Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет2/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Кіріспе


Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қай дәуірдің болмасын әдебиетін көркемдік даму жөнінен қарастыру – сол кезең әдебиетінің әрбір жеке өкілінің шығармашылық ерекшелігін, нақтылы бір ақындық топтың шығармашылық дәстүрін, белгілі бір кезеңдердің саяси бағдар, беталысын, т.б. әрқилы көркемдік негіздерді мүмкіндігінше тұтас қамтып қарастыру.
“Әр дәуірдің өз шындығы бар. Бұлар бірін-бірі қайталамайды. Олай болса, әр дәуірдің шындығын сәулелендірген шығармалар да бірін-бірі қайталамайды; тектері мен түрлері ұқсас болғанмен, Шекспир трагедиясы Мүсірепов жазған трагедиядан, Бальзак романы Әуезов романынан, Абай поэзиясы Жансүгіров поэзиясынан өзге екені даусыз. Мұны да историзм принципінен қарағанда ғана аңғарамыз. Міне, осы өзгешеліктерді ажырату әрекетінің өзі жанр мәселесін тарихи тұрғыдан толғауға әкеледі.
Әр халықтың әдебиеті ол өмір сүрген тарихи дәуірлердің әр кезеңінде әр халде, әр қалыпта болып отырады. Әдеби процесс дегеніміздің өзі – осы.
Көркемдік дамудың әдеби процестен танылатын құбылыстары алуан-алуан: бірін әдеби шығарманың тақырыбынан аңғарсақ, бірін идеясынан, енді бірін адам образынан аңғарамыз. Әдеби жанрлар тағдыры да осы құбылыстарға тығыз байланысты. Мұның егжей-тегжейін күллі әдеби құбылыстарды тарихи тұрғыдан топшылау, талдау арқылы ғана білуге болады”, – дейді академик
З. Қабдолов [1, 306 б.].
ХІХ ғасыр әдебиеті қазақ әдебиеттану ғылымында жеке үлгілер, жекелеген тұлғалар шығармашылығы негізінде де; кезеңдік тұтас сипаттар жөнінен де зерттеу нысаны болып келе жатыр.
Бұл әдебиеттің жанрлық құрамы, тілдік құрылым, өлең үлгісі, әдеби әдіс-тәсіл жөні, көркемдік-тарихи негіздері қазіргі кезеңде толымды зерттеулер арнасына айналып отыр.
ХІХ ғасыр әдебиетінің қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттелу, зерделену нәтижелері жалпы қазақ сөз өнерінің теориялық тарихын жасауда негізгі тиянақ, тұғыр болып келе жатыр десек – асырып айту емес. Қазақ әдебиеттану ғылымының іргелі абайтану, махамбеттану, жамбылтану, айтыстану, т.б. арналары ХІХ ғасырдың әдебиет фактісі негізінде өрістеді.
Халқымыздың киелі өнері, қашанғы қадірлісі, ең астам, ең асқан байлық-қазынасы – Сөз өнері ХІХ ғасырда аспан асты, жер үстінде өзін ешкімнен артық та, кем де санамайтын, кең кеуде, ақ пейіл, ашық жүрек, жүзі нұрлы қазақ жұртын жаңа бір сырмен баурап, өзгеше бір күймен әлдиледі...
Қазақ әдебиетінің көркемдік даму өрісі бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері ғылыми айналымда келе жатыр. Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуында ХІХ ғасырдағы сөз өнері ұланғайыр мәтіндік нұсқалармен, жеке шығармашылық тұлғалардың айқын машық, тәсілімен, түрлі көркемдік бағыттардың жанрлық, стильдік өзгешеліктерімен айрықша әдеби нысан болды. ХІХ ғасыр әдебиетіндегі көркем нұсқалардың жанрлық жаратылысын, тарихи негіздерін ашу, тану бағытындағы зерттеулер қазақ әдебиетінің теориялық тарихын (А. Шәріп) жасаудағы негізді, мәнді ғылыми тұжырымдамаларға ұласты.
Еңбек қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы көркемдік дамуын сол әдебиеттің зерттелу тарихымен сабақтастықта ала отырып, ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерін ауыз әдебиеті, ауызша әдебиет, жазбаша (кітаби), жазба әдебиет нұсқаларының бір дәуіріндегі қатар дамып отыруы фактісі есебінде, жанр, өлеңнің түр, құрылым, көркемдік тәсіл, машық негізінде қарастырады.
Жұмыста ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін ауызшадан жазбашаға ойысу үрдісіндегі негізгі айырым белгілері, жанрлық құбылыс; өзгеру (трансформация); жазба әдеби тіл мен жазба әдебиет тілінің функционалды-стильдік өзгешеліктері мәнінде қарастырудың көкейтесті мәселелері қозғалады.
Ауызша әдебиет пен жазба әдебиет мәселелері, өлеңдік құрылымға байланысты қисындар ғылыми зерттеу еңбектер нәтижелері негізінде сараланып, өзіндік жаңа байламдар ұсынылады.
Дәстүрлі айтыс түрлері, ХІХ ғасырдағы тарихи жардың жанрлық ерекшелігі, қазақ өлеңінің типологиясына, зар замандық діни ағартушылықтың негіздеріне байланысты, ыбырайтану, абайтану, махамбеттану ілімдерінің қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелеріне байланысты, Ыбырай Алтынсарин мен Абайдың қазақтың жаңа жазба әдебиеті қалыптасуындағы тарихи орнына, бұл мәселедегі кітаби (жазбаша – Қ.М.) әдебиеттің қатысына байланысты жаңаша саралау жасалынады.
Фольклорлық шығармаларға жатқызылып жүрген қайсыбір әдебиет үлгілерінің авторы болуына байланысты ғана емес, таза фольклорлық туындыға жатқызуға “көнбейтін” басқа сипаттарын айқындай түсу мәселелеріне, әдебиеттегі фольклор дәстүрі тұрғысынан қарастыру жөніне көңіл бөлінеді.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің түрге бөлініп, классификациялануы (сыныпталу) Ш. Уәлиханов жүйелеуінен соңғы кезеңге шейінгі сыныпталулар қамтылып отырып қарастырылады.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті қазақ әдебиеттану ғылымы әр кезеңде де қызығушылық танытып, назар аударып отырған ғылыми мәні айқын қадау-қадау, әдеби дамудағы көркемдік бағыттардың тоғысқан тұсы.
Олар: 1. фольклор мен әдебиеттің, ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің айырым шегін теориялық жөнде негіздеу мәселелері;
2. аймақтық әдеби мектептердің дара сипаттарының теориялық сипаттамасы;
3. ақындық өнердегі дәстүршілдік пен даралық стиль, әдіс, тәсіл мәселесі;
4. әдеби байланыс, ықпалдастық мәселесі;
5. дәстүрлі әдебиет үлгілерінің өнер тұтастығы мәні, жанрлық трансформациясы;
6. әдебиетке ел күйінің, ел күйіне әдебиеттің ықпалы.
Қазақ әдебиеттану ғылымы ХІХ ғасыр әдебиетінің өлең түрлерін (айтыс өлең, тарихи жыр, ән өлең, қисса-өлең, зар заман өлең, жаңа жазба өлең, т.б.) зерттеу нысаны ете отырып, әлемдік әдебиет фонындағы жанрлық баю, жаңғыру, түлеу заңдылықтарын айқындады.
Жұмыста негізді ғылыми нәтижелердің қазақ әдебиетінің көркемдік негізін ашудағы теориялық құндылығы нақтылана түседі.
Әдебиеттің көркемдік дамуындағы басты бағыттардың ғылыми негіздеулері салыстырыла отырып сараланады. Қазақ әдебиеттану ғылымының толысып, жетіле түскен зерттеу тәсілдері мен әдістері, жаңа методологиялық ұстанымдар З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішұлы, Р. Бердібай, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, Н. Келімбетов, Ш. Сәтбаева, С. Негимов, Ж. Дәдебаев, Ө. Күмісбаев,
Т. Есімбеков, А. Егеубай, Қ. Әбдезұлы, Ж. Тілепов, З. Бисенғали,
З. Сейітжанов, Р. Тұрысбек, Д. Қамзабекұлы, Ө. Әбдиманұлы, А. Исмақова,
А. Шәріп, Б. Омарұлы еңбектерінде айқын көрініс тауып отыр. Жұмысты жазу барысында аталған ғалымдардың ұстанымдары ескерілді.
Мәселенің ғылыми мәндегі өзектілігі, зәрулігі айқындала түседі. Белгілі бір нақтылы әдеби көркемдік құбылыстардың өзіндік даму заңдылықтары, қазақ өлең түрлерінің өлшемі мен тіл кестесіндегі өзгеріс, жаңғырулар, жаңа сипаттар жекелеген шығармашылық тұлғалардың әдеби мұрасын айқын методологиялық ұстанымдар аясында арнайы зерттеу арқылы аша түсудің бағыттары қарастырылады.
Жұмыста қазақ әдебиеттану ғылымының ХІХ ғасырдағы сөз өнерін зерттеудің бай тәжірибесін, басты нәтижелерін ендігі зерттеу бағытымызға негіз ете отырып, қазақ әдебиеті тарихындағы күрделі шығармашылық
процесс – ауызшадан жазбаға ойысудың; фольклор мен әдебиеттің айырым белгілерін айқындаудың өзекті мәселелері, еуропалық үрдістегі жаңа жазба әдебиеттің қалыптасып, дамуындағы заман ырғағы, жаңаша сөз түзу, сөйлем құрау тәсілдері, әдебиет тарихындағы ізі айқын, бірақ арнайы зерттелуі кенжелеп отырған аймақтық әдеби мектептің даралық сипаттарын негіздеу қисындары нақтылы шығармашылық мұра, оның негізгі түрлері, жанрлары ауқымында қарастырылып, аталған мәселелердің ғылыми мәні айқындала түседі. Жұмыс барысында Абай дәуіріндегі әдеби дамудың ішкі сырларына үңіле түсу арқылы Абай және қазақ өлеңі дейтін өзекті мәселеге ой қосар, ортасын (кем тұсын – Қ.М.) толтыруға сеп болар нақтылы талдаулар жасалады.
Әдебиет тарихындағы зар замандық сарындардың тарихи негіздері жайлы танымға байланысты көкейтесті мәселелер қозғалады.
Зерттеу жұмысында ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары жасаған рухани құндылықты ұлықтаудың теориялық, методологиялық негіздемелеріне жүгінудің өзекті тұстары айқындала түседі.
Ұзақ жылдар бойы ғылыми өрістен қағаберіс қалған игіліктер белгілі бір дәуір әдебиетін нақтылы зерттеу барысында барынша бағытқа алынады.
Жұмыста ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті саяси ықпалмен қалыптасқан
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы, екінші жартысындағы деп жітелу жүйесінде емес, тарихи дәуір аясындағы дамуы тұтас алынып, әдебиет үлгілеріндегі байырғы әдіс, тәсіл, замана ырғағы, уақыт стилі мазмұнында, біртұтас көркемдік даму фактісі есебінде арнайы зерттеледі.
Әдебиет тарихында ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті оны туғызушы айтулы тұлғалар мұрасы негізінде жан-жақты зерттеліп келе жатқаны даусыз.
Абайтанудың, махамбеттану, дулаттану, ыбырайтану ілімдерінің негізгі нәтижелері – ғылым игілігі. Жұмыста бұл ауқымды, іргелі ғылым салаларының да қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелеріне байланысты ойлар сараланады.
Зерттеуде ХІХ ғасырдағы әдеби даму бар күйі тұтастай, дәуір ырғағы, замана екпіні ыңғайында алына отырып, көркемдік сипат, өзгешелік жөнінде нақтылы әдебиет үлгілерінің түр, жанр, стиль, ағым, бағыт, әдіс, тәсіл, әдеби мектеп мәселелері негізінде арнайы қарастырылады.
Ауызша мен жазба әдебиеттің айырым белгілерін айқындау мәселелеріндегі қазақ әдебиетінің ұлттық спецификасына айрықша көңіл бөлудің жайы көтеріледі.
Арғы замандардан беріге үздіксіз дами отырып жеткен аса бай тарихы бар сөз өнеріміздің хатқа түсіп, ғылыми қисынмен саралана бастағанына бар-жоғы бір жарым ғасырдай ғана уақыт өтті.
Әлемдік сөз өнерінде сирек кездесетін ұлан-ғайыр, ұшан-теңіз көркемдік құндылығымызды тұтас игеріп, тануда, ғылыми негіздеуде бұл – қас-қағым сәттей ғана қысқа мерзім. Соның өзінде, ұлтымыздың ұлы мұрасы, саф алтындай таза рухани қазынасын сақтап қалу, саралап, салтанат құрғызу жолында сан ұрпақтың саналы саңлақтары сарқылмайтын, таусылмайтын ұлы мұраттың сан-тарау сара жолын салды. Сол үлгіде бүгінгі әдебиеттану ғылымы алуға тиіс ашылмаған көмбе мен алынбаған қамалдардың барлығының да бағыт, мекені сайрап жатыр, тек таяп барып, терңге тартып үңілуді күтеді.
Бұл диссертациялық еңбекте сол әдебиеттің туып, даму негіздері мен ғылыми мәндегі танылу тарихын уақыт талғамы аясында және бір мәрте саралап көру, сол арқылы келешек іргелі зерттеулердің бағыттарын айқындай түсу жолдары қарастырылады.
Қазақ әдебиеттану ғылымында ХІХ ғасырдағы көркемдік дәстүр үрдісін теориялық тұрғыдан түйіндеп, танытқан іргелі зерттеу еңбектердің негізгі нәтижелері мүмкіндігінше тұтас қамтыла отырып, көрнекті әдебиет тарихшысы, әдебиет теоретиктерінің ұлан-ғайыр міндетті игерудегі нақтылы нәтижелерінің методологиялық мәні айқындала түседі.
Көз ілеспес қарқынмен ілгерілеп бара жатқан қоғамдық дамуға өміртанымымыз ілесіп үлгірмей жатқан осы бір алмағайып кезеңдегі ұлтымыздың мызғымайтын құндылығы – ХІХ ғасырдағы әдеби мұрасы, рухани қанағатымызды ұрпақ зердесімен ұлықтаудың ғылыми негіздері қисындалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет