1.2 Тарихи өлең, тарихи жырдың даралық сипаттары ХІХ ғасыр әдебиетіндегі өзгеше үлгінің бірі тарихи өлең, тарихи жыр. Бұл жырлардың тууы, сол тұстағы қазақтың ел тарихы, отаршылдық саясатпен байланысты болды. Халық арасына ХХ ғасырдың орта тұсында әсіресе жандана түсіп өрістеген, ХІХ ғасырдың екінші жартысында аяусыз басып, жаншылған ұлт-азаттық күрес батырлары жайлы жырлар көтеріліс сипатын көрсеткен, барысын жырлаған, жеңілістің ащы уы тараған, ел батырларына деген сағыныш, мұң жайлаған, жоқтау, зар айтқан өлең түрінде аса кең тарады.
ХІХ ғасырдағы халық тарихының көп шындығы, көп ақиқаты сол тарихи өлең, жырларда сақталып қалды. Қазақ көркем сөз өнерінің мың түрлі мүмкіндігі сол тұста сан қырынан ашыла түсті.
… Айналасы қоғалы – Суы тұнық көлдерім, Көк шалғынды жапырып, Жағалай қонған елдерім …Шағырлы жусан, изенім, Қоныстан ауып күйзелдім, Ылдиы жоқ, өрі жоқ, Ат тайғанар жері жоқ, Жазып салған мақпалдай Аман бол құмайт жерлерім. Осылар еске түскенде Қайғырмассыз ба, ерлерім!? …Есіл, Нұра екі су Еңкейіп онан бетің жу Бірің де шекер, бірің бал Қай біріңді айтайын! (Досқожа “Арқамен қоштасу”).
Қазақтың өмір тарихының айқын ізін ең әуелі оның сөз мұрасынан табамыз. Ел басынан өткен қилы кезеңдердің сан-сала қисындарын сақтап жеткізген тарау-тарау аңыз дастандардың орны бөлек. Олар көркемдік құндылығы өз алдына, тарихи танымда бірінде жаңсақ кеткен, мүлт кеткен ақиқат болса, екіншісі сонымен қайта табыстырар қыруар дерек көзі есебінде де бағалы.
1993 жылы “Жалын баспасы” “Хан Кене” жинағын шығарды. “Кенесары-Наурызбай” дастаны туралы Әбділда Тәжібаев мынадай пікір айтады: “Мұхтар Әуезов өте ірі тұлға және көреген ақын деп санаған Нысанбай ХІХ ғасырда өмір сүрген, көкшетаулық, Кенесары ханның ең жақын достарының бірі, оның сүйікті жырауы. Нысанбай жырлаған “Кене хан” біздің дәуіріміздегі ірі тарихи дастандардың бірі және соңы деуге болады. Кене мен Наурызбайдың нәубат болған күндеріне дейін барлық трагедиялық қайшылықтарын түгел жеткізе зерттеген қазақ елінің сүйікті дастаны” [63, 17 б.].
Ел тарихында арғы замандардың аңызы жеткізген алып тұлғалы батырлардан да жанды, жаужүрек болмысымен жарқыраған жарық нұрымен тірі қалған ұлының бірі – Хан Кене.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихы жайлы бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері кәнігі тарихшылар тарапынан да, әдебиет зерттеушілер, қалың көпшілік жағынан да тарихи-саяси тұжырымдалып келеді.
ХІХ ғасырдың орта тұсында дүркіреп өткен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің қозғаушы күштері, құрамы, оның жалпыхалықтық сипаты жайлы кең қамтып сөйлеген әйгілі тарихшы Ермұқан Бекмаханов әдеби мұраның тарих ақиқатына жетелер, ел ішінде сақталған бірден-бір дерек көзі екенін былайша нақты айтады.
“Кенесары және оның серіктері жөнінде фольклор материалдарының құндылығы сонда, олардың көпшілігі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Кенесары батырларының, жеке көтерілістің басқа да қатысушылары-ның өз аузынан жазылып алынғандықтан, олардың бағасы арта түседі. Кейбір мәліметтерді сол уақиғаларды көзімен көрген адамдар жазып қалдырған…” [63, 274 б.].
Е. Бекмаханов “ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан” монографиясында Хан Кене көтерілісіне тоқталған тұста Бұқарбай батыр жайлы әңгімелерді келтіреді. Омар Шипиннің “Жеті батырдың қысқаша хикаясы” атты шығармасындағы Құдайменде батыр жайлы мәліметтерге тоқталады.
ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын зерттеуінде, Кенесары көтерілісі жайлы тұжырымдарына пайдалануда тарихшы Е. Бекмахановтың әдеби деректерге тарихи деректермен бірдей дәрежеде қарағанын көреміз.
Әйгілі тарихшы ілгерідегі Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқановтың ұлт-азаттық күрес батырлары туралы жырлардың мән-маңызы жайлы тұжырымдарын да өзінің тарихнама зерттеуінде ұстанып отырған деуімізге болатын сияқты.
Тарихи жағдай. Әдебиеттегі ел тарихы. Бұлар бір түйінді мәселенің екі беті сипатты. Әдебиет зерттеушілер толып жатқан аңыз-әңгіме, жыр-дастанның ар жағынан ел тарихын таныды. Тарихшы ғалым әдеби мұрадан тарих ақиқатын тапты.
1927 жылғы “Әдебиет тарихы” оқулығында Мұхтар Әуезов мынадай тұжырымдар жасады.
“Шынында ел қиялы Кенесарыларды батыр қылып жырлағысы келгені рас. Бірақ батырлар өлеңі бергі заманға жақындаған сайын жаңа өзгеріске түсіп, өмірге жақындап, түр жағынан әлсіреп бара жатқанын байқаймыз.
…Сондықтан, Кенесарыларды баяғының батыры қылып қалай жырлайын десе де, олар көбінесе бүгінгінің адамы болып тұрып алып, кейін қарай шегінбей қойған” [10, 148 б.].
Олай болатын себебі деп, М. Әуезов тарихтың ізі, кешегі қан сойқанның анық түскенін, екінші себеп деп, сол қырғын соғысты көзбен көргендердің жазғанын, ел қиялы олардың айтқанынан өте алмағанын айтты. “Кенесары-Наурызбайдың” қысқаша әңгімесі деп, М. Әуезов Нысанбай жырының мазмұнын баяндайды. Мұнда қырғызбен соғыс Кененің Тортөбел атының ұрлануымен байланыстырылады. Шығарманың көркемдік құндылығын аса талғампаз, “Кенесары жырындағы өлең тілі ерекше сұлу кестелі тіл, оқушыға ұғымды, артынан лекілдетіп ертіп отыратын құрыш қайратты қызу бар. Ақынның жанын салған қызумен шын сезімін білдірген, міні жоқ. Ұзақ қайғы өлеңі болып шығады. Өлең түрі құр ғана ұйқасы мен қызуын қуған сөз емес, сол заманның кестелі сұлу, шешен түрлерінен құралған сом алтындай жұмыр келетін кесек тіл. Өлеңдері отты келетін соғыс суреттері мен айтыс, талас сөздер. Соғыста еске алатын үлкен оқиғаның бірі қалмай тізілген, ақынның ірі суретшілдігі…
Нысанбай жырында оқушының көз алдында ағып отырған қандай қызулы, жанды шындық бар”, – деп таразылаған Мұхтар Әуезов, көтеріліс жайын “соғыс”, “жорық”, “ұлы оқиға”, “іс”, “оқиға”, “ұрыс” деп келіп: “… барлығының жайын айтып, солар турасындағы соғысқа айдаған себеп пен мақсатты жыр шеңберінен алып, баяндауды қисынсыз көрдік”, – деп, [10, 153б.] Кенесарының қайғы-өкінішімен біткен жорығы қазақ баласының барлығына да қадірлі, қасиетті әңгімедей кең жайылғанын айтады.
“Қазақтың ХVШ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихының очерктері” монографиясында Сәбит Мұқанов бұл дәуір әдебиетінің өзіне шейінгі әдебиеттен өзгешелік, айырмашылық жайын қадау-қадау атап, әдебиет тарихын жасаудың өзіндік жөндерін ұсынып отырып, ХVШ-ХІХ ғасыр әдебиетін: 1. Бостандық күрес (бірінші очерк); 2. Зар заман (екінші очерк);
3. Айтыс туралы (үшінші очерк) деп бөлді.
Әдебиет тарихын ел тарихымен тұтастықта қараған, күрделі, салмақты ғылыми саралауларға құрылған бұл “Очерктер” сол тұста жоғары мектептің көмекші оқу құралы есебінде ұсынылады.
С. Мұқанов аталған еңбегін қазақ әдебиеті тарихының сол тұста кенжелеп зерттеліп отырған ХVШ, ХІХ ғасыр әдебиетінің мәселелеріне арнады. Әуелгі әдебиет тарихы оқулықтарындағы олқылықтарды мол дерек, таза ғылыми зерттеумен толықтырған бұл еңбек қазірде де көп саяси қыспақтан азаттық алған әдебиеттану ғылымы үшін қыруар олжа болып отыр.
С. Мұқанов “Очерктерде” әдебиет тарихын зерттеудің түпкілікті міндеттерін саралай отырып, ХІХ ғасырдағы ұлт бостандығы жолындағы күрес батырлары жайлы жыр-дастандардың әдебиет тарихында толық ашылып, зерттелмей келе жатқандығын мәселе етіп қоя отырып, сол батырлардың тұлғасы жалпы тарихи танымда да сомдалып, тұғырланбай келе жатқандығын қадап айтты.
С. Мұқанов “Бостандық күресі” бөлімінде Ресейдің отарлау саясатына қарсылық, наразылық, қару алып күреске шығу тарихын баяндайды. Бостандық күрес батырларының көтеріліс тарихын нақтылы бағыт, беталыс, мекен, мезгіл тұрғысынан соншалықты дәлдікпен қарастырады.
Ілгерідегі қазақтың өз ішінен Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске тоқталып, баға берген Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов көтерілісті “іс”, “қозғалыс”, “оқиға”, “ұрыс”, “ұлы қимылдар”, “соғыс”, “жорық” деп атайды. Сәбит Мұқанов көтерілісті “ұлт бостандығы жолындағы күрес”, “халық көтерілісі” деп бағалаған.
Кенесары қозғалысы бүге-шүгесіне дейін баяндалып, көтерілістің саяси тарихы ғылыми негіздермен сабақтала ұғындырылған тарихшы Ермұқан Бекмахановтың еңбегі 1948 жылы жарық көрді.
“Очерктерде” Сәбит Мұқанов әдебиет тарихы мәселесін оны зерттеудің түпкілікті мүдделерімен сабақтастыра қарастырудың озық үлгілерін көрсетті. Өзі қарастырып отырған дәуір әдебиетінің қазақ әдебиеті тарихындағы өзгешелігі, ерекшеліктері туралы айтқан пікірлері бір жөннен келгенде, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы, қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселелері тұрғысынан келгенде, әдебиетіміздің тарихын ежелгі дәуірлермен ұштастырып отырған тұсымызда, әрине бұл өзгешелік сипаттама белгілі бір дәрежеде сол уақыттың, 40 жылдардың мүмкіндік деңгейі ретінде қаралады. Солай бола тұрғанымен, Сәбит Мұқановтың “Очерктеріндегі” ХVШ-ХІХ ғасыр әдебиеті сипаттамаларының астар-қатпарында бүгінгі зерттеу-зерделеулерімізге үңіле қарайтын тұстар аз емес. Ол мәселені, жалпы ХІХ ғасыр әдебиеті алғаш рет тарихи негізде аса бір батыл, ғылыми жөндері айқын қарастырылып, зерттелген бұл “Очерктердің” құндылықтарын үлкен ғылыми зерттеулер түгендеп, түйіндеуі тиіс.
Аталған еңбектің елеулі қырының бірі – Кенесары Қасымұлына байланысты деректер.
Кенесары Қасымұлының қасіретті тағдыры, ұлт бостандығы жолында шейіт болған баянды ғұмыры қазақ баласын қай заманда да өзіне тартып келгені – тарих ақиқаты.
Сәбит Мұқанов Кене ханның тарихи тұлғасын ғажап түйсікпен таниды. Еңбекте Кенесары Қасымұлының айналасында бүгінде тарихшылар, әдебиет зерттеушілері, өнер, мәдениет өкілдері қозғап отырған жайлардың түпкі сырына жетелер айғақ-дерек, қисын-тұжырым аз емес.
Сәбит Мұқанов Кенесары туралы жыр-дастандардың әдебиет тарихындағы орнына тоқталуында Хан Кененің күрделі дәуірін, көтеріліс барысын, жеке бас күйін нақтылы тарихи деректер негізінде баяндап, қазақ зерттеушілерінің ішінде алғашқылардың бірі болып, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің саяси мәртебесін айғақтады.
Сәбит Мұқанов осы еңбекте ХІХ ғасырда Патша үкіметі тарапынан жүргізілген қазақ даласындағы саяси реформаларға егжей-тегжейлі баға берді. Хандық биліктің қазақ тарихындағы орнына, былайғы, патша үкіметі тарапынан жойылу процедурасына мейлінше мұқият талдау жасады.
“Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін хата ұғым болып, оларды “хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу көтеріліске қатысушылар” – деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ.
Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты хандықты сақтау. Хандық – қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ осы сатыда, халықтың елдігін сақтауда қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында, қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуға мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер мемлекет басындағы хан, патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу – орынсыз идеалдау боп табылады.
Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылдық саясатқа, екі жақты талауға қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, қазақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуда” [9, 81 б.].
ХІХ ғасырдың 10-20-жылдары патша үкіметі, қазақ халқының арасында хан ұрпақтарының беделі түскенін көрді де, 1822 жылы “Сибирь қазақтарын уақытша билеу ережесі” дейтін заң шығарып, Орталық Қазақстандағы хандықты жойды, хандықтың орнына “окружной приказ” деген әкімшілік басқару тәртібін орнатты. С. Мұқанов округтің құрылымын тәптіштей түсіндіріп, “Аға сұлтан” деген атпен оның басына қазақ қойылғанын, төрт заседательдің екеуі – орыс, екеуі – қазақ болғанын, бұл бесеуін сол кезде “Совет” деп атағанын айтады.
Негізгі билік тізгіні Сібір соғыс генерал-губернаторының қолында болғанын атап көрсетеді. Болыстардың сайлану жөндері, Сібір қазақтарына алғашқы ашылған окружной приказдарда Аға сұлтандығына да, заседательдігіне де патша үкіметі хан тұқымынан емес, “қара қазақ” арасынан шыққан ру басы – феодалдардан белгілегендігі, Көкшетау округінің Аға сұлтаны Тұрлыбектің – “қара қазақ” Керей руынан, Қарқаралы округінің Аға сұлтаны Шорман “қара қазақ” – қаржас руынан болғанын, қазақтар “Кіші сұлтан” атаған заседательдердің Ыбырай, Зілқара, Есеней, тағы басқалардың “қара қазақтан” шыққан ру басы, феодалдар болғандығын тарата жазады.
С. Мұқанов Абылайдың 30 ұлының біреуі Абайділданың (көпшілік деректерде Ғұбайдолла – Қ.М.) Орта жүз қазақтарын 1822 жылғы хандық билік жойылғаннан кейін патша үкіметіне қарсы көтеруге тырысқанын; сегіз жылдай “итжеккенге” айдалып еліне қайтқанда Орынбай ақынның айтқан өлеңін береді. Ақын сол бір күдік-күмән, алаңкөңіл, күңгірт шақтың көңіл-күйін қаз-қалпында өлеңге түсірген екен.