1.2 Фразеологизмдердің белгілері Фразеология туралы еңбектерде фразеологизмдердің негізгі үш белгісі болатыны көрсетіліп жүр: мағына тұтастығы, құрылымының тұрақтылығы және қолданылу тиянақтылығы. Бұл белгілердің қатарында фразеологизмдердің бейнелілігі көрсетілмеген. Фразеологизмдердің тұтастығы жай ғана тұтастық емес, бейнелі, мәнерлі тұтастық. Бейнелілік, мәнерлілік фразеологизмдердің басқа белгілері сияқты маңызды белгісі болып табылады. Сөйтіп, фразеологизмдер басқа тіл бірліктерінен төрт түрлі белгі-қасиетімен ерекшеленеді: 1) құрылым тұрақтылығы. 2) мағына тұтастығы. 3) даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы. 4) бейнелілігі, мәнерлілігі. Осы белгілер фразеологизм атаулының бәріне тән, тек бірінде толық, бірінде солғын болуы мүмкін. Фразеологизмдердің жоғарыда көрсетілген белгілерін құрылымы немесе мағынасы жағынан оларға ұқсас басқа тіл бірліктерімен (еркін сөз тіркестері, күрделі сөздер, сөйлемдермен) салыстырғанда айқын көруге болады.
Фразеологизмдердің еркін сөз тіркестерінен айырмашылығы. Бірінші айырмашылығы. Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде сөздердің мағынасы жағынан өзара үйлесе отырып, кем дегенде екі сөздің грамматикалық жолмен еркін тіркесуінен жасалады, бірақ еркін сөз тіркестерінің құрамы тұрақты болмайды. Олардың құрамындағы сөздерді мағынасы, айтылуы жағынан солармен үйлесетін басқа сөздермен айырбастауға, орнын ауыстыруға болады.
Ал фразеологизмдерге келсек, олар да кем дегенде екі сөздің тіркесуінен жасалады, бірақ олардың құрамы тұрақты.
Екінші айырмашылығы – фразеологизмдердің мағына тұтастығында. Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологазмдердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарымен сәйкеспейді, яғни лексикалық мағыналардың жиынтығы емес. Фразеологизмдік мағына дегеніміз – құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады.
Тіпті фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналары анық байқалғанның өзінде, фразеологизмдердің мағыналары семантикалық біртұтастығынан айрылмайды.
Үшінші айырмашылығы – фразеологизмдердің даяр қалпында қолданылу тиянақтылығында. Оған негіз болған фразеологизмдердің жоғарыда айтылған құрылымдық тиянақтылығы мен мағына тұтастығы. Осы белгілердің сақталуы нәтижесінде фразеологизмдер даяр тұрақты тіркес сипатына ие болады. Фразеологизмдер сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде жасалынбайды, біртұтас тіл бірлігі ретінде даяр қалпында жұмсалады.
Сөйлеуші бұларды сөйлеу үстінде өздерінше өзгерте алмайды. Олар осы қалпында адамдардың жадында сақталған, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп, даяр қалпында қайталанып отырады.
Ал еркін тіркестер керісінше сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде құрамындағы сөздердің өзара үйлесіп еркін тіркесуі арқылы жасалады. Еркін тіркестердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарына тәуелді, яғни фразеологизмдердей қайта жаңғыртылған мағыналар емес.
Төртінші айырмашылығы – фразеологизмдердің көпшілігіне мәнерлілік, айқындық, бейнелік қасиет тән екендігінде. Бұл қасиет фразеологизмдердің стилистикалық мәнін аттырады. Бесінші айырмашылығы – еркін тіркестер бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аударуға көнеді.
Ал фразеологизмдер әдетте бір тілден басқа тілге сөзбе-сөз аударуға көнбейді, оларды басқа тілдегі баламалары арқылы немесе фразеологиялық мағыналарын түсіндіру арқылы беруге болады.
Осы сияқты айырмашылықтарымен бірге фразеологизмдер мен еркін тіркестердің жақындасатын жағы да бар. Құрылымы сөйлемге ұқсас фразеологизмдердің құрамы формалды түрде еркін сөз тіркестерінен тұрады.
Бұлар фразеологизмдік сипат алғанда, өздерінің еркін тіркестік мағыналарынан айрылып, бейнелі фразеологизмдік мағыналарға ие болған. Сөйтіп, бұл арада еркін тіркестердің фразеологизмдерді жасайтын материал болып табылатынын көреміз.
Фразеологизмдердің сөзбен жақындығы. Бұлардың жақындығын білдіретін мағыналары мен атқаратын қызметтеріндегі ұқсастықтан көруге болады. Сөздің, фразеологизмге жақындығы екі жағдайда айқын байқалады.
Бірінші, тілдегі әрбір дербес мағыналы сөз лексикалық бірлік ретінде жеке тұрып, белгілі бір ұғымды білдіріп, даяр қалпында қолданысқа түсіп отырады. Сөйлеу үстінде белгілі бір затты, құбылысты, әрекетті қалай атаймыз деп жатпаймыз, ұрпақтан-ұрпаққа белгілі даяр атаулармен атаймыз.
Яғни еркін тіркес сияқты сөз атау ретінде сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде жасалмай, даяр қалпында жұмсалады.
Екінші, лексикалық бірлік ретінде сөз де фразеологизм тәрізді бір ұғымды білдіреді, яғни ұғымын білдіруі жағылап сөз бен фразеологизмнің арасында ұқсастық бар. Осы ұқсастық нәтижесінде фразеологизмдер лексикологиямен жақындасады.
Сөйтіп, жоғары айтылғандардан фразеологизмдердің екі жақты құбылыс екенін, екі жақтылығын көреміз.
Фразеологизмдердің сөйлеммен арақатынасы. Фразеологизм мен сөйлемнің құрылымдық жағында формалды лексикалық, ұқсастық бар. Фразеологизмдерде жай, құрмалас сөйлемдер сияқты құрылымдар кездеседі.
Фразеологизм мен сөйлемнің айырмашылығы лексика-семантикалық және синтаксистік қызметіне байланысты. Сөйлемнің негізгі функциясы коммуникативтік. Сөйлем – тілдің коммуникативтік бірлігі, синтаксистің объектісі. Ал фразеологизм ұғымды бейнелеп, мәнерлеп немесе тұспалдап, астарлап білдіретін лексика-семантикалық бірлік, ол осы жағынан лексикалық бірлік – сөзге, сол арқылы лексикологияға жақын. Сөйлемді синтаксистің объектісі ретінде мүшелеуге, сөйлем мүшелеріне талдауға болады. Фразеологизмдер лексика-семантикалық идиомалық бірлік болғандыктан, өз ішінен мүшеленбейді, тұтасымен бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады.
Фразеологизмдердің жоғарыда талданған белгілерінің универсалдық сипаты жөнінде «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» былай делінген: «Егер белгілі бір тілде сөз категориясы болатын болса, фразеологизмнің мазмұны мен формасы тіл типіне тәуелсіз осы универсал белгілердің бәрін де сақтайды, себебі фразеологизм сөздердің тіркесуінен жасалатын категория» [5, 560].