13 тақырып
Қазақтардың дәстүрлі мәдениеті. Ауызша халық шығармашылығы және музыка өнері.
Жоспар:
Музыка өнері – халық тарихының шежіресі.
Музыка - өмірдің ажырамас бір бөлігі және өнердегі көрінісі.
Қазақ ұлт болып құрылғаннан бастап төл музыкасы бірге дамыды. Ән-күй арқылы әдет-ғұрып, дәстүрлі салт-сана ұрпақтан -ұрпаққа жетіп, көшпелі халқымыздың рухани мәдениетіне айналды.Әлдилеген сәбиден бастап қарттарымызға дейін қуаныш пен мұңын музыка арқылы жеткізді. Бесік жыры, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той, т.б ойын-сауық, ән-күймен әсерленіп отырды. Әсіресе, лирикалық-әлеуметтік тақырыпқа арналған оқиғалы желіде туған, формасы күрделі музыкалар орындаушылығы жағынан мықты шеберлікті қажет етті. Қазақ халқының ақын, жырау, жыршы, әнші, өлеңші, күйшілері музыкалық мәдениеттің негізін қалады.
Көнеден бүгінгі заманға дейін келіп жеткен ақындар айтысы, өнер сүюшілер сайысы, кәсіби өнер қайраткерлерінің қалыптасуы, елуге жуық әр түрлі аспаптар қолданылғаны жайлы музыка зерттеуші- ғалымдары дәлелдеген.
Сондықтан да болар, шеттен келген адамдар ХVІІІ-ХІХ ғасырлар бойы қазақ халқының өмірі мен салтын бақылап, халықтың өнерге деген қабілетін, суырып-салма ақындығын, еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін ән-күйге деген әуестігіне таңдана қараған.
Ерте заманнан бүгінгі күндерге дейін әуен және ән өнерінің шыққаны туралы қазақ халқының аңызы бар.Бұл аңыз бойынша, әуеде қалықтаған құдыретті ән көшпенді қазақтың ұлы даласынан ұшып бара жатып төмендеген, сондықтан оны естіген халықтың табиғатынан бойына музыкалық қабілеті дарыған.
Тағы да бір халықтың айтуында «Жаратқан Тәңір әр қазақтың жанына туылғанынан күйдің бөлшегін салған»,- дейді[1].
Қазақ халқы әр қоғам мүшелерінің жас ерекшеліктеріне қарай, әуен аспаптары, оның түрлері, құрамы және орындау ерекшеліктерін қалыптастыра білген. Жас балалар шеберлердің қолымен жасалған, сыртын жылтыр бояулармен бояп, әр түрлі өрнектермен әшекейлеген, әр түрлі аңдардың, құстардың, балықтардың, үй жануарларының бейнесіндегі саз балшықтан жасалған үрмелі аспаптармен ойнап, үйренген. Олар осындай әуен құшағында, анасының бесік жырымен, үлкендердің өсиет- өлеңдерін тыңдап, өмірге деген көзқарастары қалыптасып, үлкен өмірге аяқ басқан. Содан соң жастардың әуезге, әнге деген білімдері мен шеберліктері әртүрлі отырыстарда қайым-айтыс, тартыс, қара өлең айту арқылы шыңдалып отырған. Есейе келе ән қорына махаббат әуендері, тойларда айтылатын жар-жар, қалыңдықтың қоштасу әні және де аңшылардың аңға шығарда, сарбаз әскерлердің жорыққа аттанарда қолданған -дабыл, дауылпаз, шыңдауыл секілді аспаптардың үндері мен толықтырылып отырған. Ал, үлкендер өз ән-күйлерінде елдің бірлігі, халықтың мұң-мұқтажы, салт-дәстүрі мен айтыстарды өз руларының жеңіс, жетістіктерін жырға қосып жырлаған.Ақсақал, қариялар әуен арқылы жастарға өнеге-өсиет, өмірдің өткінші, бақыттың баянсыз, жалындаған жастықтың да жастығы қисайып, қарттықтың кіретінін терең ойланып, түсінуге шақырған.
Міне, ғасырлар бойы көшпенді қазақ халқының жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып келе жатқан ән-әуен өнері осындай болса керек.
ХХ ғасырдың басына дейін, қазақ халқының рухани байлығы әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке, өткеннен болашаққа тек ауызба-ауыз беріліп отырған. Көшпенді, жартылай көшпенді өмір де халықтың музыкалық дәстүр мен саз аспаптарын, сондай-ақ көркем өнердің бір тамаша үлгісі ретінде ауызша және ақындық өнердің дамып қалыптасуына өз әсерін тигізді.
Бастапқы даму кезеңінде халық музыкасы діни және тұрмыс-салт, дәстүр сабақтастығын жырлауға арналған құрал ретінде қаралды. Қазақ халқының ұлттық этнос ретінде қалыптасу кезеңінде жыраулардың жыр толғаулары көбінесе ата-баба дәстүрімен батырлық- ерлікті дәріптеуге көп арналған. Қыл қобыз бен домбыраның сүйемелдеуімен орындалатын мыңнан аса жыр жолдары төгілген, жүзден аса маржан жырлар халық есінде жатталып қалған. Қазақ халқының бұрынғы және қазіргі тарихында ойып орын алатын «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер -Тарғын», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қозы-Көрпеш-Баян -Сұлу», «Еңлік-Кебек» және ерліктің белгісі, ұлттың алтын қазынасы ретінде жеткен.
Кейінірек пайда болған күй өнері де өзінің тылсым табиғатымен тәнтті еткен. Дәстүрлі жыр өнері мен құдіретті күй өнерінің бастауында әрине қыл қобызын арқалаған Қорқыт бабамыздың тұрғаны айдан анық.
Кейбір күйлерден тірі табиғаттың тылсым үнімен қоса өмір мен өлімді, тіршіліктің мағынасына үңілген ұлылықты сезінгендей боласың. Бірақ барлық дерлік күйлерден қайталана естілетін әуен-бұл тәңірге жалбарыну, ұрпаққа өсиет, ата-бабалар дәстүрі, табиғат тылсым күштері мен аруақтарға арнаулар.
Домбыра мен сыбызғы аспаптарының даму тарихы ғасырлар қойнауына терең кетеді. Көне қала Хорезмге жасаған археологиялық қазбалар кезінде табылған екі ішекті музыкалық аспаптарда ойнап отырған мүсіндер, домбыраның шығу тарихының көнеден басталатындығының куәсі. Ғалымдардың пайымдауынша, 2000 жыл бұрын пайда болған Хорезм екі ішекті аспаптарының қазақ домбырасымен төркіндес екендігі және бұл аспаптардың Қазақстан территориясында пайда болған ежелгі көшпенділердің алғашқы аспаптары екені анықталып отыр.
Домбыра мен сыбызғы саздарының ежелгі үлгілері ретінде жеткен күй дастандары өте көп. Мысалы, «Аққу», «Қаз», «Нар», «Ақсақ құлан», «Ақсақ қыз», «Жорға аю», және қайғы-мұңға толы «Зарлау», «Жетім қыз». Бұл күйлерде ежелгі көшпенділердің діні, салт-дәстүрі, қуаныш-қайғысы мыңдаған ғасырлар бойы сақталып, бізге жеткен[2].
Тек ХІХ ғасырда қазақ музыкасы діни әуендерден арылып, толық қанды көркемөнер саласы болып дами бастады. Осы кезеңде аспаптар ақындар айтысы, өлең өнері халық арасында кеңінен тарап, рухани қолдау тауып, қарқынды алға басты.
Кең байтақ Қазақстан өңірінде әр түрлі сазгерлер мен орындаушылар мектебі ашылып, әр өлкелердің әуендері жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |