртті (2,5%-ға дейін), парафин қоспалары аз (3,6%-ға дейін), асфальт пен шайыр қоспаларының көптігінен (14,8 – 29,9%) тығыздығы жоғары (0,89 – 0,94). Бозащы мұнайы суыққа төзімді (–17 – 27С-та қатады), құрамында ванадий тотықтары кездеседі.

Триас қабаттарының мұнайы тек қана өзіне сәйкес Оңтүстік Маңғыстау мен Бозащыдағы юра қабаттарындағы мұнай қасиеттеріне ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Олардың тығыздығы жеңілдеу (0,81 – 0,86), күкіртсіз, кейде күкірт қоспалары аз (1,3%-ға дейін), парафинді (27,8%), асфальт пен шайыр қосындылары онша көп емес (11,80 дейін), жоғарғы температурада (+38 – +400 дейін) қоюланады.

Мұнай өндіру Маңғыстауда «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің құрылуымен байланысты (қазіргі «Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігі). Осы уақытта ММГ өндірістік бірлестігі қарауында 38 әр түрлі басқармалар мен зауыттары бар мемл. мекемені құрады. Бірлестіктің құрамына осы кәсіпорындардан басқа Қазақтың ғылыми.-зерттеу және жобалау мұнай институты (ҚазҒЗЖМИ) қарайды.

«Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігінің өсу жолындағы басты кезеңдері: 1964 ж. «Маңғыстаумұнай» бірлестігі құрамында Жаңаөзенде «Өзен» мұнай өндірістік басқармасы құрылды (бастығы – Ө.Өтесінов, бас инженері – А.А. Дергачев, бас геологы – А.И. Осадчий).

1964 ж. 19 – 22 мамырда Шевченко қаласыннда (қазіргі Ақтау) мұнайшылар мен мұнай барлаушылардың Бүкілодақтық ғылыми-технологиялық конференциясы болып, Маңғыстау байлығын игеру туралы аса маңызды мәселе қаралды. Оған бұрынғы Одақтың әрбір бірлестіктерінен, ғылыми-зерттеулер институттарының өкілдері қатысты. 10 маусымда уақытша тапсырылған Өзен – Маңғыстау – Мақат т. ж-мен алғашқы Өзен мұнайы Атырау мұнай өндеу зауытына жіберілді. Ақтау – Өзен электр желісі (ЛЭП – 110 кВт) және Сауысқан – Өзен тұщы су құбыры пайдалануға берілді.

1966 ж. мамыр айында Жетібай мұнай өндіру басқармасы құрылды (бастығы Е.Нұржанов, бас инж. С.Қалжанов, бас геолог Б.Әлиев). Сол жылы 10 шілдеде Өзен кен орнынан тұңғыш рет 1 млн. т «қара алтын» өндірілді. Ұз. 140 км болатын Өзен – Жетібай – Ақтау мұнай құбыры пайдалануға берілді. Осы құбыр арқылы Оңтүстік Маңғыстау мұнайы Ақтаудағы теңіз порты арқылы тасымалдануға мүмкіндік алды. Жаңаөзен – Ақтау автомобиль жолы іске қосылды.

1967 ж. ұз. 1500 км болатын дүниежүзілік маңызы бар трансконтиненттік Өзен – Атырау – Самара мұнай құбырларының салынуы басталды. Келесі жылы Жетібай мен Өзен кен орындарынан газды өндіру басталды әрі осы кен орындарында алғашқы газ-лифтмұнай өндіру әдісі қолданыла бастады.

1969 ж. Өзен – Атырау – Самара мұнай құбырының бірінші кезегі – ұзындығы. 711 км болатын Өзен – Атырау аралығы іске қосылды.

1970 ж. Өзен кен орнында құнарлы қабаттарға ыссы су айдайтын дүние жүзінде алғашқы рет тәжірибелі-өндірістік қондырғы өндіріске берілді. Теңге газ кен орнынан өнім өндіру басталды. Мұнда ерекше қондырғылар арқылы газды төм. жылылықпен тазарту қаралды. Бұрынғы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу мұнай институтының Маңғыстаудағы лабораториясының негізімен Ақтау қаласында Қазақтың ғылыми-зерттеу және жобалау мұнай институтының ғылыми бөлімі ашылды.

1971 ж. Жаңаөзен қаласын тұщы сумен қамтамасыз ету мақсатымен Түйесу – Жаңаөзен су құбыры салына бастады. Теңге кен орнынан (1972) өндірістік газ өндіру басталып, Орта Азия – Орталық газ құбырымен тасымалдау іске қосылды. Өзен – Бейнеу газ құбыры өндіріске қабылданып алынды. Мұнай өндірісінде телемеханизацияландыру басталды. Қазақстанда бірінші «Маңғыстаугазөндіру» басқармасы құрылды. Оңтүстік Жетібай мұнай-газ кен орны ашылды.

1973 ж. республиканың тұңғыш газ өңдеу зауыты іске қосылып, Маңғыстауда 0,5 млрд. м3 газды айырып-өңдеу мүмкіндігіне қол жетті. Өзен кен орнының Қарамандыбас бөлігінде мұнай өндіру басталды. Жер асты қабаттарының қысымын өсіру үшін Жетібай кен орнында мұнай қабаттарына теңіз суын айдау басталды. Оңтүстік Жетібай, Асар кен орындары және Бектұрлы мұнай-газ кен орнында мұнай өндіру (1974) іске қосылды. 1975 ж. Өзен кен орнында өндірістік мұнай ісінде алғаш рет мұнай кендеріне термальдық суды өндірумен қатар үлкен қысыммен айдап құнарлы қабаттарды суландыру ісі жүзеге асырылды. Бірлестік бойынша жылдық мұнай өндіру деңгейі ең жоғарғы көрсеткішке – 16343,6 мың т-ға жетті.

Жетібай кен орнында газды төменгі температурамен тазалау қондырғысы іске қосылып, Жетібайдан Өзендегі газ өңдеу зауытына дейін газ және конденсат құбырлары өндіріске тапсырылды. Бұрмаша мұнай және Батыс Теңге газ кен орындары ашылды. 1976 ж. Оңтүстік Жетібайда газ конденсатты кендер пайдалануға беріліп, триас қабаттарынан газ өндірілді. 1977 ж. «Өзенмұнайөндіру» басқармасы «Өзенмұнайгаз» өндірістік басқармасы деп өзгертілді. ҚазҒЗЖМИ институты Өзен кен орнының барлық мұнай кендерін өндіруін қарастырған жоба жасады. Кен қабаттарына ыстық су айдау тәулігіне 1400 м3 жылдамдықпен жер асты жандыру қондырғысы жұмыс істей бастады. Бірлестік бойынша ең жоғарғы жылдық газ өнімі 3,74 млрд.м3-ге жетті.

1978 ж. жер асты ыстық су айдау мақсатымен су қайнату қондырғылары (УВАГ-2 және ПТБ-10) бар пештер өңдіріске қосылды. Шығыс Жетібай мұнай кен орны іске қосылды. Газ конденсатты Терістік Ракуш кен орны ашылып іске қосылып, 53 шақырымдық мұнай құбыры салынып, мұнай мен газ өз қысымымен Жетібайдағы мұнай дайындау қондырғысына түсе бастады.

1979 ж. Құнарлы мұнай қабаттарының қысыммен көтеруге арналған жер асты су айдаудың термальдық-сатылы суландыру әдісі өндіріске қосылып, газ конденсатты Тамды кен орны ашылды. Сол жылы 2 наурызда «Комсомол» мұнай-газ өндіру басқармасы (бастығы Б.Ізтұрғанов, бас инженері Будников, бас геологы А.Мищенко, осындағы алғашқы мұнай өндіру цехының басшысы X.Құсаев) құрылды. Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау мұнай құбыры, 277 шақырымдық Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау жоғарғы вольтты электр жүйесі өндіріске қосылды. Қаламқас кен орнында газды төменгі температуралық әдіспен тазалайтын қондырғылар іске қосыла бастады.

1980 ж. Қаражанбас кен орнында өндірістік пайдалану жұмыстары басталды. Қаламқаста жер асты су айдау жұмыстары жүргізіліп, кен орнында мұнай өндірудің жинақты мөлш. 1,0 млн-ға жетті. Оймаша мұнай-газ кен орны ашылып, ол 1981 ж. мұнай бере бастады, Қазақстанда тұңғыш рет гранит тау жыныстарында мұнай кені барлығы дәлелденді. Қаражанбас кен орнында полимерлік ерітінділер айдау жұмыстары басталды. Ұзындығы 30 км болатын Каспий теңізінің толқынды суларынан қорғаныс бөгеттері салынды. Қызылқұм тұщы су кен орнынан су өндіру үшін Қияқты өндіру бөлімшесі іске қосылды.

1982 ж. Қаламқас кен орнында өндіріс орындарын телемеханизациялау және өндіргіш су айдайтын ұңғымаларды жабысқақ-серпінді қоспалармен өндеу жұмыстары басталды. Тасболат және Батыс Теңге мұнай-газ конденсатты кен орындары пайдалануға қосылып алғашқы мұнай берді. Сол жылы Шынжыр мұнай қоры ашылды.

1983 ж. Өзен кен орнында қабаттық қысымды қолдау (ҚҚҚ) жүйесінде қабатқа су айдау толық орын алды, су айдау көлемі тәулігіне 150 мың м3-ге жетті. Шығыс Жетібайда мұнай өндіру әдісі толықтай газ-лифт жүйесіне ауысты. Бозащыда теңіз суын жинақтау қондырғысы тұрғызылып, Қаламқас – Қаражанбас су құбыры жасалды. Полиакриламидтік қоспаларды құнарлы қабаттарға айдау жұмысы өндірістік-тәжірибе түрінде басталды. 1984 ж. Өзен кен орнында кен қабаттарын алаңдық және мәнерлі суландыру жұмыстары қолға алынды. Асар кен орны газ-лифттік әдіспен мұнай өндіруге толық көшті. Солтүстік Қарақия мұнай және Солтүстік-батыс Жетібай мұнай-газ кен орындары ашылды.

1985 ж. Өзен кен орнында жинақты мұнай өндіру деңгейі 200 млн. т-ға жетті. Ақтас мұнай қоры пайдалануға қосылды. Каменистое мұнай және Сәрсенбай, Пионер газ кен орындары ашылды. Бір жылдан кейін Өзен кен орнында қабаттарды циклдық суландыру енгізіле бастады. Қаражанбас кен орны жаңадан құрылған тәжірибелі-экспериментті «Қаражанбастерммұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына (ТЭ МГӨБ) берілді. Шығыс Нармаул мұнай-газ кен орны ашылды.

1987 ж. Бұрмаша, Алатөбе мұнай кен орындары пайдалануға қосылып, мұнай бере бастады. Құнарлы қабаттарды қолдау мақсатымен Қаламқас кендеріне Еділ суын пайдаланды.

1988 ж. «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасы құрылғаннан бері жинақты мұнай өнімі 50 млн. т-ға жетті. Солтүстік Қарақия мұнай кен орны пайдалануға берілді. Солтүстік Придорожное, Солтүстік Қарамандыбас мұнай және Жарты, Мақат, Шығыс Өзен, Оңтүстік-шығыс Бектұрлы газ кен орындары ашылды.

1989 ж. Придорожное кен орны пайдалануға беріліп, мұнай өндіріле бастады. Батыс Ақтас және Сартөбе, Айрантақыр, Солтүстік Аққар мұнай кен орындары ашылды.

1990 ж. Атамбай мұнай кен орны пайдалануға беріліп, Ащыағар мұнай кен орны ашылды, ал 1991 ж. Айрантақыр мен Ащыағар мұнай кен орындары пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Өзен, Қарамандыбас, Қаламқас, Қаражанбас, Жетібай – Бектұрлы, Асар, Оңтүстік Жетібай, Шығыс Жетібай, Оймаша, Солтүстік Қарақия, Алатөбе, Бұрмаша мұнай-газ кен орындары өндірістік пайдалануда. Придорожное, Ащыағар, Атамбай, Айрантақыр, Солтүстік Аққар кен орындарында байқау және пайдалану жұмыстары жүріп жатыр. Осы кен орындарының ішінде Өзен өзінің қоры жөнінен өте ірі кен орны болып табылады.

Облыс өнеркәсібі кеңес өкіметі тұсында тек мұнай ғана емес, сонымен бірге минералдық тыңайтқыштар, полистирол, былғары шикізаттарын экспорттаушы болды. Бірақ жалпыға ортақ құлдырау, тұралау кезеңдерінде өнеркәсіп өнімдерінің құрылымы шынайы өзгерістерге ұшырады.

Өнеркәсіптік өнімнің жалпы көлемінде кен өндіру саласы өнімдерінің үлесі 1991 ж. 41,5%-дан 2006 ж. 92,5%-ға дейін өсті. Сала дамуының мұндай ерекшелігі облыста мұнай мен газ кен орындарының басым болуы және мұнай-газ өнеркәсібінің жедел әрі қарқынды дамуымен түсіндіруге болады.

Қазіргі уақытта облыста мұнай өндіру көлемінің жыл сайынғы өсу қарқыны сақталуда. Аймақтағы мұнай өндірудің негізгі көлемін «Өзенмұнай» ӨФ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбас», т.б. ірі кәсіпорындар өндіреді.



МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙ ӨНДІРІСІНІҢ ТАРИХЫ

Маңғышлықта мұнайдың бар екенін алғаш айтқан Г.Карелиннің (1801-1872) еді. XIX ғасырдың басында Каспий теңізінің жағалауы зеріттеле бастады. Сол кезде саяси жағдайға байланысты Ресей империясы Қазақстан мен Орта Азияға назар аудара бастаған болатын. Бұл, 1832 жылы Г.С.Карелиннің экспедиция ұйымдастыруына басты себеп болады. Карелин экспедициясы Каспий теңізінің шығыс жағалауына келгенде «Қайдақ» деген жерден мұнай белгілерін байқайды. 1833 жылы мамыр айында оның ұсынысы бойынша патша үкіметі Ново-Александровск бекінісін салады.

   1830 жылдары Маңғышлақта алғаш рет геофизикалық зерттеулер жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде Каспий теңізінің шығыс жағалауы мен Бозащы түбегінің геологиялық картасы жасалды.

   XIX ғасырда киросинге деген сұраныс артады. Осы кезде мұнай кен орындарын ашу ісі кең етек алады. 1846 жылы полковник М.И. Иваниннің басшылығымен Маңғышлақта қайтадан зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Келесі, 1847 жылы экспедиция қорытындысы жәрияланып, онда осы өңірде жер бетіне шығып жатқан мұнай белгілері туралы ақпарат беріледі.

  Бұл ақпараттан соң, Маңғышлақта зерттеу жұмыстары одан әрі өріс алады. Маңғышлақ байлықтарын одан әрі зерттеу үшін 1851 жылы Л.И.Антипов пен И.Рычковтың, 1852 жылы А.Е.Алексеевтің экспедициялары ұйымдастырылады. Одан соң Үстірт пен Каспийдың шығыс жағалауының маршрутын түсіру үшін Н. И. Андрусов пен М.В.Баярунас деген геологтардың экспедициясы ұйымдастырылады.

Ал, бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында Маңғышлақтың геологиясын зерттеумен В. Баярунас басқарған экспедиция айналысады.

   Жиырмасыншы жылдардың соңында Ленинградтың Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтының (ВНИГРИ) экспедициясы келеді. 1934 жылы осы институттың ғылыми қызметкері С.Н.Алексейчик бұл өңірде жерасты жынысы күмбездер тәрізді орналасқанын анықтайды. Бұл мұнай кен орынының бар екенін білдіретін еді.

   Сөйтіп, 1936-1941 жж Маңғышлақтың мұнай кен орындарының үлгісі жасалады.

   Бұл өңірді кешенді зерттеу Б.Дьяков, Н.Черепанов, Н.Трифонов, А.А.Савельев сияқты Ленинградтың Бүкілодақтық мұнай ғылыми-зерттеу және геологиялық барлау институтының (ВНИГРИ) ғалымдары басшылығымен жүзеге асты.

   Қазақстандағы мұнай-газ геологиясын оның болашағына қарай аудандастыру жұмысын Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институты (КазНИГРИ) атқарды.



   1961 жылы 5 шілдеде Жетібай мен Өзен кен орындарында мұнай фонтандары атқылды. Жерастында шоғырланған жатынды контурлау барысында бұл кен орындарына жанжақты сипаттама берді. Осы жылы Оңтүстік Маңғышлақтың мұнай-газ ауданын ашып оны игеруге дайындағаны үшін Д. А. Досмухамбетов, Б. Ф. Дьяков, Ш. Е. Есенов, Е. И. Иванов, Н. А. Калинин, X. Махамбетов, В. Т. Матвеев, В. П. Токарев, Н. И. Черепанов, X. Ж. Өзбекғалиев сияқты мамандарға Ленин сыйлығы берілді.

   Маңғышлақ кен орындарының мұнайы парафины мол мұнай болып табылатын. Ондағы парафиннің құрамы — 20-дан 30% - ға дейін жететін, ал тұну температурасы плюс 30 °С болатын. Ендігі жерде бұл мұнайды өндіріп, мұнай өңдеу зауытына тасу керек болды.

   Тез тұнып қалатын жабысқақ мұнайды тасу қиын шаруа еді. Осыған орай, Қазақстан мұнай министрлігі бұл мұнайды осы жерде өңдеуді ұсынады. Сөйтіп, Шевченко қаласында мұнай өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс жасайды. Өзеннің парафині мол мұнайын айыру үшін бұл жерге тек қана мұнай айыру заводын емес сонымен қоса парафинді өңдеу заводын да тұрғызу керек болды.

   Бұл көптеген шығынды талап ететін. Есесіне парафинді өңдейтін заводтар КСРО-ның орталық аудандарында бар еді. Куйбышев қаласында мұнайдан бөлініп алынған парафинді басқа қалалардағы оны өңдейтін заводтарға тасымалдауға мүмкіншілік көп болды. Осы себепті Мәскеу Маңғышылақ мұнайын өндірген жерде өңдеу керек деген ұсынысты қабылдамай тастады.

   1965 жылы 16 маусымда Маңғышлақ мұнайын тасымалдау үшін «Маңғышлақмұнай» бірлестігі жанынан Маңғышлақ Мұнай-газ өнімдерінің басқармасы (МГМӨП, Управление мангышлакскими нефтегазопродуктопроводами-УМНГПП) құрылды.
   1965 жылы 10 шілдеде алғаш рет Маңғышлақ мұнайы Шевченко-Мақат темір жолы арқылы Гурьев мұнай өңдеу зауытына тасылды.

   Мұнай тасымалдаудың ең тиімді әдісі-мұнайды құбыры арқылы айдау еді. Себебі құбырды барлық жерге төсеуге болады. Және ол арқылы мұнайды үздіксіз айдап отыруға мүмкіншілік бар. Басқа тасымалдау әдісіне қарағанда кездейсоқ шығыны аз, яғни тасымалдау кезінде аз төгіледі. Жұмсалған қаржыны да тез арада ақтайды.

   Оның үстіне 1912 жылдан бері құбыр салу тәжірибесі бар. Мұнай құбырын төсеу жұмысын атқаратын да мамандар да жеткілікті. Осы себепті Маңғышлақ мұнайын Куйбышев қаласындағы мұнай айыру зауытына тасымалдау үшін мұнай құбырын салу керек деп шешті. 

   Алдымен, 1966 жылы ұзындығы 141,5 км болатын Өзен-Жетібай-Шевченко (Ақтау) мұнай құбыры іске қосылды.

   Маңғышылактың жабысқақ әрі тез тұнып қалатын мұнайын құбырмен айдау бұрын-соңды қолданыста болмаған жаңашылдықты талап етті.

   1879-1880 жылдары атақты инженер В.Г.Шухов мұнай қалдықтарын айдау үшін алғаш рет «ыстық мұнай құбырын» ойлап шығарған болатын. Ол, мұндай жаңалықты құбырдың бойындағы мұнайдың температурасын есептеу барысында ашқан еді. Жаңа технология бойынша мұнайды 50-65 °С-қа дейін қызыдырып алып құбыр бойымен айдау керек болды. Және құбыр бойындағы мұнай қалдықтарын суытпау үшін оны әрбір 30-50 км сайын қайтадан қызыдырып отыруды қажет болды.
   Сол сбепті, Өзен-Шевченко мұнай құбырын салған кезде 22, 45, 68, 91, 112 км жерлерде «F – 112» деп аталатын радикалды пештер орнатылды. Ол пештер құбыр бойындағы мұнайды әлсін-әлсін қыздырып, Шевченко қаласындағы мұнай қабылдайтын орынға дейін суытпай жеткізуге мүмкіншілік туғызды. Сөйтіп, 1966 жылы алғаш рет Өзен-Жетібай-Шевченко «ыстық мұнай құбыры» арқылы мұнай айдалды. Шевченко қаласына жеткізілген мұнай Каспий теңізінде орнатылған порт арқылы Баку мен Волгоград қалаларына тасылатын болды. 1966 ж. 10 қазанда Каспий пароходствосына қарасты «Джебраил» деп аталатын танкер алғаш рет Маңғышлақ мұнайын Волгоград МӨЗ тиеп кетті.

   Маңғышлақ мұнайын теңіз арқылы тасу Ақтау портының дамуына зор ықпалын тигізді. Осымен қоса, Өзен мұнайы Маңғышлақ-Мақат темір жол желісі арқылы Гурьев мұнай өңдеу зауытына тасымалданып отырды. 1965 жылы осы желіс арқылы алғаш рет мұнай тасымалданды.

   Маңғышлак мұнай өндірісінің жедел дамуына байланысты 1967 жылы 18 тамызда КСРО Мұнай министірлігі мен Мемлекеттік жоспарлау комитетінің (Госплан) ұсынысы бойынша КСРО министрлер кеңесі ұзындығы 1232 км болатын өзінің «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев  магистарлды мұнай құбырын салу жөнінде»  № 1595 Жарлығын шығарды. Сөйтіп, бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болмаған «ыстық мұнай құбырын» осыншама алыс қашықтыққа айдау керек болды.



Сол үшін, бүкіл трасса бойына әрбір 30-50 км қашықтықта «ыстық мұнай құбырын» қыздырып отыратын пештер салынды. Ол пештерге «Г9ПО2В» және «ПТБ-10» қондырғыларын алып келіп орнатты. Сөйтіп, 1969 жылы тамыз айында «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев» мұнай құбыры іске қосылды. Осының арқасында Қазақстан мұнай тасымалдау ісі бес есеге артты.

1971 жылы 2 маусымда КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сай Мұнай өнімін тасымалдау жөнінде Оңтүстік Басқарма Гурьев қаласынан Шевченко қаласына көшірілді.

   Республикамыздың мұнай өнеркәсібі тұзасты шөгінділердегі мұнайды игеруге кірісті. Маңғышылақта 30-дың үстінде мұнай кен орындары ашылған болатын. 1974 жылы қаңтарда Қаражанбас, 1975 жылы Солтүстік Бозащы, 1976 жылы Қаламқас кен орындары ашылды. Терең ұңғыларды бұрғылау нәтижесінде 1978 жылы Жаңажол, 1979 жылы Теңіз кен орндары ашылды. Олардың бірқатарынан өндірілген мұнайдың өзіндік ерекшеліктері бар еді. Мысалы, Қаражанбас мұнайы Батыс Қазақстандағы ең жабысқақ мұнай болатын.
Жетпісінші жылдардың басында Гурьев-Мартыши мұнай құбырының салынуына байланысты Мартышида өндірілген мұнай Гурьевке айдалып, Өзен мұнайымен араластырылып Куйбышев қаласына айдалатын болды. Нарын құмынан өндірілген мұнай өзінің құрамы жағынан жеңіл мұнай болатын. Бұл мұнай Өзеннің парафинді мұнайымен араласқанда оның құрамы сұйылып қыздыру қажеттілігін азайтты.

1978 жылдан бастап «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев» магистарлды мұнай құбыры арқылы әртүрлі мұнай қоспалары да айдала бастады. Сөйтіп, «ыстық мұнай құбыры» арқылы магистралға жақын жатқан Прорва, Теңіз, Қаражанбас, Қаламқас кен орындарының мұнайы да айдалып отырды.

   Бозащы түбегінен өндірілген мұнайды Шевченко қаласына жеткізіп, одан әрі Каспий теңізімен орталық аудандарға тасымалдау үшін 1979 жылы Қаламқас-Қаражамбас-Шевченко мұнай құбыры салынды. Ұзындығы 202,5 км болатын бұл құбыр жоспарланған уақытынан  екі ай бұрын салынды.

1986 жылы Қаламқас-Қаражамбас аралығындағы екінші учаскені салынады. Ұзындығы 62 км болатын бұл мұнай құбыры жылына 8 млн мұнай айдай алатын еді.

   1960 жылдан 1970 жылға дейін он жыл ішінде Қазақстанда мұнай құбырының ұзындығы екі есеге өсіп, мұнай айдау көлемі он есеге артқан екен. Сөйтіп, барлық мұнай-газ кешенінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасалды.

   Қазақстанның құбырын дамытуға атсалысқан көптеген мамандар мен ұйымдастырушылардың және ғалымдардардың аттарын атап кетуге болады. Олар: С.А.Вазиев, Д.А.Черняев, В.В.Шаронов, И.Д.Каспер, А.А.Дергачев, Т.М.Қасымов, Мамонов, Қ.Е.Елеуов, Ф.А.Мамонов, Е.Елеуов, В.В.Хуторной, Б.У.Оразғалиев, Н.К.Надиров, П.И.Туғанов, В.Ф.Новоселов, В.Е.Губин және т.б. еді.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет