1.3 Математиканы оқыту методикасы пәні және оның міндеттері Математиканы оқыту методикасы – математика пәнінің ерекшеліктеріне негізделген оқу-тәрбие жүйесі жайындағы ғылым. Бұл жүйені меңгеру математиканы оқыту мен математика пәні арқылы оқушыларды тәрбиелеу ісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Математиканы оқыту методикасы – педагогикалық ғылым, сондықтан да ол коммунистік қоғамның талаптарына сай, педагогика ғылымы анықтап берген жалпы білім беру мен тәрбиелеудің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес құрылады. Математиканы оқыту методикасы математикалық материалдарды оқып үйренудің ерекшеліктеріне қарай, барлық пәндерге ортақ педагогикалық қағидаларға негізделген.
Математиканы оқыту методикасы мұғалімнің оқу материалдарын беру, оқушылардың математикалық білімді саналы меңгеру және алған білімін практикада қолдану іскерліктерін шыңдау әдістері мен құралдарын тағайындайды. Дегенмен, методика мұғалімге арналған ережелер мен тәлімгерліктің жиынтығы емес, математиканы оқыту процесінің заңдылықтарын зерттейтін, мұғалімнің творчестволық ізденуіне бағыт беретін ғылым болып саналады.
Методика оқу пәнінің мазмұнын, оқытудың әдістері мен түрлерін, тәрбие жұмысын өзара тығыз бірлікте, бір-бірімен байланыстыра зерттейді. Оның үстіне методика оқу жұмысының ұйымдастыру құралдары мен жабдықтарын анықтайды. Сөйтіп, математиканы оқыту методикасы мына сұрақтарға жауап іздейді:
а) Математиканы неге оқытады?
ә) Математикадан нені алып оқытады?
б) Математиканы қалай оқытады?
Математика «сандық қатынастар мен кеңістік формулалар» жайындағы ғылым, олай болса, оның өзіне тән оқыту әдістері мен түрлері және тәрбиелік мүмкіндіктері бар.
Математиканы оқыту методикасы шартты түрде үш салаға бөлінеді:
1) Математиканы оқытудың жалпы методикасы;
2) Математиканы оқытудың арнайы методикасы;
3) Математиканы оқытудың нақты методикасы.
Математиканы оқытудың жалпы методикасы мектеп математикасының бүкіл курсын қарастырады және оқытудың идеологиялық бағытын, оқыту мазмұны мен әдістерінің бірлігін, оқыту түрлерінің арасындағы байланстарды, әр түрлі курстардың (алгебра, геометрия, анализ бастамалары т.б.) арасындағы сабақтастықтарды, оқу процесіндегі тәрбие жұмысы элементтерінің тұтастығын қамтиды, оқушылар білімінің саналығы мен баяндылығын қамтамасыз етеді.
Математиканы оқытудың арнайы методикасы оқушылардың жасына, оқу материалдарының мазмұн ерекшеліктеріне сәйкес курсты оқытудың дербес мәселелерін қарастырады. Арнайы методика белгілі бір тақырыпты (мысалы векторлар) немесе программаның бір тарауын оқытудың реті жайында жүйелі нұсқау береді, оқу құралдарын қалай қолдану жөнінде ұсыныс жасап, оқушылар өздігінен орындайтын жұмыстар мен жаттығуларға арналған тапсырмалар үлгісін көрсетеді, оқыту процесінің жеке мәселелерін (мысалы, мектеп математикасындағы геометриялық шамалар туралы ұғым) қарастырады.
Математиканы оқытудың нақты методикасында
1) жалпы методиканың жеке мәселелері (мысалы, математика сабақтарында және кластан тыс жұмыстарда эстетикалық тәрбие беру; V класс математикасының сабақтарын жоспарлау және т.б.);
2) арнайы методиканың жеке мәселелері (мысалы, «Үшбұрыштар» тақырыбын оқытуда оқушылардың есептеу шеберліктерін шыңдау т.б.) қарастырылады.
Сонымен бірге, математиканың пропедевтикалық (дайындық) және жүйелі (негізгі) курстарын оқыту методикасы да бар.
Математиканы оқыту методикасының методологиялық негізі – маркстік-лениндік философия мен жасөспірімдерді оқыту және тәрбиелеу жөніндегі маркстік-лениндік ілім.
Объективті дүниені тану процесі оқыту мен тәрбиелеу заңдылықтарын танып білуді де қамтиды. Оқыту мен тәрбиенің заңдылықтарын танып білуді де қамтиды. Оқыту мен тәрбиенің заңдылықтарының мән-мағынасын түсіну танымның диалектикалық әдістері негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан педагогикалық құбылыстарды тану процесі танымның лениндік теориясының «нақты аңғарудың абстракті ойлауға және одан практикаға көшу...» дейтін белгілі қағидасы негізінде құрылуы тиіс.
Диалектикалық әдістерді методикалық зерттеулерге қолдану педагогикалық құбылыстарды өзара байланыста, дамыта отырып жан-жақты зерттеуді, сандық өзгерістерден сапалық өзгерістерге көшуді талдауды, қарастырылып отырған құбылыстардың ішкі қайшылықтарын анықтауды және алынған фактілерді материалистік тұрғыда түсіндіруді талап етеді.
Сондай-ақ, тарихи-методикалық және салыстырмалы-методикалық зерттеулер қарқынды дамуда. Тарихи-методикалық зерттеулердің негізгі бағыты – математика пәні мен оның методикасының даму ағымы. Ал салыстырмалы-методикалық зерттеулер пәні – шетелдерде математиканы оқыту методикасының өрістеуіне көмектесетіні сөзсіз.
Методиканың басты міндеті – білім беру. Сондықтан программа жасағанда, оқулықтар жазғанда, мұғалімдерге арналған методикалық құралдар шығарғанда, сабақ тиімділігін арттыруға бағытталған техникалық және көрнекі құралдар жасағанда алған білімді ескрудің зор практикалық маңызы бар.
Сонымен бірге, методика мектеп математикасының мақсатын, міндеті мен мазмұнын ашып береді. Оқытудың әдістерімен және түрлерімен, оқыту құралдары жүйесімен, кластан тыс жұмыстардың мазмұны және жүргізу әдістерімен, тәрбие процесін ұйымдастыру тәсілдерімен қаруландырады.
Дегенмен, методиканың дамуына практика да зор әсер етеді. Методикалық идеялар мен жетістіктер практикалық қажеттіліктен, мұғалімдердің төл тәжірибелерінің негізінде жасалып, методикалық ұсыныс ретінде мектеп практикасына енгізіледі.
Математиканы оқыту методикасының міндеті математиканы оқыту процесін зерттеу, заңдылықтарын ашу, оны пән ретінде оқыту теориясын жасау болып табылады.
Математиканы оқыту методикасының жалпы міндеттерін көрсете отырып, оның мынадай дербес міндеттерін атап айтуға болады.