Мәдениет морфологиясы Мәдениеттану пәнінің қалыптасуы
Тарихи тұжырымдарға сүйенсек, мәдениеттану жеке пән ретінде XІX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастады. Сондықтан да оны әлі де болса буыны бекімеген жас ғылымдар саласына жатқызамыз.
Мәдениеттану - әлеуметтік-ғылыми және гуманитарлық білімдердің тоғысында қалыптасып келе жатқан, ғылымның салыстырмалы жас саласы. Мәдениеттану терминін ғылыми қолданысқа бірінші болып АҚШ мәдени антропологы Лесли Уайт енгізді. Ол өзінің "Мәдениет туралы ғылым", "Мәдениет эволюциясы" және "Мәдениет ұғымы" атты еңбектерінде мәдениеттану басқа қоғамдық немесе гуманитарлық ғылымдардан жоғары тұрып, олардың әмбебапты тұжырымдамасы болады деген пікір айтты. Ол мәдениеттануды, антропологиядан бөлініп шыққан, қоғамдық ғылымдар кешеніндегі дербес ғылым ретінде қарастырады.
А. Швейцер кезінде философияда мәдениеттің көп зерттелмегенін айта келе," мәдениетке көңіл бөлмесе, философияның өзі мәдениетсіздікке ұрынады " — деген екен. Бұл тұжырым мәдениеттің қоғамдағы маңыздылығын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге заман шындығын айта отырып, болашаққа жол нұсқайды. Осы жерде Швейцердің сөзіне сүйеніп, мәдениеттану пәні дамымаса, ұлттық мәдениеттің негізін оқымаған ұрпақ қана емес, бүкіл қоғамның өзі өркендемейді, үнемі рухани шектеуге ұшырап отырады деп сеніммен тұжырым жасауға болады.
Мәдениет ұғымы және оның мәні.
Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:
а) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;
ә) мәдениет – адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит-микен мәдениеті, қазақ мәдениеті және т.б.);
б) мәдениет – адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті ж.т.б.);
в) агро – мәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет ж.т.б.).
Мәдениет түсінігіне ғылымның түрлі саласында көптеген анықтаулар берілді. Соның ішінде ағылшын этногрофы Э.Тайлор 1871 ж. Біршама сәтті анықтама берген. «Мәдениет, этногрофиялық кең мағынада ол өзіне білімдерді, сенімдерді, өнерді, өнеге-ғибратты, заңдарды, әдет-ғұрыптарды тағы басқа қоғам мүшесі ретінде адамның иеленетін және қолы жететін қабілеттері мен дағдыларын кіргізетін біршама тұтастық».
Мәдениеттің құрылымы мен функциялары.
Мәдениет – қоғамдық-тарихи практикалардың процесінде адамзат жасаған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы. Мәдениет – материалдық және рухани байлықтың бөлінбес бір көрінісі.
“Материалдық мәдениет” дегеніміз – қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде қол жеткен өндіріс құралдары мен басқа да материалдық байланыстардың жиынтығы.
“Рухани мәдениет” деген ұғым қоғамның ғылымда, өнерде, мемлекеттік және қоғамдық өмір мен құқықтарда қол жеткен жайларды қамтиды. Рухани мәдениет материалдық өмір жағдайының бейнесі болып табылады, оның мазмұны мен сипатын қоғамның экономикалық құрылысы белгілейді. Ұлттардың тууы мен дамуына сәйкес мәдениет ұлттық формада дамиды.
Мәдениеттанудың пәндік ерекшеліктері мен негізгі қырлары. Мәдениеттану пәні жергілікті және аймақтық мәдениеттердің сапалы ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен мирасқорлығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, ондағы басты мәдени процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасайды. Мәдениеттануды тек қана гуманитарлық ғылымдар саласында ғана емес, сонымен бірге жалпы теориялық пәндер қатарына да жатқызуға болады. Өйткені бұл пән адамзат баласының мәдени өміріндегі толып жатқан құбылыстарды жүйелі түрде қарастырады.
Мәдениеттану қоғамда болып жатқан түрлі процестерді (материалдық, әлеуметтік, саяси, адамгершілік, көркемдік т.б.) барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-біріне этно-әлеуметтік, саяси-моральдық, ғылыми, көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшеленетін түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстары мен, тәуелділіктерін зерттейді.
Мәдениеттану пәнінің негізгі қырлары мыналар:
Мәдениет онтологиясы: оны анықтаудың және таным жақтарының көп түрлілігі;
Мәдениет гносеологиясы: мәдениеттанулық білімінің негізі және оның ғылымдар жүйесіндегі орны, ішкі құрылым және методология;
Мәдениет морфологиясы: әлеуметтік ұйымдасу формаларының жүйесі ретіндегі оның функционалдық құрылымының негізгі көрсеткіштері, әлеуметтік тәжірибені реттеу және коммуникациялар, оны тану, кумуляция жасау және тарату;
Мәдени семантика; рәміздер, таңбалар, мәдениет мәтіндері және тілдері, бейнелер, мәдени коммуникациялау тетіктері туралы түсініктер;
Мәдениет антропологиясы: мәдениеттің тұлғалық көрсетткіштері туралы, мәдениетті “жасаушы” және “тұтынушы” адам туралы түсініктер;
Мәдениет социологиясы: мәдениеттің әлеуметтік страттануы және дифференциясы туралы, “ойын ережелері” жүйесі ретіндегі мәдениет туралы түсініктер;
Мәдениеттің әлеуметтік динамикасы: әлеуметтік-мәдени процестердің негізгі типтері, мәдени феномендер мен жүйелердің генезисі мен өзгермелілігі туралы түсініктер;
Мәдениеттің тарихи динамикасы: мәдени-әлеуметтік ұйымдасу формаларының эволюциясы туралы түсінік;
Мәдениеттанудың қолайлы аспектілері: мәдени саясат, мәдени институттардың функциялары туралы түсінік.