Математиканы оқыту әдістемесі ПӘнінен оқУ-Әдістемелік кешен



бет42/58
Дата27.04.2022
өлшемі5,56 Mb.
#32529
түріСеминар
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   58
9.2 Оқу процесінің тиімділігі сабақтың жүйелігі мен сапасы, бағдарламаның орындалу барысы, білімнің тереңдігі бүкіл оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жоспарлауға байланысты.

Сабаққа дайындалу – күрделі де қиын жұмыс, сабақ өз деңгейінде өту үшін мұғалімнің әдістемеден жақсы теориялық білімі және дұрыс дайындығы мен сабақты жоспарлай алатын дағдысы болу керек.

Сабақ жоспарын жасау, сабақты ұйымдастыру мен бағдарламалық материалды оқыту мұғалімнен қажырлықты талап етеді. Сондықтан әрбір мұғалім сабақты жоспарлаудың тиімді тәсілдерін меңгеруі тиіс. Оқушыны білімді, білікті, тәрбиелі азамат етіп қалыптастыру бірітіндеп, сабақ сайын, күнбе–күн жүзеге асып отыратыны сөзсіз. Мұғалімнің сабаққа дайындығы үш кезеңнен тұрады.

1) мұғалімнің жаңа оқу жылына дайындығы.

2) мұғалімнің тақырыптық дайындығы.

3) мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындығы.

Мұғалімнің жаңа оқу жылына дайындығы. Алдымен мұғалім жаңа оқу жылының басында оқу бағдарламасымен, мектеп оқулығындағы оқу материалымен танысып, оқушыларды неге оқытатыны анықтайды. Оқу материалының мазмұнының жобасы бойынша жылдық жоспарын жасайды. Оқу процесінің жылдық жоспарында оқу материалы тоқсандарға бөлініп, тақырыптарды оқытуға бөлінетін сағат саны мен уақыты белгіленеді, қайталау мерзімі мен тәсілдері анықталады. Оқушыға, мұғалімге керекті әдебиет тізімін жасайды, оқулықтарға талдау жасап, алдағы жұмыстарды жоспарлайды. Оқу жылының басында кабинетті жабдықтайды, бағдарламаға сай оқулықтар, дидактикалық материал, жұмыс дәптері, есептер жинағы таңдап алынады.

Мұғалімнің тақырыптық дайындығы. Тақырыптық жоспар нәтижесінде әрбір тақырыптың өзекті мәселелерін сабақтарға бөліп, қайталаудың түрлерін, бақылау жұмыстары мен үй тапсырмаларының мазмұнын анықтайды. Тақырыптық жоспар әр сабаққа арналған дидактикалдық материалды, көрнекі құралдар мен техникалық құралдарды уақытында даярлауға мүмкіндік береді, өткізілетін сабақ пен сыныптан тыс жұмыстардың сипатын анықтауға көмектеседі. Сабақтың тақырыптық жоспары оқушылардың жас ерекшеліктеріне және басқа да факторларға сай өңделіп, жетілдіріліп отырады.

Мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындығы – күнделікті сабақ жоспарын жасау. Сабақ жоспарын жасау сабақ мазмұнын, баяндау ретін, өздігінен орындайтын жұмыстарды, үйге берілетін тапсырмаларды, сабақта қойылатын сұрақтарды т.с.с. мұғалімнің алдын ала болжауына көмектеседі. Әрбір сабақтан соң, оның кемшіліктері мен жетістіктеріне тиісті қорытынды жасап, мұғалім өз ойларын қағазға түсіріп отыруы дұрыс. Бұл кейінгі сабақта қолданылатын әдістердің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Мұғалімнің сабаққа даярланудың алғашқы сатысы оның мақсатын анықтау болып табылады. Сабақтың мақсаты бағдарлама мен оқулықтың тиісті тақырыбын зерттеу негізінде анықталып, сабақтың мазмұнын, оқыту әдістерін және бүкіл сабақтың барысын жасауға әсер етеді. Сабақ мақсатына мынадай талаптар қойылады:

1. Сабақ мақсаты: оқушылар қандай білімді меңгеруі керек (білімділік мақсаты), қандай іскерліктер қалыптастырылды (дамытушылық мақсаты), сабақтың оқушыларды тәрбиелеуге қосқан үлесі қандай (тәрбиелік мақсаты) тәрізді мәселелерге жауап беруі тиіс.

2. Сабақ мақсаты өте дәл тұжырымдалуға тиіс, яғни сабақта қандай білім, іскерлік пен біліктілік қалыптастырылатыны, тәрбиелік қызметінің мәні белгіленуі керек.

Сабаққа даярлаудың келесі кезеңі оның мазмұнын анықтау. Оқулықтарда оқу материалының тақырыптарға бөлінуі, оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру мен бағыт-бағдар беру тәсілдерінің оқулықта көрініс табуы бұл кезеңді іске асыруға жол ашады. Сонымен бірге оқу бағдарламасында берілген оқушылар үлгеруге тиісті білім мен іскерліктердің тізімі, пәнаралық байланыстар мазмұнының белгіленуі мұғалімнің сабаққа даярлануын едәуір жеңілдетеді. Сабақта өтілетін материалдың мазмұны мен мақсаты, оқушылардың дайындық дәрежесі, олардың жас ерекшеліктері, мұғалімнің іс-тәжірибесі оқытудың әдістері мен құралдарын анықтайды. Мұнда алдымен қандай материал оқушыларға дайын күйінде берілетінің, қайсысы оқушылардың өздігінен орындауына тапсырылатынын анықтаған жөн. Егерде оқушыларды теориялық материалмен алғаш таныстырғанда, олардың тірек болар білімдері мен іскерліктері жоқ болса, онда әңгімелеу, түсіндіру, дәріс т.б. баяндау әдістерін пайдаланады. Бұл жағдайда оқушылардың қызметі білім мен іскерлікті жаңғырту сипатында болады. Ал оқушылардың тиісті білім қоры бар болса, эвристикалық тәсілді қолдануға болады және т.с.с.

Мұғалімнің сабақ жоспарында көрсеткен мәселелері оқушылардың кезекті білім, білік, дағды алуына және олардың ойын, инциативасының, шығармашылығының дамуына әсер етуі тиіс. Сабақ жоспарын жасағанда әр сыныптың нақты ерекшелігі ескеріліп, оқушылардың зерделі жұмысын ұйымдастырады. Төменде күнделікті сабақ жоспарын құрудың бір түрі келтірілген (ұсынылған).

1. Сабақтың тақырыбы.

2. Сабақтың мақсаты.

3. Сабақтың түрі.

4. Сабақтың көрнекілігі.

5. Сабақтың барысы: а) ұйымдастыру кезеңі, б) үй тапсырмасын тексеру, в) жаңа сабақты түсіндіру, г) сабақты бекіту, д) сабақтың қорытындысы, е) үйге тапсырма.

Әр сабаққа, тек мектеп оқулықтарымен ғана шектелмей, басқа да кітаптардан әр түрлі есептерді, алынған білімді баянды ету үшін нақты сұрақтарды таңдап ала білу қажет. Оқушыларға қойылатын сұрақтарды дәл, нақты тұжырымды етіп қою және оқушыларды ықыласпен тыңдап, оның жауабын дәл сезініп, дұрыс баға беру керек.


9.3 Математика сабағын талдау. Өзінің немесе әріптесінің жұмысына бақылау жасау үшін мұғалім сабақты талдай білуі керек. Сабаққа талдау жасау арқылы өзінің немесе әріптесінің қызметіндегі кемшіліктер мен жетістіктерді бақылап, өзі үйренеді. Математика сабағын талдау мынадай түрде жүргізілуі мүмкін.

1. Жалпы мағлұматтар: сынып, тақырып, мақсаттар, сабақтың түрі, құрылымы.

2. Сабақтың басталуы (ұйымдастыру кезеңі): формасы, ұзақтығы, тиімділігі.

3. Үй жұмысын тексеру: оның мақсаты. Қалай тексерілді? Үй жұмысын тексерудің ұзақтығы, тиімділігі. 4. Сұрақтар мен тапсырмалардың қойылуы мен мазмұны. Бағалар қалай қойылды? Қойылған бағаның оқушының білім деңгейі мен біліктілігіне сәйкестігі. Мұғалімнің дұрыс және бұрыс жауаптарға әсері.

5. Оқушылардың алдына сабақтың мақсаты қойылды ма? Жаңа материалдың мазмұны мен көлемі. Баяндау әдісі. Көрнекі құралдарды қолдану. Оқулықпен жұмыс, оның қажеттілігі мен тиімділігі. Сабақтың негізгі маңызды жерін бөліп көрсету.

6. Оқығанды тиянақтау. Оның қорытындысы неде? Сұрақтардың, есептердің таңдап алынуы және олардың көлемі, есептермен жұмыс жасау әдісі. Өзіндік жұмыс болды ма? Оның ұйымдастырылуы, мақсаты.

7. Келесі сабаққа тапсырма. Оның мақсаты. Мазмұны мен көлемі. Оқушылардың тапсырманы түсінігіне мұғалімнің көзі жетті ме? Тапсырманы орындау сабақтың мазмұны және әдістемесімен қамтамасыз етілді ме?

8. Мұғалім сабақты қалай аяқтады. Сабақ жоспарының орындалуы. Мақсатқа қол жетуі.

9. Қорытындылар мен ұсыныстар. Сабақты талдаған кезде қозғалатын басқа да сұрақтар. Жалпы сабақ құрылымының үйлесімділігінің бағасы және басқа кезеңдеріне жіберілген уақыт. Уақыт босқа кетіп қалған жоқ па?

Оқу жұмысының формасын, әдістерін таңдап алуды негіздеу және олардың сабақ мақсаттарына сәйкес келуі. Оқушыларды саралап оқыту: тапсырманың көлемі, қиындық дәрежесі оқушыларға көмек көрсету дәрежесі.

Сабақтың тәрбиелік мәні: логикалық ойды дамыту, дүние тану көзқарасының практикамен байланысы, өнегелік тәрбие жағы және т.б.

Мұғалімнің сабаққа дайындығы, оның педагогикалық іскерлігі, мұғалім мен оқушылардың еңбек ету барысындағы мәдениеттілігі, ұқыптылығы, мінез-кейпі, оқушылармен қарым-қатынасы.

Сабаққа гигиеналық талаптарды сақтау: тазалық, жарықтың түсуі, оқушыларды дұрыс отырғызу және т.с.с.

Мұғалімнің сөзі дәл және айқын ба? Ол нақты жауаптарды талап ете ала ма? Математика кабинетінің мүмкіндіктерін пайдалану және сабақты ұйымдастыру туралы басқа да сұрақтар.

Мұғалім талдау барысында өз сабағына сырттай қарауға, оны тұтастай алғанда, құбылыс ретінде тануға жекелеген оқушылармен, сыныппен бірлесе отырып, тәжірибелік өзгерістер жасаудағы өзінің теориялық білімінің, тәсілдерінің жиынтығын мақсатты саралауға мүмкіндік алады. Бұл өзінің күшті және әлсіз жақтарын бағалауға, жүзеге аспайтын қорларды анықтауға, қызметтің жекелей стилінің кейбір сәттерін нақтылауға мүмкіндік береді.

Сабақты талдау процесі көп қырлы: ол – мұғалімнің өзінің, оның нақты бір сабақтағы қызметінің, ұйымдастыру, танымдық қабілеттерінің, өтілген материалдарды оқушының игеруіне әрекет етуінің, қажетті дағды мен білік қалыптастыруының, оқушылардың білім алу ерекшеліктерін сыныптың әлеуметтік қалыптары мен құндылықтарын, қарым – қатынастың басым жағдайын, жекелеген оқушылардың мәртебесін, оқу пәнінің ерекшеліктеріне негізделген «мұғалім-оқушы», «оқушы-оқушы», «оқушы-мұғалім» жүйесіндегі қарым – қатынас заңдылықтарына сүйенуді есепке алудың психологиялық ерекшеліктері.

Сезіну және өз бетінше тану процесі ретіндегі сабақты талдау өздігінен мұғалімнің талдау қабілетін қалыптастырады, қызығушылығын дамытады және оқыту мен тәрбиелеудің проблемаларын үйренудің қажеттігін анықтайды. Күрделі педагогикалық құбылыстарға бақылау жүргізе білу, оларды талдау, жинақтау және ғылыми түрде негізделген қорытынды жасау кәсіби–педагогикалық шеберлікті жетілдірудің шынайы құралы болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет