АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТ.
Азаматтық қоғам, оның мазмұны
Адам қоғамы қалай қалыптасты, оның себептері қандай -бұл туралы бір қорытынды пікір жоқ. Бірақ бұл түсінікті ең бірінші ғылымға енгізген Адам Смит, Давид Рикардо, оған саяси сипаттама берген Гегель. Дүниежүзілік ғылыми, саяси қайраткерлердің, ойшылдардың айтуынша — қоғам саналы адамдардың ерікті түрде бірігіп өмір сүруі. Бұл бірігудің негізгі себебі адамдардың бір мүдделігі, бір тілектестігі. Мұнсыз бірігу мүмкін емес. Мүдде екі түрлі болады: жеке адамның мүддесі және қоғамның мүддесі. Қоғам осы екі мүдде-мақсатты біріктіріп, дамытып отырады. Осы объективтік даму процесінде адамдардың өзара ынтымақтастығы қалыптасты. Сол арқылы жеке адамның қолынан келмейтін, әлі жетпейтін істерді атқаруға мүмкіншілік туды. К. Маркс қысқаша: «Қоғам — адамдардың өзара еңбек жасауының одағы».- дейді. Қоғамдық мүдде-мақсат, қоғамдық тілек уақытша емес, түпкілікті, нақты, объективтік мағынада қалыптасуы керек. Сонда ғана қоғамның жақсы дамуға, нығаюға мүмкіншілігі болады. Себебі қоғам - саналы адамдардың ерікті түрде қалыптасқан одағы. Егер бұл одақ, бұл бірлік еріксіз, озбырлық түрде ұйымдастырылса, ондай қоғам нәтижесіз тез тарқап кетер еді. Адам - қоғамның бірінші клеткасы. Қоғам - адамдардың күрделі әлеуметтік бірлестігі. Бұл бірлестік, бұл қоғам дұрыс, жақсы даму үшін оның ішіндегі қарым-қатынастарды реттеп, басқару керек болды. Оны қоғамның объективтік даму процесінің заңдарына сүйене отырып адамдар өздері әлеуметтік нормалар арқылы реттеп, басқарып отырады. Сондықтан мемлекет пен құқық пайда болды. «Адамдар өз тарихын өздері жасайды, - деп жазды Маркс, - бірақ олар оны өз қалауынша жасай алмайды, қолындағы барды, бұрынғыдан қалған мұраны қолдануға мәжбүр болады».
Қоғамның тарихи объективтік қалыптасқан негізгі белгілері:
- саналы адамдардың ерікті түрде бірлесіп одақ құруы;
- қоғамдық түпкілікті, нақты, объективтік мүдде мақсаттың қалыптасуы;
- адамдардың өзара ынтымақтастығының, бірлігінің қалыптасуы;
- қоғамдық мүдде-мақсат, тілек арқылы қарым-қатынастарды реттеп - басқару;
- қоғамды басқаратын, қоғамдық тәртіпті қорғайтын аппараттың, мемлекеттік биліктің өмірге келуі.
Қоғам - саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде өзара бірігуі. Мұнда міндетті түрде екі шартты элемент бар: мүдде-мақсаттың қалыптасуы және саналы адамдардың саналы түрде бірігуі.
Адамның объективтік тарихи даму процесіне және күнделікті қарым-қатынасында қоғамның бірнеше түрлері болады: өндірістік қоғам, шаруашылық қоғам, әлеуметтік қоғам, азаматтық қоғам т.б. Осылардың ішіндегі ең күрделісі, ең түпкіліктісі — адаммен бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам. Қоғамның басқа түрлері тез құрылып, тез тарап жатады. Олардың өмірі, іс-әрекетінің шеңбері, кеңістігі көп өлкеге жайылмайды, уақыты көпке созылмайды.
Қоғам - мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Оған қатынасушылардың табиғи және азаматтық құқықтарын, бостандығы мен міндетін автономиялық даму жолы қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғамда үзіліс болмайды, уақыты шектелмейді, өлкеге-аймаққа бөлінбейді, мемлекеттің барлық жерін, барлық халқын біріктіреді. Қоғам — мемлекетке тәуелді емес, дербес, ашық, жариялы қоғам. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасу ерекшеліктері: кеңестік мейлінше мемлекеттендірілген күйден шығу, қоғам мен мемлекеттің ара қатынасын тәуелсіз - дербестікте дамыту.Республика Конституциясы Казақстандағы қоғамның барлық даму сатыларын мемлекетке бағындырмастан (оның айғағы — онда «Қоғам» бөлімнің әдейі болмауы) әлеуметтік бағдарлы нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оған қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалайды. Оған: тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншікпен жеке меншікті (6-баптың 1-тармағы); адам және азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кешенін (П-бөлім); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын (27-бап); идеологиялық және саяси әралуандылықты (5-бап) және тағы басқа Конституцияда бекітілген қазақстандық азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады. Қазақстан Республикасының Конституциясында елімізде қоғамды қалыптастырып, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру бағыттары көрсетілген. Бұл бағыт мемлекетіміздің ең күрделі, ең жауапты мүдде-мақсаты.
Достарыңызбен бөлісу: |