2.2 Фразеологизмдерді аудару мәселелері Фразеологизмдер, жалпы тілдердегі тұрақты тіркес атаулының бәрі аударма практикасы үшін де, теориясы үшін де ең қиын, күрделі проблеманың бірі. Аударма тәжірибесінде фразеологизмдерді екінші тілге берудің неше түрлі қиындықтары кездесіп, теориялық тұжырым жасауға итермелейді. Өйткені әр тілдегі фразеологазмдердің мағыналық және сталистикалық қызметі алуан-алуан болады. Оның құрамына кірген сөздердің байланысы да әр тілде әрқилы. Міне, осыларды аудару кезінде әр тілдің өзіне ғана тән сөздердің тіркесу ерекшелігі көрінеді.
Фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару мәселесі аса қажет, әрі барынша қиын проблема екенін сол еңбектерден және көркем әдебиетте қолданылып жүрген фразалық тіркестер табиғатынан-ақ тануға болады. Ғылымда фразеология мәселесі сөз бола бастаған уақыттан-ақ оны екінші тілге аудару жайы қарастырылып келеді. Аударма ел мен елдің арасына дәнекер болатын аса зор мағыналы құрал. Аудармамен шұғылданған бірде-бір зерттеуші фразеология мәселесін аттап өте алған емес. Тіркестердің аудармасын тікелей тексермегенмен, аудармашы-зерттеуші өзінің саласына қатысты тұстарда фразеология аудармасына байланысты пікірін айтып отырған. Бұл тұста ескеретін бір жайт, сол айтылған пікірлердің бәрі біркелкі емес екенін және ондай пікір қозғаушылар әрқилы ғылым өкілдері екенін есепке алған жөн. Жалпы аударма проблемасы жөнінде айтылып жүрген тұжырымдарды екі топқа бөлуге болар еді. Бірі әдебиетшілер тарапынан айтылған, екіншісі тілші ғалымдар ұстанған пайымдаулар. Бұл екі ағым өкілдері қызу қарқында қарсы дау айтысқанмен, кейін аударма теориясының өзіне ғана тән, өзіндік сырларына тереңірек үңіліп, көп жағдайда келісімге келген. Мұның өзі белгілі дәрежеде аударманың ғылым ретінде қалыптасып, әрқилы проблемаларын алға тартқанын танытады. Сонда да болса, біз аударма мәселелерін әдебиетшілер мен тілшілер қауымдаса тексеріп жатыр деп айта алмаймыз. Ғылым болған соң оның даулы, даусыз мәселелері толып жатады.
Фразеологизмдерді аудару мәселесі аударма теориясының бір саласы болғандықтан, бұл жайында тілші, әдебиетші ғалымдар әрқилы пікір өрбіткен.
Бұл мәселені орыс ғалымдары да, қазақ ғалымдары да, ағылшын ғалымдары да сөз етіп жүр. Басқа тілдерде де аударма ғылым объектісі болып табылады [10, 38].
Тұрақты тіркестердің екінші бір тілдегі табиғатын тексергенде, біздің жүгінетініміз орыс ғалымы, тіл маманы А.В.Федоровтың еңбектері. А.В.Федоровтың аударма теориясын жасаудағы рөлі айрықша. Оның «Основы общей теории перевода» кітабында біраз мәселелер қарастырылған. Фразеологизмдердің аудармасына байланысты да көптеген ғалымдардың еңбектерін мұқият қарап, қорытынды пікір айтуға тырысқандық байқалады.
Фразеологизмдердің аудармасы жөнінде әдебиетші ғалымдар да, тіл білімпаздары да, жазушы-журналистер де бірде арнайы тоқтап, енді бірде белгілі бір проблемаларға байланысты пікірлерін айтқан. Қай-қайсысы да белгілі бір көркем шығарманың аудармасын қараған кезде мақал, мәтелдер мен идиомалық тіркестердің аудармадағы көрінісін байқамай өте алмайды. Аударма теориясы үшін, оның ішінде фразеологизмдерді екінші тілде беру мәселесіне келгенде, әр кезде әртүрлі елдің әрқилы көркем туындыларының аудармасы жайында айтылған мұндай пікірлерді жинақтап, електен өткізудің мәні зор.
І.К.Кеңесбаев, М.К.Қаратаев, М.Б.Балақаев, Ғ.Ғ.Мұсабаевтардың зерттеулерінде осы мәселе тұрғысында біраз пайымдаулар жасалған. Қазақстанда аударма теориясын жасауға мейлінше зор еңбек сіңірген аудармашы ғалымдарымыз болды. Олар - С.О.Талжанов пен Ә.Сатыбалдиев. Аударма ғылымының теориясын жасауда бұлардан да басқа ғалымдардың үлесі мол. М.Жанғалин, Қ.Сағындықов, К.Шәріпов, I.Жарылғаповтардың ғылыми ой-пікірлері қазақ аударма ғылымының қалыптасып, дамуына едәуір ықпалын тигізді. И.Ландау, С.Қоспанов, Бектемісов, З.Тұрарбеков диссертациялық еңбектерінде де фразеологизмдерді аудару жайында аракідік айтылған пікірлер бар. Жеке жазушылардың тілі және стилі, олардың көркем шығармаларда қолданған бейнелеуіш құралдарына арналған диссертациялық жұмыстар және зерттеулер көп. Жазушы бейнелеуіш құрал есебінде қолданған фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді тексерген арнайы еңбектер де бар. Мұндай жұмыстарда аударма мәселесі арнайы сөз болмағанмен, көңіл тоқтатуды тілейтін біздің тақырыбымызға аз да болса қатысы бар ғылыми тұжырымдар кездеседі.
Тілші ғалымдардан бұл салада ой толғағандардың бірі - I. Кеңесбаевтың мына бір тұжырымын алдымен еске алған жөн. «Аудару техникасы, аударма тілі өз алдына айрықша сөз болуға, айрықша тексерілуге тиіс деп ойлаймыз».
Академик ғалым «Қазақ тілінің идиомдары туралы» деген зерттеуінде аудару техникасына да байланысты өз топшылауларын айтқан. Ол идиома, мақал, фразалардың өзара айырмашылықтарын талдайды да, оларды басқа тілдерге аударудың жолдарын қарастырады. Бұларды аударуға бола ма, болмай ма деген сұрақтарға жауапты ғалым мақал, фраза, идиомдардың өз қасиеттерінен түзейді. Әрбір жеке тілдің өзіне ғана тән және анағұрлым көнеленген идиомдар сияқты категорияларды «калька» ретімен алмасқа лаж жоқ дейді. Мақал, фраза, идиомдардың лексикалық өзгешеліктерін егжей-тегжейлі талдайды да, олардың сөзбе-сөз аударуға келмейтіндігін түйеді. Бірақ І. Кеңесбаев бұларды бір тілден екінші тілге мүлде беруге болмайды деп үзілді-кесілді пікір айтпайды. Оларды аударудың әртүрлі жолдарын «ізденіп мағына жағынан сәйкес келетін тізбектерді тауып, аударма тілін жұртқа түсінікті етуді қарастыруымыз керек», - деп түсінеді.
М.Балакаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаевтар «Қазақ тілінің стилистикасында» фразеологияның аудармасына арнайы тоқтаған. Мұнда авторлар мәселенің қиындығын айтып қарап отырмай, фразеологизмдерді аударудың әртүрлі жолдарын қарастырады. Үш түрлі тәсіл болуы ықтимал екенін дәлелдейді. Ол қандай тәсілдер:
Біріншіден, «фразеологазмдерді аударуда оның жалпы мағынасы беріледі».
Екіншіден, «фразеологизмдерді аударуда олардың өзара мәндес келетіндігі ескерілетінін» айтады. Тіл-тілдегі фразеологизмдердің өзара сәйкес, мәндес келуі, шынында да аударманың жатық, түсінікті болуына септігін тигізеді. Мұның аударма жұмысын едәуір жеңілдететіні сөзсіз.
