Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда Дулаттың [114, б.].
Дулатта қазақ поэзиясындағы дәстүрлі сарынның бірі тұлпардың сынын суретке көшіру. Абайдағы аттың сынына ойысқан сурет, келісім.
Ақын шығармалары сөз қуатын, сөз сырын, сөз сиқырын үнемі ашып, отырады; сөз сұлулығына сұқтандырып, ынтықтыра жетелейді. Сусағанды сулатып, шаршағанды қунатып, бойға қуат, ойға сана құдірет құяр жыр арнасының суаты – ақын, Дулаттың өзі.
Дулаттың арнау өлеңдері, лирикалық қайырымдары, өсиет-өнеге түріндегі сөздер, мысалдары, “Еспембет” дастаны туралы айту – тұтас бір дәуірдің көркемдік биіктігі, әдебиетінің өзгешелігі туралы айту.
Дулат – зар заман әдебиеті өкілі делінеді. Солай болғанымен де зар заман әдебиетінің негізгі зар заман сарыны жатқанымен, Дулат өлеңі Шортанбай, Мұрат өлеңінен өзгешелік сипаты, айырмасы көп өлең. Ол айырма – ең алдымен өлеңнің көркемдік сапасындағы нақтылық; поэзия тіліндегі өзгеше қуат-күш. Яғни ақынның өлең жасау әдісіндегі өзгешелік, аса сауаттылық. Дулат өлеңі өмірді сырттан бағалаушы; сырттан тамсанушы, баяндап, мазмұндап шығарушы емес. Сол өмірдің ішіне еніп, сырын сезіп, соны өзгеге сезінтіп, өзгеше айқындықпен құбылтып өрнектеген өлең. Жыр қуатын, сөз қуатын, құдіреттің өзіне сыйлаған өнер күшін ақын ғажап сезінеді.
Егер Шортанбай шығармасында заманның, сол заман билеген адамның елдің қалпы, мінез құлқы негізінен жалпы мәнде сипатталса, тұтас бағамен қайырылып отырса, Дулат сол заман билеген адамға; оның мінезіне жақын келіп, іштен алып отырып сөйлейді. Жалпыны жасап, туғызып отырған жалқының өзін ашады. “Сүлейменге”, “Кеңесбайға”, “Бараққа” өлеңдеріндегі сарын өз тұстастарындағы жалпыдан гөрі Абай сынаған, Абай кейіптеген ел мінезіне жақын. “Сүлейменге” арнауында ақын төреге мадақ қошемет айтып бастайды.
Ардақты туған атадан,
Әдемі сәлем берейін,
Сүлеймен сынды төреме.
Төре деген атаудың жүгі ауыр, міндеті көп болған жайын айтады. Көп сырға меңзейді.
Төреліктің белгісі,
Елін жауға бере ме?
Еліне қорған болмаса,
Ел төрені көре ме?
Тағы бір тұста қайырып кеп:
Төре деген төрені
Ел тілегін таппаса, [114, 98 б.] –
деп тұжырады. Толғау өмірдің кесімді шартынан хабар етер түрлі нақыл, өрнек сөзге толы.
Осы жырда ақын өлең сөздің өтіміне, ақынның өзгеден бөлек бітіміне қарата сөйлейді.
Жырда ертеден келе жатқан, жыраулық поэзияның дәстүрлі үлгісі дыбыс қуалау, нақыл-шарт, өлең үлгісі (жыр) т.б. сипаттар басым; мән түрі жағынан өлең өмір фактілерін, кәдімгі қазіргі болмыстық толып жатқан қырын аша термелей төгеді. Жыр жеті түйдектен туатын ұзақ өлең. Ұйқасы ерікті.
Бірінші түйдек төренің ордасына мадақ, тұрмыс қалпын суреттеу. Келесі түйдекте ақын дүние шарттарын өз мақсатына, айтарын ашуға бейімдей сөйлейді.
Қаршығаны қайырма,
Қалыңға салса батпаса.
Мергенге мылтық кезетпе,
Атқан оғы айнымай
Түтінін үзбей атпаса.
Батыр деме батырды,
Шеп құрған жауға шаппаса,
Төре деме төрені,
…Жыршының аты жыршы ма,
Әркімнен өлең жаттаса.
Дулатты Дулат демеңіз,
Тас ағызып ағыны
Төре алдында ақпаса [114, 98 б.].
Өлең түйдегінің соңғы жағы тұтастай өлең сөздің шартына, жыр туғызушы өнерпаздың міндетіне құрылған.
Шешеннің аты шешен бе,
Таңдайға дәмі үйріліп,
Даугердің дауын жықпаса?
Келесі түйдек Сүлеймен төрені өзіне қарата, шақыра сөйлеп басталады, өнер құдіретін аша түсер, жыр әлемін жеткізе түсер мына бір шумаққа жалт қарап, бұрылмау мүмкін емес.
Сүлеймен төре, құлақ сал,
Дулаттың төккен жырына.
Үңілсең көзің жетер ме
Достарыңызбен бөлісу: |