Аналитикалық химияның даму кезеңдері
Аналитикалық химия мен анализ әдістерінің көптеген тәсілдері өте ертеден белгілі. Ең алдымен сынамалық сулы немесе «құрғақ» түрде, сынаманы ерітпей, яғни ерітінділерді қолданбай сынамалы анализдеу болды, Сынамалы анализ үрдістері арқылы қымбат металдардың тазалығын бақылап, олардың кен мен құймалардың құрамындағы мљлшерін анықтаған. Сынамалы анализді жүргізу техникасы қымбат металдарды алудың өндірістік үдерісін лабораториялық жағдайда жүргізуге мүмкіндік берді. Анализдің мынадай әдістері Ежелгі Египет пен Грецияда қолданылған. Ол кезде ерітіндідегі реакцияның практикалық маңызы оншалықты болмайтын.
XVII ғасырдың ортасында өнеркәсіп пен әртүрлі өндірістің дамуы анализ бен зерттеудің жаңа әдістерін қажет етті. Себебіі сынамалы анализ химиялық және басқа да өндірістерді қанағаттандыра алмады. XVII ғасырдың ортасын аналигикалық химияның пайда болуы және химияның ғылым ретінде қалыптасуы деп есептейді. Кеннің, минералдардың және басқа заттардың құрамын анықтау үлкен қызығушылық тудырды.
XVII - XVIII ғасырларда «пробиркалық анализ» кең қолданылды. Осындай анализдің көмегімен бағалы металдардың тазалығын тексеріп, олардың рудадағы мөлшерін анықтаған. Сондықтан бұл кезде химия ғылымындағы зерттеудің негізгі үрдісі химиялық анализ болды. Р. Бойль (1627-1691) «химиялық анализ» деген терминді ұсынып, химиялық анализ туралы жалпы түсінікті қалыптастырды. Сонымен бірге ол заманауи сапалық анализдің «сулы» жолын ұсынып, осылайша реакцияны ерітіндіде жүргізудің негізін салды. Сол кезде белгілі болған сапалық реакцияларды бір жүйеге келтіріп жэне бірнеше жаңа сапалық үрдістерді (аммиакқа, хлорға және т.б) ұсынды, қышқылдар мен сілтілерді анықтау үшін лакмусты қолданды жэне тағы да басқа маңызды жаңалықтар ашты.
Аналитикалық химия жеке ғылым болып тек М.В. Ломоносовтың жұмыстарынан кейін, әсіресе зат массасының сақталу заңы ашылғаннан соң ғана, яғни химиялық өндірістерде сандық есептеулер жүргізілуіне байланысты қалыптаса бастады.
М.В. Ломоносов (1711-1765) химиялық реакцияларды зерттеу кезінде алғашқы рет таразыны жүйелі түрде қолданған.
1756 жылы ол сандық анализдің негізін құрайтын жэне бүкіл ғылым үшін зор маңызы бар, табиғаттың негізгі заңдарының бірі - зат массасының сақталу заңын экперимент жүзінде дәлелдеді. Бұл заңның сандық анализдің негізін қалыптастырудағы және жалпы аналитикалық химия ғылымының дамуындагы маңызы өте зор болды. М.В. Ломоносов химиялық анализбен ғылыми-зерттеудің қазіргі кезге дейін өздерінің құндылығын жоймаған көптеген тәсілдерін ұсынды, олар: вакуумда сүзу, гравиметриялық анализ операциялары және сонымен бірге М.В. Ломоносов газды анализдің негізін қалыптастырды, рефрактометрді құрастырды және сапалық анализде микроскопты қолдануды ұсынды, осылайша микрокристаллоскопиялық анализ бастама алды. Химик-зерттеуші, аналитик және технолог ретінде жасаған ғылыми еңбектерінің нәтижелерін М.В. Ломоносов «Металлургия немесе рудалармен жұмыстардыћ алғашқы негіздері» («Первые основания металлургии или рудных дел») деген кітабына жинақтап ұсынды. Бұл кітап аналитикалық химиямен оған іргелес ғылым салаларының дамуына, металлургия мен рудалар анализінің дамуына зор ықпал етті.
Химиялық анализдің дәлдігі жоғары үрдістерін қолдану көптеген табиғи заттардың және технологиялық өнімдерінің құрамдарын анықтауға және химия ғылымының бірқатар заңдарының ашылуына әсерін тигізді. А.Л.Лавуазье (1743-1794) ауаның, судың және басқа да заттардың құрамын анықтады, жанудың оттектік теориясын қалыптастырды. Д.Дальтон (1766- 1844) заттың атомдық теориясын дамытты және құрам тұрақтылығы мен еселік қатынас заңын дәлелдеді.
Ж.Л.Гей- Люссак (1778-1850) пен А.Авогадро (1776-1856) газдар заңын қалыптастырды Аналитикалық химия жаңа әдістермен толықтырыла отырып, одан әрі дамып, жетілдірілді.
XVIII ғасырдың соңында Т.Е.Ловиц (1757-1804) М.В. Ломоносовтың идеясын дамыта отырып, кристалдар формасы мен олардың химиялық құрамы арасындагы өзара байланыстыр бар екендігін ашып, сапалық анализдегі тұздардың кристалдары формасы бойынша үрдісті-микрокристаллоскопиялық анализдід негізін салды.
М.В.Севергин (1765-1826) ерітінді түсінің қанықтығы мен концентрациясы арасындағы байланысқа негізделген колориметрлік анализді ұсынды. Сонымен қатар М.В.Севергин химиялық анализ бойынша бірнеше жетекші-еңбектер шығарған.
Ж.Л.Гей-Люссак «титрлеу» деген терминді енгізіп, анализдің титриметриялық әдісін жасады. Бұл әдіс гравиметриялық әдіспен бірге классикалық аналитикалық химияның негізін қалады..
XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында көптеген ғалымдар - Т.У. Бергман (1735-1784), Л.Ж. Тенар (1777-1857), К.К. Клаус (1796-1864 жүйелі (систематикалық) сапалық анализдің негізін қалады. Бұл жұмыстарды К.Р. Фрезениус (1818-1897) аяқтап, сапалық және сандық анализ бойынша оқулық жазды..
И.Я. Берцелиус (1779-1848) пен Ю. Либих (1803-1873) органикалық қосылыстардың құрамындағы негізгі элементтерді - С, Н, N жэне т.б. анализдеу әдістерін дамытты. Титриметриялық анализде қарқынды дамып, оның иодометрия, перманганатометрия сияқты түрлері пайда болды.
1859-1860 жылдары Р.В. Бунзен (1811-1899) мен Г.Р. Кирхгоф (1824- 1887), олар аналитикалық химияның негізгі әдістерінің бірі және осы күнге дейін даму үстіндегі спектральды анализді ұсынады.
Н.С. Курнаков ұсынған (1860-1941) «құрам-қасиет» диаграммасын зерттеуге негізделген физика-химиялық анализ әдісі химияның бір бөлімі болып қалыптасты. Бұл әдіс күрделі жүйелерде енгізілетін қосылыстардың құрамдары мен қасиеттерін жеке қосылыстарды кристалл түрінде болмай-ақ анықтауға мүмкіндік ашты.XIX- ғасырдың екінші жартысында аналитикалық химия үшін металдардың органикалық заттармен түзетін комплексті қосылыстарын зерттеудің мәні өте зор болды.
Л.А. Чугаев (1873-1922) 1905 жылы диметилглиоксим реактивін никельді ашуда қолдануды ұсынды.
Аналитикалық химияның одан ірі дамуы химиялық реакциялардағы тепе-теңдіктерді ашқан Н. Н. Бекетовтың (1827-1911) және әрекеттесуші массалар заңын ашқан К. М. Гульдберг (1836-1902) пен П. Ваагенің (1833-1900) аттарымен байланысты. 1887 жылы С. Аррениустің (1859-1927) электролиттік диссоциация теориясы пайда болғаннан кейін химик-аналитиктер химиялық реакцияларды сандық жағынан тиімді басқаруға қол жеткізді, ал химиялық термодинамиканың жетістіктері бұл мүмкіншілікті одан әрі кеңейтті.
(1853-1932) В.Оствальдтың 1894 жылы жарық көрген «Научные основы аналитической химии в элементарном изложении» деген монографиясы аналитикалық химияның теориялық негіздерінің дамуына үлкен роль атқарды.
Ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап сандық эмиссионды спектральды анализ, абсорбциялық спектроскопия қарқынды дами бастады, жарықтың қанықтығын өлшейтін құрылғылар жасала бастады.
1925 жылы Я. Гейровский (1890-1967) полярографиялық анализ әдісін жасап ұсынды. Бұл еңбегі үшін ол 1959 жылы Нобель сыйлығын алды. Осы жылдары хроматографиялық, радиохимиялық және тағы да басқа анализ әдістері дамып жетіле бастады.
1959 жылдан бастап Э. Уолш ұсынған атомды- абсорбциялық спектроскопия қарқынды түрде дамыды.
Өндіріс пен ғылымдағы дамулар аналитикалық химиядан жаңа әдістерді талап етті. Осылайша қоспалардың сандық мөлшерін 10-6-10-7 және одан да төмен дәрежеде анықтаудың қажеттігі пайда болды.
Достарыңызбен бөлісу: |