Үшіншіден, «көптеген тұрақты сөз тіркестері бір тілден екінші бір тілге сөзбе-сөз аударылады». Бұл тұста авторлар тұрақты сөз тіркестерінің басқа түрінен идиомдарды бөліп алады. Мақал-мәтел, қанатты сөздердің сөзбе-сөз аударуға тезірек көнетінін мысалдармен көрсетеді.
Мұндағы аудармалар – әр тілдің фразеологиялық қорын байытатын көз. Осымен бірге сөзбе-сөз аударманың өрескел қатеге апарып соқтыратын сәтсіз мысалдарын да әртүрлі саяси көркем әдебиеттен алып көрсетеді.
Аудармашылар үшін тағы бір аса қажетті пікір мынау ма деп ойлаймыз. Аталған кітаптың авторлары фразеологизмдерді аударудың әлгіндей бірнеше тәсілдерін талдай отырып, аудару процесінде кетіп жататын қателердің сырына үңіледі. Мұндай жағдайда, әсіресе әр халықтың тілді қолдану дәстүрін мұқият ескере отыруы, әрбір тұрақты тіркестің шығу, жасалу төркінін зерттеп білу қажет екенін басты шарттың бірі есебінде ұсынады. Яғни, авторларша айтқанда, «фразеологизмдерді аударуда олардың мағынасын, қалыптасу жолын жақсы білу» қажет. Сөйтіп фразеологизмдерді аударудағы ең өнімді тәсіл сөзбе-сөз аударудың тиімді, тиімсіз жағы бар екен. Қазақ тілшілерінің фразеологизмдерді аудару жөніндегі пікірлері осыған саяды [20].
Жалпы Қазақстан бойынша аударма мәселелері жөнінде келелі ой толғап, кесек пікір айтқан ғалымдар көп емес. Осы деңгейден қарасақ, М.Қаратаевтың көркем аударма проблемаларына байланысты жазған сын-зерттеу мақалалары алдымен көзге түседі. Республикамызда көркем аударманың маңызын, мәнін, оның ерекшеліктерін жете түсініп, сауатты, салиқалы пікір айтушының бірі де М. Қаратаев. Аударманың әртүрлі мәселелеріне арналып жазылған еңбектерді түгел талдап жатпай-ақ, біз бұл жолы ғалымның тұрақты тіркестер төңірегінде айтқан ойларын қарастырамыз.
Проф. Қаратаев «Тынық Донның» қазақшаға аударылуы және көркем аударманың кейбір мәселелері» [21] деген мақаласында тіл проблемасының, соның ішінде «орыс тілінде де бар, бейтарап идиома деп аталатындардың қалай шешілгенін сөз етеді. Автор тұрақты тіркестер түрін талдап жатпайды. Термин қолдану жағынан ауытқитын жерлері де бар. Жалпы идиом атаулының екі түрін бөліп алып, солардың аударылғыштық қасиетін тексереді. Бейтарап идиомдар және «ұлттық өз бояуы, ерекшелігі бар идиомдар». Зерттеушінің пікірі бойынша, бұлардың алғашқыларын «дәлме-дәл, тіпті сөзбе-сөз дерліктей етіп аударуға мүмкіндік бар». Ал ұлттық ерекшелігі бар идиомдарды дәл бұлай аударуға болмайды. Сөзбе-сөз аударғанда түпнұсқа мағынасын беру мүмкін емес. Өз пікірлерін өзге ел ғалымдарының пікірлерімен тиянақтайды. Мәселен, әзірбайжан ғалымы Д.Азимовтың да осыны қолдайтынын айтады. Мұндай идиомдарды аударуға болмайтындықтан, олардың тек қана баламасын іздестіру қажет деп біледі.
Аударма кезінде ауыз әдебиетінің сөз орамдары да творчестволықпен пайдалануға болатыны әңгімеленеді.
Ал орыс тіліндегі идиомдарға сай балама қазақ тілінен табылмайтын жағдайда аударушьшар жаңа идиомдар мен мақалдар құрастыруға тырысқан. М. Қаратаев идиомдар проблемасын арнайы зерттемеген. Оны тек аударма проблемаларының бірі ретінде жол-жөнекей сөз етеді. Бұл түсінікті де. Аудармада жазушының көркем бейнелеуіш құралдары қозғалмай тұрмайды. Сол себептен идиома аударма талдамасының логикалық жалғасы ретінде аз ғана тексерілсе де, ойға азық тастайды. Сағындықов халықтар мақал-мәтелдерінің кейбірі неге біріне-бірі сай келеді деген мәселеге тереңдемейді. Осы мәселенің сырына аз да болса М. Қаратаев үңіліп, толғамды пайымдаулардың басын бастаған тәрізді. Ол: «Барлық халықтардың, соның ішінде орыс халқы мен қазақ халқының да ауыз әдебиетінде пікірлеу образдарына, суреттеудің поэтикалық құралдарына, халықтардың сан ғасырлар бойы тәжірибесін, даналығын бейнелейтін мақалдар мен мәтелдерде бәріне ортақ, ұқсас, туыс жәйттер көп», - дейді. Бұдан біздің байқайтынымыз М. Қаратаев идиомдарды мүлде аударылмайтын категорияға жатқызбайды. Оларды бір тілден екінші тілге аударуға әбден болатынын «Тынық Донның» қазақша аудармасын тексеру арқылы дәлелдейді. Және аударманың әрқилы тәсілдерін көрсетеді. Халықтардың тарихына тереңірек үңілсек, көптеген көрші елдің тіршілігі, болмысы, кәсібі ұқсас болғанын байқаймыз. Ұқсас тірлік, ортақ кәсіп әр тілде түрлі асыл ұғымдарды, нақыл сөздерді дүниеге келтірген. Бұдан халықтар ой-пікірінің тең, деңгейлес екенін, қай-қайсысының болса да тілге шешен, ойға жүйрік екенін білеміз. Олай болса, қай халық жасаған ұғым болмасын, оларды бірінен-біріне аударуға әбден болады.
Басқа тілдерге қарағанда, қазақ тілінде аударма мәселесінің зерттелу жайы онша мақтарлық емес. Ал оның жекелеген проблемаларына келгенде жағдай мүлде төмен. Мәселен, көркем әдебиеттегі тұрақты тіркестердің екінші тілде берілу жайы арнайы тексерілмеген сала. Басқа тілдерде аударма проблемаларын сала-салаға бөліп, жан-жақты терең талдаған. Әрине біз бұл салада арнайы еңбек жазып, өзінің күллі өмірін аударма теориясын жасауға арнағандардың ісін жоққа шығара алмаймыз. Алайда бірді-екілі еңбекпен ғылым жасалмайтыны да белгілі. Жоспарлы түрде жұмыла кірісіп, аударманың бар тармағын тарамдап талдағанда ғана ғылыми ой-пікірлер дамып, ғылыми айтыс туғанда ғана ғылым болмақ.
Қазақ тілінде де аударманың жеке салаларына арналған еңбектер бар. Солардың ішінен жазушы Мұзафар Әлімбаевтың «Өрнекті сөз — ортақ қазына» деп аталатын кітабы. Бұл кітап ақынның көптен ізденіп, жинақтап жүрген еңбегінің нәтижесі. Кітап мақал-мәтелдердің көркем құрал ретіндегі рөлі және оларды аударудың жолдарын қарастырады. Автор көптеп практикалық жұмыстармен де шұғылданған. Ол көптеген халықтың мақал-мәтелдерін аударып баспадан шығарған. Сөйтіп өзге ұлттың талай айшықты сөзін халқымыздың ортақ қазынасына айналдырған.