Мағжан Жұмабаев сыршыл ақын



Дата14.10.2023
өлшемі16,62 Kb.
#114454
Байланысты:
эссе


Мағжан Жұмабаев - сыршыл ақын


/Кулымов Кайсар Жазыкбаевич, Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты, Ақтөбе қаласы, kulymov73@bk.ru/

Қаншама оқырманның рухани олжасына айналған Мағжан өлеңдері - бізге тағдырдың талай тар соқпақтарын артқа тастап, сыңаржақ соқыр саясаттың уысынан сытылып шығып, сағына қауышып, қуана табысқан асыл мұраларымыз.


Мағжан Жұмабаев поэзиясы сыршыл, таза, мөлдір сезімге, жан дүниенің нәзік иірімдеріне, сөз сұлулығына, оның нәрлі, ажарлы, сымбатты оралымдарына, көркемдік пайымдаудың ұтымды тәсілдеріне құрылған. Ол жан мен сезім құбылыстарын құйқылжыта, күмбірлете, ойлы-күйлі етіп жырлады. Өзінің шалқыған шалқар шаттығын, мөлдір махаббатын, қара аспан төнген қайғысын, зарлы запыранын адамзат баласымен де, сайраған құсы, тебіренген табиғатымен де бөлісе алды. Біздің күнделікті күйбең тірлікте қолданып жүрген қарапайым сөздеріміз ақын жүрегінің мыс қазанына түсіп, асқақ шабытпен қайнап қорытылғанда, құлақ естіп, көз көрмеген ғажайыптар туады. Бұл таңғажайыпқа оқырман ғана емес, сол құбылысты қаламынан тудырған ақынның өзі де кей-кейде жағасын ұстап, таңдана қарайды. Сөзбен өрілген сырлы суреттер оқушының көңіл көкжиегін сәуле боп серпілтіп, жарқыратып аша түседі. Ақын өзінің таным-талғамын бедерлі сөз, кемел оймен, мейлінше айқын бояулармен жеткізіп, сезім пернелерін дөп басады.
Мағжанның сыршылдығы оның поэзиясының, суреткерлік шеберлігінің, ой асқақтығының, көркем тіл үлгісінің даралық ерекшелігінен айқын көрінеді. Адам жанының нәзік қатпарларына еркін еніп, мейірімділік пен сұлулыққа жетелейтін бояуы ашық, нақышы әсем кең тынысты, ғұмырлы, мәңгілік жырлар толғаған ақын «Бұлбұл», «Толған ай», «От», «Айға» өлеңдерінде мұңды дауысты, сиқыр тілді бұлбұлмен, жұлдызбен қол ұстасқан мейірімді аймен сырласады. Жалынымен жұмсақ қана сүйетін әдемі оттың «жылан болып арбайтын, аждаһа болып жалмайтын» күшіне сүйсінеді. Жүрек толқытарлық сезіммен ана тілінің дәнін, нәрін, сұлу сазды келісімін, арман-аңсарын, қиял-сезімін шарықтата шебер жеткізеді.
XX ғасырдың бас кезіндегі шытырман оқиғаларға куә болған ақын оларды ой елегінен, өлең өрнегінен өткізіп, үлкен ой, толғаныс үстінде жүрген. Алапат өзгерістер, таңғажайып жаңалықтар туындап жатқан кезеңде ақын жаны күйзелісте күй кешеді, жүрегі ештеңеге елжірей қоймады. Өйткені ең өзекті мәселе – қазақ елі мен жерінің тағдыры - ақын түсінігінде бәз-баяғы жүдеу қалпында еді. Мың жылғы ата заңды қуып, өнерден кеш қалған, болыстыққа таласып, бір-біріне алакөз болған, арзан күлкі, ойсыз ойынмен бос жүрген халқының сорлы күйін көре отырып, ашынады, бар сырын ақтарып салады. Ауыл болуға, мектеп-медресе салуға, өнер үйренуге шақырады. Елінің жақсы ісіне жас баладай қуанатынын, есі шығып күлетінін, досы болса, соның жолында өлетінін айтып жалын атады. Ал жаман істері үшін қайғырып, қиямет орнататынын, жыласа, қап-қара қан төгетінін, қасы болса, қанын ішетінін айтып қаһарланады.
Ақын сөзі - ащы шындықтың айнасы. Мағжан бар өмірін, өнерін, білімін парасат қайнары, мейірбан жүректі туған еліне арнаған.
Дариға, сол күндерде күнім қараң,
Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған!- деу арқылы өзінің елі үшін қандай қиындық болса да, аянбағанын жеткізеді. Басынан кешірген арғы-бергі бүкіл өмір тартысының, ізгі арман-мұратының сұлулығын, ұлылығын, өміршеңдігін жыр тілімен жеткізеді.
Адамның табиғатымен туа біткен ақындық қасиеттің құдіреті тарихтың қандай аласапыран дауылы да өшіре алмас берік қамал екендігі анық. Шынайы таланттың жан тебіренісінен туған сөз маржандары сұлу да сиқырлы қалпында ғасырларды аттап өтіп, келешекпен жалғасып жатады. Сондықтан қай заман, қандай дәуірде оқылса да, Мағжанның өлеңдері сыршылдығымен халықтың таным-талғамын байытып, жан сарайын аша түспек.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет