Оңтүстік- батыс және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі көлдік-алювиальды жазықты ұзындығы ондаған шақырымға созылатын қамысты-қоғалы сазды шалғындар алып жатыр. Олар Сасықкөлге құятын Тентек, Алакөл мен Жалаңаш көлдің аралығындағы Ырғайты өзенінің сағасында айқын байқалады.
Тауалды көлбеу жазықтары Жетісу Алатауының, Қайқаң, Жабық, Күңгей тауларының Алакөл ойысына ұласар шекаралық бөлігінде тараған. Алакөлге қарай еңістігі айқын байқалатын көлбеу жазықтың ені 10-20, ұзындығы 100-150 шақырымға дейін жетеді. Жазықтың оңтүстік-шығыс бөлігінің беті уақытша ағын судың эрозиялық әрекетінен бұзылған. Еріген қар, жаңбыр суларының тау жыныстарын шаю үрдісінің барысында мұнда құрғақ аңғалар, сайлар түзілген. Кейбір сайларда шағын бұлақ бастауларда болады.
Алакөл ойысының тауалды көлбеу жазықтары ежелгі мұз басулардың, сонымен қатар тұрақты және уақытша ағын сулар тасымалдаған бос тау жыныстарының шөгуінен түзілген ысырылу конусы немесе шлейфі болып табылады. Көлбеу жазықтардың теңіз деңгейінен биіктігі 400-900 метр аралығында ауытқиды. Шолақ , Ақшакүңгей тауларының етегіндегі көлбеу жазықтарда гифсофитті қиыршық тасты шөлдер қалыптасқан .
20 ғасырдың басында В.А.Обручев ысырылу конусы болып табылатын кесек тау жыныстарының қалың қабатының бетіндегі жұқа сазды лессті топырақта жусан, қараған, боялыш сияқты сирек өсетін шөл өсімдіктері тараған. Малта тасты моренналы жыныстардан тұратын көлбеу жазықтардың аралығындағы нашар байқалатын құмды, малта тасты, қиыршық тасты болып келетін құрғақ арналарда бұталы өсімдіктер таралған деп жазды. [8] Күңгей, Жабық тауының солтүстік беткейінің етегін бойлай ен, 10-15 шақырымға жететін көлбеу зандрлы белесті жазықтар созылып жатыр. Ол кей жерлерінде биіктігі 791 метрге дейін жететін ақтас, Қызылқора, Егіз Қызыл сияқты жекелеген биік төбелердің кездесуі мен көлбеу жазықтарға қарағанда көлге қарай еңістігі жақсы байқалуымен ерекшеленеді.
Литологиялық тұрғыдан алғанда негізінен кесек малта тасты-қиыршық тасты ысырынды моренналы және оның бетіне шөккен сазды, құмды-сазды жыныстардан тұрады. Жазық теңіз деңгейінен 400-800 метр биіктік белгілері аралығын қамтиды ( В.А.Обручев 1940 Пограничная Джунгария Т.З.Вып. г. Л-М: издательство А.Н. СССР 208 стр)