Мағжан Жұмабаев педагогика



бет3/50
Дата24.05.2023
өлшемі203,43 Kb.
#96427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Байланысты:
М.Жұмабаев Педагогика

Жылылық. Баланың да, жеткен адамның да өлшеулі жылылығы (Цельсий бойынша) 37–37, 5 градус болады. Бірақ жаңа туған баланың денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептермен мынау өлшеуден 2–3 градус кем болады. Әйткенменде ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен1 адамның да жылылығы бір тәуліктің ішіңде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтың уақыты – кеш. Дене жылылығы «термометр» деген бір құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күн сайын өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшеуде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны. Жылылық өлшеніп отырса, келе жатқан науқаст ың алдын алуға болады. Болмаса науқас билеп алып, баланы қолды‑аяққа тұрғызбай шыңғыртқанда, оның науқас екенін білу, көбінесе пайдасыз білу болып шығады ғой.
Дем алу. Жаңа туған бала бір минутта 40–44 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойына – 35–40 рет, екінші жылда – 28, үшінші жылда – 26 рет. Сөйтіп, кеми‑кеми 15 жаста бір минутта 17–20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден артық, яки кем болуы баланың сау болмауын көрсетеді. Баланың дем алуын ояу отырғанда санау қиын. Ойнап қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы – ұйқтап жатқанда санау.
Тамыр соғу. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120‑ға шейін соғады. Жеткен адамның тамырының соғуы бір минутта 65–70‑тен аспайды. Бала ояу отырғанда, әсіресе жылағанда тамыр соғуы жиіленіп кетеді. Мұндайда мөлшерлі соғудан 20–25 артық соғады. Баланың тамырын бала ұйқтап жатқанда байқау керек. Сонда белгілі мөлшерден тамыры артық я кем соқса, баланың сау болмағаны. Тамырын ұстаумен бір адамның ауру, сау екені білінетін болса, тамыршылық деген әулиелік емес екені өз‑өзінен көрініп тұр.
Бірақ надандыққа не шара, біздің надан еліміз тамыршыны жынымен сөйлесіп, күбірлесіп, тәңірімен тілдесіп отыр деп біледі.
Бала бөлмесі. Мынау сөзді оқығанда «атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?» дегендей, қазақтың өзіне үй бітіп, баласының бөлмесі қалып па деп күліп кекетуші де болар. Шынын айтқанда, қазақта үй дерлік үй бар ма? Жоқ. Өнерлі елдің адамы түгіл малы жатпайтын бір былық қора.
Қазақтың қысқы үйінің көбі – жермен‑жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе деген тышқанның көзіндей бір тесік. Есіктен, тесіктен, астан, үстен аңырап тұрған суық. Желдің жыбыр‑жыбыр сөйлегенін, дауыл боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. Шым қабырғадан, төбедегі сирек салынған сырғауылдың арасынан сорғалаған су. Жер әбден саз. Босағада қатар‑қатар малдың төлі. Иіс, қоқыс, түтін. Егер қазақ жаз шығысымен мынау сасық үңгір заңдемін тастап киіз үйге шықпаса, сөз жоқ, бірнеше жылдың ішінде қырылып бітер еді. Мінеки, жыл он екі ай ішінде сегіз, тоғыз ай қазақ тұратын үйдің түрі осы. Әрине, мұндай үйде тұрған қазаққа бала бөлмесі пәлендей болсын деп айту тіпті орынсыз болар еді. Бірақ біздің үмітіміз келешекте сорлы қазақ мәңгіге сасық үңгірде құрттап, шіріп жата бермес, тұрмысын, үйін, күйін түзетер деп сенеміз. Бізді жұбататын ақынның әлгі өлеңі.
Сөзге келейік.
Бала бөлмесінің ішінде бес‑алты куб сажын ауа болсын. Және жиі‑жиі ауа жаңартылып тұрсын. Бала жататын үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киімді тастау жарамайды. Себебі кірдің кірі бу болып, ауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Бала бөлмесінің жайлылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жататын бөлменің жылылығы Рьюмер бойынша 17–18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 16–17 градус, сонан соң 15–16 градус болу тиіс. Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін оның терезелері не аузы түстік‑күн шығысқа, не оңтүстік‑күн батысқа қарауы шарт.
Терезелер тура оңтүстікке қараған бөлме қыстыгүні жарық, жылы болғанмен, жаздыгүні ыстық, қапа болады. Ал енді терезелері солтүстікке – түн жаққа қараған бөлме қашанда болса һәм қай жақтан болса да қолайсыз. Сөз аяғында қазақтың киіз үйде бала өсіруі, асырауы туралы бір‑екі сөз айтып өтейік.
Бала тәрбиелеу үшін киіз үйді аса қолайлы деуге болмайды. Аңғал‑саңғал, ашық‑тесік киіз үй баланың жел тиіп, суық‑тиіп ауру болуына көп себепші. Бірақ баланы киіз үйден бір жола бездіріп алып кетуге орын жоқ. Киіз үйдің зиянды жағы болған сықылды, пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішіңде баланы ұстай білуде. Шын таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. Бұл сөзбен мен балаңды баяғыдай «шалбардың ішіне салып асыра» деп отырғаным жоқ. Ол заман озды ғой. Әйткенменде қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет