ӘДЕБИЕТШІ-ҒАЛЫМ Қ. ЖҮСІПТІҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АРХЕТИПТІК БЕЙНЕ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҮПСАНА Аннотация. Мақалада ғалым Қ. Жүсіп еңбектеріндегі архетиптік бейнелер мен қазақ әдеби шығармаларындағы қазақи сана негіздерінің қалыптасу жолдары қарастырылған. XIX ғасырдағы Еуропа оқымыстылары қазақ халқының әдет-ғұрыптары және мәдени тарихымен танысып, «тосын, жұмбақ, қызық ел!» – деп тамсанған. Ресей ғалымдары да қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, музыкасы бар, өмірге төзімді халық деп санаған. Кілтті сөздер: шығармашылық түпсана, архетиптік бейне, тылсым күш, құпия, тұрақты сипат, тілтаным, тілдік бейне, әдеби таным. Кіріспе. Тіл-ғасырлар жемісі, халықтың ересен мол ұлттық мұрасы екені белгілі. Осындай зор байлықты кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай, өзіндік қалпын сақтаған түрде жеткізуші адамдардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Атақты ғұламаның ойында сақтап, қағаз бетіне түсірген еңбектеріндегі шығармашылық түпсана негіздерін зерделеген ғалым Қ. Жүсіп, ғұлама еңбектері негізінде Мәшһүр Жүсіптің архетиптік бейнесінің көрініс ерекшеліктерін және оның бізге беймәлім тұстарын айқындап берген. Мәшһүр Жүсіп ежелгі қазақтардың салт-дәстүрлерін, наным-сенімдерін жақсы меңгерген, терең түсіне білген адам. Сондықтан ғұлама өз өлеңдерінде қазақ нанымдарына қатысты ырым-тыйымдарды, тәңірге жалбарыну негіздерін ұтымды қолдана білген. Материалдар және әдіс-тәсілдер.Ғұлама Мәшһүр Жүсіп бейнесіне келетін болсақ, оның тарихи тұлға екендігіне, қазақ арасынан суырылып шыққан ақын екендігіне артта қалған әдеби мұралары негізгі куәгер бола алатындығына ешкім күмән келтірмейді. Бастапқыда ғұламаның әдеби мұраларындағы танымдық әдеби ағымдарды сол кезеңнің қазіргі қарапайым сын айту негізінде белгілі бір әдеби құрылымдар ретінде түсіндіру орын алады. Мәшһүр Жүсіп еңбектерінің әдеби танымдық әлемі аясының кең әрі күрделі екендігі, зерттеудің басты нысаны – білім оның шығу көздері, таным табиғаты, оларды жүйелеу, ақын ойының дамуы- бұның бәрі психология, философия, нейрология, антропология, тіл және жасанды интелектіні үлгілеу ғылымдардың өзара қарым-қатынасы негізінде жан-жақты зерттеуді талап ететіндігіне әкеледі.