«Ұлттық діндер» шартты ұғым. Оған ұлттық шеңберде туған, өзін тудырған этностармен байланысы үзілмеген діндерді айтуға болады, бірақ көбінесе тек белгілі бір этникалық топтардың немесе мемлекеттердің қазіргі діндері қарастырылады. Қазіргі ұлттық діндердің басым көпшілігі политеистік болып саналады, ертедегі діни ілімнің қағидаларын, культті сақтай алған.
Діни мерекелер - әрбір дінді ұстанушылардың ерекше қастерлейтін мейрам күндері. Діни мерекелердің ішкі мазмұны мен аталып өтілуі жеке діннің тарихына байланысты. Кейбір монотеистік діндердің (христиан, иуда) ортақ тарихынан туындаған ұқсас немесе бірдей діни мерекелері бола тұра, діни негізіндегі өзгешеліктерге байланысты оларды әр дін өкілдері өз алдына дербес атап өтеді. Сонымен қатар бір діннің мерекелерінің өзі сол дінді ұстанушы халықтардың арасында кейде ұлттық-мәдени ерекшеліктерге орай ішінара әркелкі реңктер қабылдаған. Әсіресе белгілі бір дінді мемлекет идеологиялық деңгейіне көтерген елдер мен діни басымдылыққа жол бермейтін мемлекеттердегі Діни мерекелер барлық уақытта бір деңгейде аталып отілмейді. Қазақстан халықтарының басым копшілігі Ислам дінін ұстана отыра өзге халықтардың дін бостандығына шек қойылмайтындығы арнаулы заңмен бекітілген, сондай-ақ, Қазақстан заңдарына қайшы келмейтін барлық Діни мерекелер рәсімдерінін, мінәжаттардың, ғибадаттардың атқарылуына рұқсат етіледі. Елде кең таралған Ислам діні мен христиан дінінің православие тармағының басты мерекелері күні республика Президентінің сол дінді ұстанушыларға құттықтау жолдауы дәстүрге айналған.