Маралбек ермұхамет


 «Аудан» ұғымының тілдік парадигмасы



Pdf көрінісі
бет134/184
Дата16.03.2022
өлшемі5,92 Mb.
#28114
1   ...   130   131   132   133   134   135   136   137   ...   184
Байланысты:
Диссертация Маралбек Е.

 
2. «Аудан» ұғымының тілдік парадигмасы 
Болмыстағы  аттардың  барлығы  ұқсамаған  пішіндерге  ие.  Олардың  бір 
жазықтықтың  бетінде  жатпайтын  жалпы  ауқымы  көлем  деп  аталса,  бір 
жазықтықтың бетінде жататын аумағы аудан болады. Көптеген аудандардың бір 
денедегі  жиынтығы  көлемді  құрайды.  Сол  себепті  «көлем»  ұғымы  «аудан» 
ұғымымен  байланысып  жатады.  Алайда  екеуі  бірдей  емес,  екеуі  болмыстағы 
заттардың  екі  басқа  қасиетін  сипаттайды.  Кей  заттардың  ауданын  өлшеу 
құралдар арқылы тікелей анықтауға болса, кей заттардың ауданын өлшеу мүмкін 
емес,  тек  екінші  бір  затпен  салыстыру  арқылы  ғана  анықталады.  Тіпті  кейде 
барлық жерде әр заттың ауданын нақты өлшеудің қажеті де болмайды. Жалпы 
«аудан»  ұғымы,  «көлем»  ұғымы  сияқты,  өз  ішінен  «үлкен/кіші»  тіресіміне 
бөлінеді.  Сондықтан  «аудан»  ұғымын  білдіретін  тілдік  бірліктер  осы  тіресім 
негізінде  тіл  деңгейлерінде  құрылымданады.  Қазіргі  қазақ  тіліндегі  аудан 
семантикасын білдіретін лексикалық тіресімдер мыналар:  
Үлкен: кең, үлкен, ірі, байтақ, шалқар т.б. 
 Кіші: кіші, кішкентай, кішкене, шағын, ықшам, титімдей т.б. 
Бұл  сөздер  жеке  тұрғанда  біреуі  көлемге,  біреуі  сыйымдылыққа  қатысты 
сөздер  болып  көрінеді.  Алайда  бұлар  –  семантикалық  аясы  кең,  бірнеше 
ұғымдарды  беретін  сөздер.  Көлем,  сыйымдылық,  аудан  ұғымдары  бір-бірімен 
параллель, өрістес жатқан ұғымдар болғандықтан, кей тілдік бірліктер бәріне де 
ортақ болады. Алайда оның нақты қай ұғымды білдіріп тұрғаны контексте айқын 
көрінеді. Мысалы:  
1)  Бір  кездегі  Шот  та  сондай  шағын  шаһарлардың  қатарына  жататын 
(А.Сатаев, Ақын); 
2) Балықшылар үлкен кермешемен шағын көлді екінші қайтара тағы сүзіп 
келеді (Т.Ахтанов, Дала сыры); 
 3)  Үлкен  қоңыр  столдың  жанында  тұрған  бойшаң  Жаншаның  қасында 
Халел ұсақ көрінеді (Х.Есенжанов, Ақ Жайық). 
Берілген  мысалдарда  шағын  шаһар,  шағын  көл,  үлкен  қоңыр  стол 
тіркестеріндегі  шағын,  үлкен  сөздері  –  белгілі  бір  жазықтық  аумақтың  беткі 
жағына байланысты қолданылған «аудан» ұғымын білдіретін сөздер.  
«Аудан» ұғымы морфологиялық деңгейде де кеңінен көрініс табады. Оның 
синтетикалық формалары төмендегідей:   
- аудан семантикасы кейбір жалпақ пішінге ие деректі зат есім сөздеріне  -
дай, -дей -тай, -тей формасы жалғану арқылы беріледі (тулақтай, алақандай, 
тоқымдай,  табақтай  т.б.).  Бұл  сөздер  негізінде  тіркестің  анықтауыш  сыңары 


175 
 
болып, тілдің икемді, ықшам қолданылуы әсерінен екінші сыңары қысқарып, өзі 
де қолданыла береді. Алайда қайткенде де қандай затқа балама болып тұрғаны 
ойда тұрады. Мұнда да  бір заттың көлемі екінші заттың көлеміне дәлдік негізді, 
кейде асырмалы балама болады. Мысалы,
 
Бөгеннің негізгі міндеті өзен суын кең   
алқымға жию, ылдидағы Талап пен Бірлік ауылдарының жусанды даласын суару 
–   тулақтай тақырды көк майсаға бөлеу (Д.Досжан). 
- аудан семантикасы кейбір сапалық сын есімдерге  -рақ, -рек -ырақ, -ірек; -
дау, -деу, -тау, -теу, -лау, -леу шырай қосымшалары жалғану арқылы беріледі 
(шағындау, үлкендеу, кішкентайлау, кішілеу, ірілеу, үлкенірек, кішірек т.б.). Бұл 
екі  түрлі  шырай  қосымшаларының  грамматикалық  мағыналарында  ұқсастық 
болғанымен,  кейбір  сапалық сын  есімдерге жалғануында  өзіндік  ерекшеліктер 
сақталады. Десе де, екеуі де белгілі зат ауданының деңгейлі мөлшерін, орталық 
межеден аздаған шамалық айырмашылығын білдіреді.  
-  аудан  семантикасы  кейбір  зат  есім  сөздеріне  -ды,  -ді,  -ты,  -ті,  -лы,  -лі 
қосымшасы жалғану арқылы жасалады  (көлемді, ауқымды, аумақты  т.б.). Бұл 
қосымшалар  белгілі  зат  ауданының  кеңдігі,  қалыпты  межеден  үлкендігі 
семантикасын білдіреді.  
 «Аудан» ұғымының тілдегі көрінісінің үлкен бөлігі синтаксистік деңгейге 
тиесілі.  Бұл  деңгейдің  өзі  аналитикалық  тәсілдер,  аналитика-синтетикалық 
тәсілдер  арқылы  байланысқан  тіркестер,  синтаксистік  модельдер, 
синтаксистік конструкциялар болып үш түрге бөлінеді. 
-  аудан  семантикасы  тіркесім  тәсілі  арқылы  беріледі.  Мұнда  да  «көлем» 
ұғымымен  ұқсас,  күшейткіш  буындар  (үп-үлкен,  дәп-дәу,  кіп-кішкене,  ұп-ұсақ 
т.б.), қайталама қос сөздер (ірі-ірі жайылымдар, шағын-шағын жер телімдері 
т.б.),  қарсы  мәнді  қос  сөздер  (ірілі-ұсақты,  үлкенді-кішілі  т.б.),  күшейткіш 
үстеулер (аса үлкен, тым кішкене, орасан зор, ерекше үлкен, өте кішкене, едәуір 
үлкен  т.б.),  анықтауыштық  қатынастағы  тіркестер  (кең  дала,  байтақ  жер  т.б.
арқылы беріледі.  Бұл тіркестер түрлерінің әрқайсысының өзіндік  семантикалық 
ерекшелігі  мен  стильдік  қызметі  бар.  Бұл  сөздер  кей  мөлшерлік  ұғымдарға 
бірдей  қолданылғанымен,  олардың  нақты  семантикалық  ерекшеліктері  мәтін 
ішінде  анық  көрінеді  және  нақты  қандай  затқа  байланысты  қолданылғанына 
қарай да анықталады.  
- аудан семантикасы анықтауышы -дай,  -дей (-тай, -тей) тұлғалы сөз болып 
келіп,  жиі  қолданылудың  нәтижесінде  тұрақты  тіркеске  айналып  бара  жатқан 
тіркестер арқылы да беріледі. Мысалы, теңгедей бұлт, тоқымдай бұлт, айдай 
әлем,  алақандай  аспан,  оймақтай  ауыз  (оймақ  ауыз  т.б.).  Мұндай  тіркестер 
көбіне  аудандық  шамаларды  салыстырудан  гөрі,  «үлкен»  немесе  «кіші»  деген 
әсірелеулі бір ғана ұғым орнына жұмсалады. Аудан көбіне жер беті ұғымымен 
байланысты айтылатындықтан, жоғарыдағы тіркес түрлерінің басыңқы сыңары 
тек қана «жер» сөзі болып келетін түрлері де жиі кездеседі. Мысалы, тоқымдай 
жер,  тулақтай  жер,  үй  орнындай  жер,  ошақтай  жер,  от  орнындай  жер,  
ұлтандай  жер,  алақандай  жер,  ат  тұяғындай  жер,  қой  өрісіндей  жер,  желі 
орнындай жер т.б. Мұнда «жер» сөзі нақты заттық мәннен мағынасы кеңейіп, 
грамматикалық  мағыналарға  қарай  ойысып,  нақты  бір  орын,  мекен,  кеңістік, 
аумақ ұғымдарын білдіреді.  
-  аудан  семантикасы  синтаксистік  модельдер  арқылы  да  беріледі.  Бұл 
үшінші жақтық тәуелдік жалғаулы зат есім сөздері мен -дай, -дей қосымшалы зат 


176 
 
есім  сөздерінің  тіркесі  (-ы+-дай)  арқылы  жасалады.  Мысалы,  беті  табақтай, 
жауырыны қақпақтай, кеудесі есіктей т.б. 
1)  Шетінен  қарны  қабақтай, беті  табақтай,  аузы  итаяқтай,  обыр 
біреулер (Б.Омарұлы, Асан мен Үсен); 
2) Бірі – төрдегі қалың бөстектің үстіне қонжия қонған, кеудесі есіктей, 
қызылсары өңді қария (Т.Әсемқұлов, Кәрі күйші). 
Бірінші  мысалда  беті  табақтай  тіркесінің  жағымсыз  мағынасы 
болғанымен, сол мағынаның өзі «аудан» ұғымы, яғни бетінің үлкендігі арқылы 
метафораланып отыр. Ал екінші мысалда қарияның кеудесі есіктей жазық, кең, 
жап-жалпақ бітімі сипатталған.  
-  «аудан»  ұғымы  синтаксистік  конструкциялар  арқылы  да  беріледі. 
Конструкция үш компоненттен құралып, квадрат метр, квадрат шаршыметр, 
квадрат  километр,  квадрат  дециметр,  квадрат  сантиметр,  квадрат 
миллиметр, гектар, сот  т.б. халықаралық және халықтық өлшем бірліктердің 
зат  есім,  сан  есім  сөздермен  тіркесі  арқылы  жасалады.  Мысалы,  бір  квадрат 
метр  жер,  он  гектер  егістік  т.б.  Бұлар  семантикалық  жағынан  нақты  және 
сандық  мәнге  жақын  болып  келеді.  Ешқандай  көркем  стильдік  қызметі  жоқ, 
образды, әсірелеуіш мағыналарсыз, тек тура мағыналы болып келеді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   130   131   132   133   134   135   136   137   ...   184




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет