Дәріс №3-4-5. Ірі қара малын ұстаудағы орындарға қойылатын санитарлық-гигиеналық нормалары
Ірі қара малдарының қораларын жобалап-салу және пайдалану кездерінде оларға ветеринариялық-санитарлық бақылау жүргізу технологиялық жобалау нормаларына (НТП) және ветеринариялық-санитарлық ережелерге (СНИП) сүйеніп жасалады.
Әр малдардың түрі, жасы, тұқымы, бағыты ескеріліп оларға арналған жобалар сызылады. Ол жобаларды таңдау әр шаруашылықтың ерекшеліктеріне, ауа райы, жер орайы, малдарды күтіп-бағу жүйелеріне байланысты жүргізіледі.
Қандай болмасын ірі қара малдарына арналған өндірістерді жобалап-салу және пайдалану кездерінде ең басты ветеринариялық-санитарлық проблема малдарды әртүрлі аурулардан сақтау және олардан алынатын өнімдердің сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету болып саналады.
Ірі қара малдарынан алынатын өнімдердің бағытына байланысты, оларға арналған шаруашылықтар (фермалар):
1) тұқымдық – мал тұқымын жақсартып, олардан тұқымды жас төлдер алуға арналған;
2) Өнімдік – ет және сүт өнімдерін алуға бағытталған шарушылықтар;
3) Мал басын толықтандырып отыруға арналған жас төлдерді өсіріп және бордақылау бағытындағы шаруашылықтар;
4) Ірі малдарды бордақылап ет өндіру және жас бұзауларды бағып, күту мен айналысатын шаруашылықтар.
Ірі қара малдарына арналған қоралардың негізгі технологиялық бөлшектерінің көрсеткіштері. Ірі қара малдарына арналған қоралар мен олардың ішкі технологиялық процесстердің жабдықталуы тек мал басы мен олардың физиологиялық ерекшеліктеріне ғана байланысты емес, оларды ұстау тәсілдеріне де қатысты болады. Сондықтан мал басына тиісті қораларды жобалап салу кезінде пайдаланатын технологиялық процесстердің негізіне және ұстау жүйелеріне сүйеніп малдардың денсаулығын сақтап, өнімін төмендетпейтін жағдай туғызу қажет (кесте 1).
1. Ірі қара малын тұрғызып байлап ұстау кезінде салынатын қоралар үнемді (экономды) және барлық қаралатын технологиялық процесстерді жүргізуге қойылатын талаптарға сай болуын қадағалайды. Мұндай қоралардың құрлыстық шешімдері және инженерлік жабдықтары ондағы микроклиматты қалыпты жағдайда ұстап тұруға мүмкіндік туғызатын болуға тиіс. Малдарды тұрғызып байлап ұстайтын қоралардың ішіне тұрақтарды орналастыру қатар санына байланысты екі тұрақты біріктіріп бір азық, немесе көң жолдарын қалдырады. Қораларды жылыланған және желдетілген шатырлы немесе шатырсыз бір қабатты қылып, жергілікті арзан құрылыс материалдарынан тұрғызады. Сиыр қораларын ішкі технологиялық жабдықтарды орналастыруға бөгет жасамайтындай, яғни ауа алмастыру, көң шығару, азық тарату құрылымдарына қолайлы, керек кезінде жаңа технологиялық процесстерді кіргізуге жеңіл болу үшін ауыр бағаналарсыз салу керек.
Сиырды байлап тұрғызып ұстауға арналған қоралардың едендерін тұтас немесе жартылай төркөзді қылып жасайды. Тұрақтардағы едендердің материалдарының жылу сіңіргіштік коэффициенті 12 ккал/м²/сағ/град жоғары болмауы керек. Егер бұл көрсеткіштен артық болса, мал денесінен артық жылу тарап, еденді жылтуға шығындалады да, сиыр организмінің суыққа ұрынып, төзімділігі азайып, өнімінің төмендеп, азық шығымының артуына апарып соғады. Мысалы, ағаш едені мен бетон еденінің жылу өткізгіштігің әртүрлі болуының салдарынан 100 ккал/сағ жылу артық жұмсалады, яғни ол 2 л сүттің коллориясына пара-пар болады. Сондықтан айтылған болар, ірі қара малдары астынан жүдейді деген сөз. Оларды байлап тұрғызып ұстаған кезде көбінесе тақтай едендерді пайдаланады. Өйткені тақтайдан жасалған едендер жылы, құрылымы қыйын емес, таза, бетон сыяқты тұяқты жемейді. Бірақ сыртқы әсерлерге шыдамсыз, әсіресе дезинфекциялық химиялық заттарға төзімсіз, тез тозып, шірігіш келеді. Өте ылғалды болса тайғанақ болып, малдардың мертігуіне де себепші болады. Ағаш материалдардан еден жасау үшін алдын ала 10 % креозот майының ертіндісімен өңдеп және екі қайтара ыстық қара май (смола) ертіндісімен жабады. Тақтайдың үстінгі бетін үстіріктеп, тегістеп және пайдаланудан 10 күн ерте үстіне сөндірілген хлорлы әкі сеуіп қояды. Мұндай еден төзімді болып ұзаққа шыдайды, хлорлы әкі мен кеуекті тесіктері бітеледі де, бойына сұйық аз сіңіріп, шірімей тазалауға қолайлы болады.