Силлогизмнің керектігі. Силлогизмнің жан тұрмысы үшін пайдасы сол: негізгі бір заң бойынша толып жатқан көріністерді шешеміз. Дүниеде сансыз заттарды, толып жатқан көріністерді адам өзі сынап, өзі бақылап бітіре ал майды. Мысалы, жер жүзіндегі бар адамның, болған һәм болашақ адамның бәрінің өлетіндігін адам өзі сынап бітіруге мүмкін емес. Біз бір адамның өлуі туралы хұкім шығармақ болсақ, пәннің һәм кәрі тәжірибенің «адам өледі» деген хұкімін аламыз да, «пәлен адам өледі» деп хұкім шығарамыз. Бала «өтірік айту нашар» деген негізгі заңды білсе, өзі де өтірік айтпайтын болады.
Индукция. Ойдың дербес көріністерден жалпы көрі ніс терге көшуі, екінші түрлі айтқанда, жалқы ойдан жалпы ой шығару индукция деп аталады. Мысалы, біз тарихтан бақылауымызша: «Жер жүзіндегі әрбір тап елдің ұлтшылдық арқасында ғана өнерленгенін біліп, біз жалпы адамзат ұлтшылдық арқасыңда ғана өнерленеді» деген жалпы заң шығарамыз.
Индукция түрлері. Индукцияның екі түрі бар; толық һәм кем индукция. Егер біз шығарылатын жалпы негізгі заңға кіретін көріністердің бәрін өзіміз сынап, бақылап барып жалпы заң шығарсақ, біз толық индукция арқылы шығарған боламыз. Мысалы, біз бір жылдағы он екі айдың әрбір айының күнін санап, ешбір айда отыз бір күннен артық күн болмайды деуіміз сықылды. Бұл толық индукция адамның білімін арттырмайды.
Егерде біз бірнеше заттарды яки көріністерді бақылап, сол бақыланған заттар, көріністерге ұқсас, тұқымдас барлық заттар, көріністер туралы бір ой шығарсақ, онда біз кем индукция арқылы шығарған боламыз. Мысалы, біз жер жүзіндегі барлық ағаштың суда қалқығанын бақылаймыз. Жоқ, өмірімізде бірнеше ағаштың қалқығанын бақылағанымыз бар. Бірақ біз аз ғана ағаштың қалқығанын бақыласақ та, жер жүзіндегі барлық ағаш суда қалқиды деген жалпы заң шығарамыз.
Кем индукцияның дұрыс болуының шарты – бақыланған көріністер арасындағы байлам берік болуға тиісті. Байлам берік болмаса, мысалы, бір көріністің жанында екінші көрініс уақытша тұрған болса, нәтиже шықпайды. Мысалы, қазақ көбінесе тымақ киеді. Соған қарап қазақ біткен тымақ киеді, тымақ кимеген адам қазақ емес деп нәтиже шығару, әрине, дұрыс емес. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сықылды ырымдар – бәрі индукцияның қаталығынан туған.