Бетонды едендер – берік, төзімді болғанымен қатты, жатуға жайсыз, суық болады да, оларды азық-көң жолдарына, кейбір азық дайындау, сүт өңдеу бөлмелеріне, зертханаларда т.б. жерлерге төселеді. Егер малдар жататын орындарында бетонды едендер болса, оның үстіне торкөзді ағаш еденшелер немесе қалың төсеніштер салып қояды. Кейінгі кездерде бетонды едендерді жылылау үшін асфальтты немесе резиналы жапқыш төсеніштер қолданады.
Асфальтты едендер - серіппелі-жұмсақ, тайғанақ емес, су өткізбейді, жылу өткізгіштігі шамалы, тазалау, дезинфекциялауға жеңіл және оңай өңдеуге жатымды. Мұндай едендер сиыр қораларда, ұрықтандыру пунктерінде ветеринариялық объектілерде қолданылып, тасты, қайыршақты едендердің үстіне төсеп өңдеуге пайдаланады. Асфальтты едендердің кемшлігі сыртқы әсерлерге әсіресе мал нәжістеріне өте төзімсіз келеді де, мал тұрақтарында, жүретін жолдарында, әсіресе дұрыс қоспасы жасалмаған кездерде ішке түсіп, шұңқырлар шығып, оларға су тұрып еден тез істен шығуы кездеседі.
Кейінгі кездерде сиыр қоралардың тұрақты орындарын жылылау мақсатында көмір қалдықтары (шлак) мен битумдардың (қарамай) қоспаларынан және асфальтты плиткалар мен ішкі қуыс кірпіштерді пайдалану ұсынылады. Бірақ олардың да көптеген кемшіліктері, әсіресе жылулық қасиеттерінен, кездесіп кең таралмаған.
Көптеген еден түрлеріне қарағанда керамзит (қыш) бетонды едендер зоогигиеналық талаптарға сай келеді. Ол сыртқы ауа әсеріне шыдамды, жоғарғы температураға төзімді, механикалық әсерлерге берік, салмағы жеңіл, жылу тарату коэффициенті төмен және өндеуге қолайлы болады. Сиыр қораларда керамзит – бетонды едендер болғанда сүт өнімінің сапасы жоғарлап, санитарлық тазалығы артады. Олар малдардың денсаулығы мен өніміне теріс әсерін тигізбейді, яғни керамзит бетонды едендер өзінің физикалық-жылулық қасиеттері бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келеді деп санап көптеген шаруашылықтарда, үстінгі беті цементті-құмды ертінді мен қапталған түрінде кең пайдалануға ұсынылады.
Керамзит-бетонды едендермен қоса кейінгі кезде жасанды, кеуекті материалдар-аглопорит материалдарынан жасалған едендер қолданылады.