Жоғарыда қарастырған құндылықтар, рухани құндылықтар, құндылықтық сана адамның рухани өмірін, оның қалыптасуын білдіретіндігін атап өттік. Ал енді сол рухани дүние дегеніміз не, оның жеке тұлға қалыптасуындағы орнына тоқталайық. Адам өмір сүретін әлем салыстырмалы түрде екі үлкен әлемге жіктеледі. Оның алғашқысын материалдық болмыс құраса, екіншісі рухани қатынастар, құбылыстар әлемі. Адамның тұлға болып қалыптасуында шешуші рөл атқаратын сала рухани әлем болып табылады. Әрине, адамның денесі, бітімі табиғаттың үйлесімді заңдылықтарына тәуелді болғандықтан, ол әрқашанда бұл табиғи заңдылықты бұзбауы тиіс. Бізді табиғат, заттар мен құбылыстар әлемі қоршап тұр. Материалды әлемнің әрбір заты мен құбылыстары өзара байланыс негізінде біздің санамыз бен ойлауымызда сөздік, тілдік көріністер арқылы бейнеленген. Ал, ойлау, сезім, эмоция, қайғыру, бағалау, пікір, көзқарас, қоршаған ортаны тану, өзін-өзі тану және әлемдегі орнын білу, әдемілік, жақсылық пен жамандық идеалы, эгоизм түсінігі, Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, бауырларына, туысқандарына мейірімділік сияқты қасиеттер рухани дүниені құрайды. Адамды адам ететін басты қасиет – рухани дүниесінің дамуы. Бұл дамудың алғышарттарын анықтау үшін тарихқа жүгініп көрелік. Адамзат тарихының бастауларына назар аударсақ – діннің пайда болуы өнерді туындатқан болатын, ал өнермен астарласа білім мен ғылымның негіздері қалана бастаған еді. Кеңес дәуірінде рухани дүниені біздерге материалдық дүниеден кейінгі немесе оның дамуының жалғасы, жақсара түскен материалдық жағдайдың әрі қарай дамуының жемісі деп танытты. Философиялық және басқа да сөздіктерде бұл дүниенің бастаулары жан мен рух ұғымдарына теориялық негізделген анықтама берілмей келді. 1994 жылы шыққан «Философиялық сөздікте» тәнге, денелік мәдениетке арналған мақала жоқ, ал жан не психика терминінің синонимі, не діни идеалистік ұғым деп түсіндірілді. Жанға жақын түсінік рух туралы былай делінген: «Рух (лат. Spiritus – леп, дем, иіс) – сөздің кең мағынасында - ойлау ұғымымен деңгейлес» (16). Жан мен рух ұғымдары соңғы жылдары орыс және қазақ тілінде жарияланған мәдениеттанулық басылымдарда кеңінен зерделенген. Осы жерде айта кететін мәселе олардың біртекті екенін білуіміз керек. Ал адам болмысындағы рухани және тәндік бастаулардың арақатынасы туралы мәселе философия мен мәдениет тарыхымызда шешімін таба алмай келеді. Бұл адамның күнделікті өмір тіршілігінде ешкім тәнін тастап кете алмайды деген түсінік қалыптасқан, бұл түсінікке адам рухы арқылы жетеді. Тек фантастикалық, аңыздық, мифологиялық қиялдарда ғана жан денені уқытша қалдырып, әлемді аралап содан соң қайтадан ене алады. Дегенмен жанның мұндай күйге түсті дегенін күнделікті әңгімелерден естіп білмесек, дәлелденген аксиома жоқ. Рухани дүниенің тәнмен қатынасы, оның қалыптасып дамуы туралы мәселе әрбір саналы адамды толғандырары анық. Мәселен, Аристотель адам өмірінің барлық игіліктерін үш топқа ( сыртқы, жандық және тәндік ) деп бөлген. Алайда олар өзара байланыста әрекет етеді. Бұл үшеуін дене, адамгершілік, ақыл-ой тәрбиелері тәрбиелеп дамытады (26). Жан мен тәннің құндылық деңгейін тек олар арқылы анықтауға мүмкіндік жоқ. Осыған ұқсас мәселе қою тәсілін Абайдан да көре аламыз. Ол өзінің 43-сөзінде былай дейді: «Адам ұлылығы екі нәрсе: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили (еріксіз болатын тілек), қайсысы кәсіби оны білмек керек. Ішсем-жесем демектің басы жибили, ұйықтамақта соған ұқсайды. Аз ба, көп пе білсем екен, көрсем екен деген арзу (мақсат, арман), бұлардың да басы жибили. Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби...» (27). Тән мен жанның қызметін ажыратқан, Абай, ойын-күлкі, ішпек-жемек, ұйықтамақ, мақтан, мансапқорлық, дүниеқорлық – жанды аздыратын нәрселер деп есептейді. Бұл мәселе Фарабиде былай көрсетіледі: «сенің болмысың екі табиғаттан тұрады: біріншісі түр, форма, сан мен сапалық қасиетке ие, қозғалатын немесе қозғалмайтын, жайылып бөлшектене алатын субстанция. Екіншісі біріншісінен табиғаты жағынан мүлде басқа, жоғарыдағы атрибуттардың ешқайсына ие емес субстанция. Осы екіншінің мәні тек сана арқылы танылады. Басқаша айтқанда сен екі әлемнің қосындысынан тұрасың: біріншісі ғайып әлемі, екіншісі жаратылыс әлемі. Өйткені рухың – Тәңірдің әмірімен, тәнің оның жаратылыс әлемінен жаратылған (28). Яғни ұлы ойшыл көзқарасынша тәннің кемелдігі рух, ал рухтың кемелдігін белсенді сана қамтамасыз етеді. Араб тілінен алынған бұл терминдер адамның болмыста тәнінен басқа құрылымға меңзеп тұр. Олар біртекті, егер жан адамның адамгершілігінің, кісілігінің, субьектілігінің ішкі иманнентті бастауы болып есептелсе, онда рух көбінесе, адамнан тысқары трансцендентті бастаулармен байланыстырады. Ежелгі гректерде үш түрлі жан бар дейді: ақылды жан (баста), батыр жан (кеудеде) және құмартушы жан (қарында). Ал қазақтар шыбын жан және рухи жан туралы айтады (29). Бұған дейін жан мен рух көбінесе діни-мәдени дәстүрде талқыланып келді. Бұл дәстүрде жан дегеніміз адамның рухани мәні, оның тұлғалық қасиеттерін айқындайтын күш ретінде анықталады. Мәселен Виссарионның қазіргі діни ілімінде («Соңғы өсиет») жан деп адам туа сала оның тәніне енгізілетін мәңгі құдайлық табиғаттың рухани бастауын айтады. Осы арқылы адам өзіне құдайлық құндылықтарды (жақсылық, игілік, қайырымдылық, махаббат, әсемдік т.б) қосып алады (30). Міне осы жерден руханилық мәселесі келіп шығады. Себебі адамның адамдығы интеллект, ақыл, зердемен ғана шектелмейді. Тек ақылды болып, рухсыз болу жеткіліксіз. Бұл үшін адам өзін рухани жағынан дамытуы керек. Руханилықтың ең негізгі өлшемдерінің бірі – адамның жақсылыққа қарай талпынысы. Ал кез келген мақсатқа қарай ұмтылыс жақсылыққа қарай барар жол емес. Өйткені, «мақсат – оған жетуге тиісті құралды ақтайды» деген қағида адами өлшем тұрғысынан теріс түсінік болып табылады. Жақсылық жасай білу – адамды адам еткен іс-әрекеттердің бірі, ол руханилықтың құрылымын қалыптастырушы өнердің бірі. Қоғамдағы әділдікті ешқашанда күштеу, зорлау арқылы жүзеге асыруға болмайды. Ал руханилық дегеніміз, ғалым І.Ерғалиевтің анықтамасы бойынша, барлық әлемге (макрокосмосқа) эквивалентті (тең деп айтуға болады) адамның микрокосмостық универсуммен (космоспен) жіктелмейтін үйлесімділік тұтастығы. Универсуммен бұл үйлесімділік тұтастығын адам ең жоғары ерекше формаларда сезініп, онымен айрықша бірігіп, ырғақты күйге бөленеді. Адамның өзінің космоспен (универсуммен) үйлесімділік тұтастығын сезінетін, соған реалды енетін осы күйін руханилық деп атауға болады (31). Бір айта кететін жай, адам рухы өзін қоршаған ортасында алғаш танысқан құндылықтар және дүниетанымды ұстындармен тұтастану арқылы өзіндік болмысына қайтып келеді. Осы ойды негізге алсақ, барлық адамдардың рухтық әрекет ету бастаулары бірдей, бұл оның бір жаратушыдан таралғандығын білдіреді. Жер шарының әр жерінде оқшаулықта пайда болған адамдардың рухани мәдениеттік ұстындық түпнұсқалары ұқсас. Мысалы, адамзат қауымдастықтары жасаған көптеген мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері мен ортақ белгілерін зерттеген АҚШ әлеуметтанушысы Дж. Мердон 60-тан аса мекенде мәдениеттің барлық барлық қауымдастықта кездесетін ортақ белгілерін көрсетті. Олар: тіл, дін, еңбек құралдарын жасау, сексуалдық ұстамдылық, спорт, сыйлық тарту үрдісі, символдар т.б (32). Осы жөнінде С.Нұрмұратов өз зерттеуінде: «Адамдар бірінің тілін түсінбесе де, дінін, саяси жүйесін жүйесін қабылдамаса да, өзара жақындастырушы, біріктіруші күштің әрқайсымыздың ішімізде екенін сезеді» (33) - дейді. Ол күш рухани құндылық. Рухани құндылық махаббаттың жемісі. Ал махаббат адамды жарқын болашаққа, мақсат, мұратқа жетелейді. Мұны біз Қ.А.Ясауидің: Ия, достар, пәк махаббатты мақсат еттім, Бұл дүниені дұшпан тұтып жүрдім міне, (34) – деген хикметінен аңғарамыз. Ал А. Құнанбаев: «Адамшылықтың алды махаббат, ғадалет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ» (35) – дей келе асыл сезімді жүректе мәңгі сақтап, өмірге арқау етуді өсиет етеді. Жеке тұлға руханилығын дамытып ғана өз өмірін үйлесімдендіре түседі. Ол өз жанының сыртқы көрінісі –рухының арқасында биікке көтеріле алады. Рухани дүние тұлғаның дүниетанымымен, іс-әрекетімен тікелей байланысты. Адамның өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерін әлемге паш етуге дайындығы, яғни ақылын, дарынын, қабілетін, шеберлігін, ішкі нұрын, жүрек жылуын адамдарға, табиғатқа, ғаламға беруге ұмтылуы – рухани дүниенің бір келбеті. Рухани дүниенің дамуы – ол күнделікті өмірлік асулардан асам деген атқа лайықты түрде өте білу. Сондықтан, үнемі, үздіксіз дамуда болу керек. Міне, осы мәселе жөнінде Индира Зарипованың ойлары көңіл аударарлық. Ол өз ойын былай тұжырымдайды: «Адам әрбір күннің әрекетімен қайта-қайта жаңғырып отырады деген ойға үйрену оңай емес. Біздің қалыптасуымыз – түкке тұрмаушылықтан ұлылыққа дейінгі жолды қайта-қайта өтуден тұрады. Қайта-қайта құлдырау мен асқақтау. Бұндай қалыптасусыз біз тірі емеспіз» (36). Міне осы қалыптасудың негізгі өзегі – адамдардың өзінен басқа әлемге деген қарым қатынасы. Дүниедегі кез келген адамды өз жақынындай қабылдай алған, оған өз бойындағы ыстық ықылас – махаббатын сыйлай алған адам нағыз рухани дамудың жолына түскен адам. Ал, болмысқа басқаша көзқараспен қараушылық – прагматистік әр түрлі есеп көздеуден құрылған қадам болып табылады. Адамның рухани дүниесінің, яғни жеке тұлға қалыптасуының тағы бір көрінісі – оның шығармашылығы. Ол адамға тән еркіндіктің, әркімнің дарындылығының, шынайылылықтың, еңбекқорлықтың әлеуметтік практикада жүзеге асуы болып табылады. Әрбір еңбектің нәтижесі шығармашылықтан туындап отырса, онда дүниедегі көптеген қайшылықтардың шешілгендігінің белгісі болар еді. Бірақ, тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан жеке индивид көп жағдайда өз қалауына сәйкес келмейтін істерді атқару кезеңінен өтеді.міне, осы сынақтардан сүрінбей өту, яғни қандай еңбекті болса да шынайылықпен атқаруға тырысу рухани даму жолына түскен азамат үшін міндетті асу болып табылады. Сынақтың үлкені мен кішісі жоқ, күнәнің де маңызды, маңызсызы болмайды. Адам барлығына да жауапкершілікпен қарағаны жөн. Сонда ған ол өзінің «менін» биік деңгейге дейін жетілдіре алады. Рухани дүниесінің даму жолынан алыстаған адам өзімшілдіктің өзімшілдіктің, менмендіктің қақпанына түседі. Оның ақылы, пайымы мен зердесі, толық өзіндік болмысы жеке бастың сұраныстарын күйттеуге көшеді. Ондай адам ар-ұяттың бақылауынан тыс өмір сүре бастайды, адамның бойындағы рухани қасиеттерден арыла бастағанын өзі сезбей қалады. \ Руханилықты қалыптастырушы маңызды элементтің бірі – құндылықтар жүйесі дей аламыз. Құндылық – адамның тілегін, қажетін және мүддесін қанағаттандыратын зат пен құбылыс сипаты. Құндылық субьектінің өз қажетін қоршаған дүние заттарын өзіне сәйкес ұғыну салдарынан қалыптасады. Әлеуметтік ортада өмір сүретін субьектінің рухани құндылықтарына мыналар жатады: а) Өмірлік мәнділіктер – ізгілік пен зұлымдық, бақыт пен мақсат және өмірдің мәні туралы ұғым. б) Кешенді құндылықтар: өмір, денсаулық, жеке бастың қауіпсіздігі, отбасы, тұрмыс күйі, туысқандар, білім, мамандық, құқықтық тәртіп т.б. в) Қоғамдық тану (еңбек сүйгіштік, әлеуметтік күйі т.б.). г) Бір бірімен қатынас (адалдық, мейірімділік). д) Демократиялық ( сөз бен ар бостандығы, еркіндік). Аталған құндылықтар түсінігіне сәйкес адам ортасын өзгертуге, өзін де өзгертуге әрекет жасайды. Яғни жеке тұлға қалыптасуының сатылары жүреді. Сондыұтан адамның мәні – рухани дамуда. Ол өз рухани деңгейін көтере отырып, адамдағы терең ақылдың қасиеттерін ашады, бойындағы дарынын тиімді пайдалана бастайды. Ал, енді мұсылман дінінде, жалпы Шығыс халқының дәстүрлі мәдениетінде терең орын алған әқанағат», «тәубе» ұғымдары жеке тұлғаның рухани қалыптасуының үйлесімдендірушісі болып табылады. Бұл мәселелер жөнінде Ғ.Есім былай дейді: «Тәуба деген - адамның бұл дүниеде барлығына қанағат етуі. Тәуба басы – адамның тірі, бар болуы болса, одан кейін Алланың берген несібесіне разылық білдіру, одан әрі бұйрыққа жаратушының әміріне сәйкес ғұмыр кешу» (37). Әрине, бұл жерде бұл құбылыстардың шын мәнінде адамға қызмет етуі үшін – Сабырлылық, Шыдамдылық, Рақымдылық пен Ізгілік сияқты қасиеттер адам болмысының негізін құрай бастауы керек. Олар өзінен өзі қалыптаса салмайды, оған әрбір адам өз өміріндегі қиындықты жеңе білу арқасында, өзін-өзі тәрбиелеу нәтижесінде жетуі тиіс. Міне, сол кезде халықтық педагогиканың да, оның даналығының да, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың прогрессивтілерінің де рөлі зор. Тағы да айта кететін мәселе адамның рухани дүниесі қалыптасуы үшін этикалық құндылықтардың маңызы зор. Бұл туралы Д. Кенжетай «Адамның адамдық сипаты оның ахлақи-моральдық құндылықтармен сомдалуы» (38) деп жазады. Ал жетілу жолына түскен адам өз болмысындағы жалған құндылықтардың жүйесінен арылып, батыл түрде жаңа рухани даму жолына түсуі қажет. Өйтпесе, рақаттану, «өмір қызығын көру»,жалқаулану, пайда ойлау, даңқ пен атақ іздеу, өтірік айту, өзгелерге агресияңды көрсету, екіжүзділік таныту сияқты қасиеттерді бойға үйір етіп алады. Сондықтан адамгершілік деген рухани құндылықтың не екенін жан дүниесімен қабылдап ғана адами болмысымызды биіктете аламыз. Әлемге деген құндылықтық қатынастар сонау балалық шақтан қалыптасып, адам ғұмырының түгел бойында даму, өзгеру үстінде болады. Құндылықтар жүйесінің тұлға үшін тұтасымен қайта қаралуы өте сирек кездесетін жағдай. Бірақ ондай мүмкіндіктерді де жоққа шығаруға болмайды. Адамның рухани дүниесінің қалыптасып, дамуы үшін қажетті рухани құндылықтарды әр заманның ақындары мен жазушылары, философ, ғалымдары көрсетіп беріп отырды. Әлемді жайлап алған маскүнемдік пен нашақорлық үрдістері адам рухани дүниесі дағдарысының бір көрінісі. Бұл үлкен глобальды мағынадағы мәселе. Оның шешімі әрбір тұлғаның рухани жетілу жолына бетбұрыс жасауымен байланысты. Көптеген мемлекеттер тең құқықтық деңгейде қатынастарды реттеп отыруға, шектеп отыруға тырысады. Шынайы бақыт адамның өзін адам екендігін сезіне білуінде.