51
жоғарыдағы тарихи кезеңдерге жататын тілдік материалдар негізінде қазақ
тіліндегі мөлшер категориясының қалыптасу, даму жолы, мөлшер
семантикасының әр тарихи кезеңдер мен тіл деңгейлеріндегі берілу формалары,
жасалу тәсілдері, олардың өзіндік ерекшеліктері мен айырым белгілері сияқты
мәселелер анықталады. Тіл тарихина қатысты зерттеулердің мақсат-міндеті
турасында қазақ әдеби тілінің тарихы мәселесін қарастырған ғалымдардың бірі
ретінде Б.Момынованың мына пікірі орынды айтылған: «Әдеби тілдің тарихын
сөз етудегі мақсат – тілдік құрылымдардың қазақ әдеби тілінің заңдылықтарына
лайық екенін анықтау, сонымен бірге тілдік қолданыстар мен құрылымдардың
жандануын, олардың тіркесімділігінің артуы олардың қазақ әдеби тілінің сөздік
қорынан лайықты орын алғанының көрсеткіші болып табылатынын нақты
мысалдармен көрсету» [177, 3 б.].
Соңғы жылдары әлемде тілді зерттеу жаңа бағыттарға бет бұрды,
лингвистика жаңа сапаға көтерілді. Осыған орай, қазақ тіл білімінде де көптеген
жаңа бағыттар пайда болып, жедел дами бастады. Соның нәтижесінде
құрылымдық лингвистиканың мүмкіндігі жетпейтін көптеген тіл құпиялары
ашыла бастады. Қазақ тіл білімінде жылдам дамыған осындай жаңа бағыттардың
бірі –
функционалды бағыт. Бұл – бір қарағанда, зерттеу әдісі жағынан
құрылымдық лингвистикаға
қарама-қарсы бағыт. Яғни құрылымдық
лингвистика формадан мазмұнға қарай болса, мұнда мазмұннан формаға қарай
зерттеуді негіз етеді. Құрылымдық лингвистикада
тіл бірліктері таптар мен
топтарға жіктелсе, мұнда керісінше, басты-басты тілдік ұғымдар аясында
топтастырылып, бір бүтін категория ретінде қарастырылады. Бұл жұмыста да
біздің ұстанатын бағытымыз – мөлшер категориясының тарихи парадигмасын
функционалды бағыт бойынша қарастыру.
Достарыңызбен бөлісу: