Педагогика
http://www.litres.ru/pages/biblio_book/?art=22608666
«ПЕДАГОГИКА»:
Мағжан Жұмабаев ПЕДАГОГИКА
ПЕДАГОГИКА
Тарту
Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім.
Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғағімдердікі.
Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!
Колымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам.
Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.
Мағжан Жұмабаев
СӨЗ АЛДЫ
Бұл кітап 2–3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.
Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым. (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері).
Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі тер миндерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке ти ді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптану ды тиісті таппадым.
Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім.
Мағжан Жұмабаев,
1922 жыл, 15 сентябрь, Қызылжар.
ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА Тәрбие деген не?
Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзінеөзі қожа болған ша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.
(Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан, адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндікт ен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам ба ла сының әсіресе жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек).
Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы – туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды.
Тәрбие бөлімдері
Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата‑ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі – шын дұрыс мәтел.
Тәрбиеден мақсұт
Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.
Педагогика қандай пән?
Біз жоғарыда адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін һәм ол тәрбиені не үшін беру керек екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ балаға дұрыс тәрбиені әрбір тәрбиеші (ата‑ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей‑ақ, ешнәрсені оқыпбілмей‑ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі‑ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ, бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады.
Педагогика – грек елінің сөзі. Пед – бала, агоги – жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын педагог деген ат қадірлі, қасиетті болып барады.
Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы – өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі – жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы‑жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Естігеннен – көрген анық. Көргеннен – бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі – тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Бал аңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл – бір.
Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке‑жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасыңда, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол‑жоралар толып жатқан ұлттың біреуі – біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.
Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар – бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы‑жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.
Педагогикаға жәрдемші пәндер
Педагогика адамның денесін һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғаңдықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.
Д е н е т у р а л ы п ә н д е р:
А н а т о м и я. Адам денесінің құрылысын баяндайды. (Денеде қандай мүше бар, жаралысы қандай?)
Ф и з и о л о г и я. Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды).
Г и г и е н а. Саулықты сақтау пәні.
Г и м н а с т и к а. Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы пән.
Ж а н т у р а л ы п ә н д е р:
П с и х о л о г и я. Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл‑ойдың жайын баяндайтын пән.
Л о г и к а. Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.
Э т и к а. Құлық туралы пән. Яғни адамшылық не? Осыны баяндайды.
П е д а г о г и к а ғ а т а ғ ы б і р к е р е к т і п ә н
Достарыңызбен бөлісу: |