Алдаушы жалған дүниенің Алдайтұғын бұлы бар. Аяқты теріс баспаңыз, Жаманнан басың жырып ал! Сұғанақ болып ұмтылма, Сыбағаң болса тұрып ал! Қазылған орға кез келсең, Атың басын бұрып ал! Үй менікі демеңіз, Үй артында ұры бар! Асыл туған жақсының Құн жетпейтін пұлы бар. Кейбір сабаз маңғаздың Сегіз рет қыры бар, Бақ талас қып ерлерге, Кейбір жаман былығар. Өте қусаң қорқақты, Батыр болып шынығар. Текті туған ер жігіт Кедейлік басса, құлығар. Аяқты қия басу жоқ, Орыстың салған жолы бар. Емін-еркін заман жоқ, Ендігі жүрген жігіттің Маңдайында соры бар. Бұл шумақ 25 тармақтан болса, келесі, шумақ 27 тармақ, онан кейінгі 14, әрі қарай, – 37 тармақ, онан әрі – 33 тармақ болғанын, яғни ой ағынының тұйықталуына бағыныштылығын көреміз. Бұл жерде Шортанбай басылымында қайсыбір шумақтардың бірінен келесіге тармақ ауысып кетіп отырып қағазға түсуі, жиналуы, басылуы мүмкін екенін, оның өзі тармақ санын дәл ажыратуда дәлдікке кедергі жасайтынын, әрі қанша жол түсіп қалды, қанша жол қосылып кетті, дегеннің бәрі де шумақ, тармақ санын анық бөлуге кедергі келтіретінін айтқан жөн. Мәселен, “Зар заман” толғауы қайсыбір жазбада, басылымда “Сол себептен қорқамын!” – деп аяқталып отырады. Ал кейде ол шумақ басына ауысып кеткен, немесе бір шумақты бірнеше рет кездесетін болып басылған жайлар көп.
Бірнеше түрлі 6-7, 7-8, 8-9 буынды жыр өлшемі “Зар заман”, “Бала зары”, “Алдаушы жалған” т.б. толғауында кездесе береді. 3. Бірнеше түрлі жыр ұйқасы асқақ, ерікті, шұбыртпалы, кезек, қапсырмалы, шалыс, аралас, сыңар, бес аяқ, алты аяқ (Б. Кенжебаев) шумақаралық, өзекті, желілі қосымша
(З. Ахметов), егіз (Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов) ұйқастар Шортанбай толғауларында тұтастай дерлік кездеседі. Жыр, толғауда тармақтың буын саны жағынан міндетті түрде әр келкі болатынын зерттеушілер атап көрсетеді.
7
Жарар сонда жылқыңды
8
Бұхарға жетер күн болса
9
Тыныштар ма едің ұйқыңды?
(Шортанбай).
М. Мағауин өлеңдегі тармақтардың буын санының әр түрлі етіп жасалуы – жырау поэзиясына ерекше өң, әдемі нақыш, өзгеше көрік беретінін, сондықтан да оның жыраудан ең басты қаруларының бірі екенін атап айтады.
Әдебиет теоретиктерінің негіздеуінше жыр ұйқасының ең көп қолданылатын басты түрі – қосымша, жанама ұйқастардың желілі ұйқасқа қосарланып, өріліп отыратын түрі. Бұл ұйқас – шұбыртпалы жырдың табиғатын танытатын қазақ өлеңінің елеулі бір ерекшелігі.
1. Шумағы әр алуан, ерікті.
2. Жыр өлшемі бірнеше түрлі.
3. Ұйқасы бірнеше түрлі.
4. Жыр көбіне сөз буыны сөз ұйқасы емес, ой түйдегі, ой ұйқасына қарай қарастырылады.
Сонымен, Шортанбай шығармалары негізінен жанр ретіндегі өзіндік ерекшеліктері сараланған (ұйқас, екпін, буын, бунақ, түйдек, шумақ жөндерінен) бұрынғы жыр үлгісінде келеді. Жырдың ішінде – толғау. Ахметов Зәки Ахметов айырмасындай түйдектеліп, тармақтар тобы кесек-кесек жатқан ширақ өлең. Ойды сатылап, дамытып, тарау-тарау айтудың үлгісі. Ой желісінің түйінді-түйінді белгілі бір сөздерінің қайталанып келіп отыру шарты Шортанбай толғауларында аз кездеспейді. Мәселен, “Зар заман” толғауларындағы “Сол себепті қорқамын!” түйінінің белгілі бір түйдектің соңында қайырыла келіп отыруы, жыр-толғауындағы, дәстүрлі, әр тұста бір оралып отыратын желілі ұйқасты жасап тұр.
Шортанбай толғауларында ежелгі жырдағы бір сөздің қайталанып, негізгі түбір сақтала отыру ерекшелігі де көп кездеседі. “Бала зары” толғауында бол етістігінің болса, болар, болсақ… түрінде қайталанып отырар тұстары көп.
“Бала зары” толғауында ақын жалпы жаратылыстың түп негізіне түсіндіруден бастап, өтірік, ұрлық, ғайбат, зорлықтан аулақ болсаң, залал көрмессің деген уағыз айтады. Алланың ақ жолын айтып отырып, жақсы мен жаманның сапасын санамалайды. Өмірде не дұрыс, не бұрыс дегенге тоқтам жасар тіршілік шарттарын алға тартады. Дін-мұсылман парызы, адам баласының көрер жарығы сөніп, өшу, өлімі сөз болады. Құдіретке көн, иманды ойла, ораза-намаз ұста, медресе, мешіт салдыр деген уәж айтылады.
Осы ұзақ толғаудың ішінде бірнеше тіршілік қисындары жүр. Олардың кейде бөлек-бөлек шығарма ретінде жеке алынып берілуі де сондықтан болар. “Бала зары” толғауын мағыналық иірімге бөлгенде ұзағы бар – 18, жеке тұсы да мәнін жоғалтпас қысқа толғаулар шықты.
Толғауда жыр дәстүріндегі құлақ күйін келтіріп алар қыстырма текістер де кезедеседі. Мұның өзі зерттеушілеріміздің Шортанбай толғаулары басы артық дүниеден таза, ауыз әдебиет үлгілерінен үздік деген пікірлері негізінен дұрыс болғанымен, қайсыбір тұста Шортанбайдың ауызша жыр үлгісін де пайдаланып отырғанын көрсетеді. Ол қисында да. Себебі Шортанбай әрі айтыс ақыны. Суырып салма, ауызша өлеңнің ілкі дәстүрден қол үзіп кетуі еш мүмкін емес.
Бұхар толғауын талдай келіп, З. Ахметов айтқан мына тұжырымның Шортанбай поэзиясына қатысы жоқ емес: “Жыр түйдегінің осы композициялық құрылысы өмірде әр түрлі өзгеріс болуы мүмкін, бір қалыпта тұрмақ жоқ деген философиялық ойды қатар-қатар келіп жатқан көп мысалмен, нақтылы жайлармен дәлдеп көрсету мақсатына сәйкес туып отыр. Сөйлем құрылысындағы бәркелкілік, ұқсастық (синтаксистік параллелизм) және осының ұйқас құрауға әсері күштілігі, ұйқаста үнемі бір сөздің қайталанып отыруы – міне бұлар суырып салма ақындардың терме, толғау түріндегі көптеген жырларына айрықша қас ерекшеліктер.
Қазақ поэзиясының кейіптеу тілі, теңеу тілі зар заман дәуірінде басқа сипатқа енді. Ашынып, кектеніп, жек көріп, айбаттанып, сес көрсете сөйлеу поэзия тіліне жаңа айшықтар әкелді. Махамбет Жәңгірді қасқырға, жыланға, шаянға, т.б. теңеді. Дулат шығармаларындағы ел мінезін, атқамінерлердің болмысын ашу – қазақ поэзиясына жаңа қырлар енгізді. Зар заман ағымы халық поэзиясындағы дәстүрлі кейіптеу, бейнелеу құралдарын молайтты, түрлендірді, өзгертті. Шортанбай тілі – сол өзгерген, нақтылана түскен, өткірі, өтімі өскен өлеңнің тілі. Әрбір өзгерген қалыптың, тіршілік дамуының жаңа сөз тудырып отыратыны белгілі. Зар заманның өзі сөзі болды.
Академик З. Ахметов: “Өлең сөздің суреттілік қуат-күші қисынсыз мол. Сондықтан идея, мазмұны жаңа поэзияның жаңалық табу, бейнелеу құралдары одан әрі жетіліп, өркендей беру мүмкіндігі де шексіз”, – дейді [24, 121 б.]. Зар заман дәуірінде өлең сөздің жаңа сапаға ойысқаны – даусыз ақиқат.
Шортанбай заманның бейнесін, сол заманда жасаған адамның бейнесін бар кейпімен, ерекшелік, өзгешелігімен өлең сөзге көшірді. Өлеңге түсірді. Кейіннен Дулатта, Абайда нақтылыққа көшіп, көрініс берген ел мінезі Шортанбайда да бар.
Шортанбай көне түркі, араб поэзиясының қыры мен сырын еркін меңгеріп, игерген ақын екендігі даусыз. Жалпы оның шығыс мәдениетімен, мұсылманшылық идеясымен астарласып жатқан қырларын ашу – келешектің шаруасы.
Шортанбай баяғыны баяндап беруші емес, өз дәуірінің шындығын нақты көрініспен, өлеңге өзіндік өрнекпен көшірген ірі дарын, ілгерідегі өлең дәстүрін дамытып, байытушы, заманға сай жаңа түске көшірген суреткер.
Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлы бас көтеруі Сырым батыр (ХVІІІ ғасырдың аяғы) қозғалысынан Исатай, Махамбет, Кенесары, Жанқожа, Бекет батыр қозғалыстарына ұласты; жүз жылға жуық уақыт жүрді. Ақыры жеңіліспен, таусылумен тынды. Патша үкіметі енді отарлаудың “бейбіт” түріне көшті. Түрлі қорған, қалалар енді шекара бойлап емес, қалың елдің ішін ойып орныға бастады. 1861 жылғы реформадан соң еркіндік алған шаруалардың қазақ даласынан жайлы қоныс, құт мекен алуға ұмтылған үлкен шеруі жандана түсті. ХVІІІ ғасырдың 1 жартысынан бастаған Гурьев, Орынбор, Тройцк, Қорған, Петропавловск, Омбы, Семей т.б. қалалардың қатары енді Қапал (1841), Лепсі (1855), Ақмола (1862), Ақтөбе, Қазалы, Темір (1868) сияқты кенттермен молая түсті.
1822 жылы хандық билеу жүйесін жойған өкімет енді, 1868 жылы қазақ жерін қазынаның меншігі деп жариялады.
С. Мұқанов бұл жайлы саяси-әлеуметтік төңкерістердің қазақ қоғамы, қазақ әдебиетіне әкелген өзгешелігі жайлы былай дейді: “Осындай, қолдан күш, басынан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз “Зар заман әдебиеті” дейміз. “Зар заман” әдебиетінің негізгі қалаушы қазақ ақыны Шортанбай (С. Мұқанов та М. Әуезов жүйесінде айтты – Қ .М.) [9, 147 б.].
Мұрат – сол заманның айтулы өкілі. Оның шығармалары сол елінің жаны қысылған қиын шақтарда туды. Қысылған жүректің қиналған күйін, өксікті зарын, өлшеусіз мұңын өлеңге көшірді.
Ақынның “Үш қиян”, “Сарыарқа” толғау-дастандары – сол дәуірдің, сол тарихтың қасірет шындығы. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік үлгілері.
Мұраттың мұңы көп еді… Сол мұңмен оралып шыққан, бірақ қайткенде де қасірет бұғауынан құтылып шығармыз деген үміт сәулесі қоса жүрген; сол үміт сәулеге халқының бойға біткен бостандық рухынан, ерлік дәстүрінен қуат-нәр алған жыры да көп еді.
Алайда Мұрат ақынның жыр мұрасын танып, табуымызда, әйгілі жыр дүлділінің әдебиет тарихындағы өз тұғырын айқындауымызда қилы кезеңдер болды. Әдеби мұраға, өткен тарихқа көзқарастардағы түрлі саяси құбылулардың Мұрат мұрасына да солақайлықпен соғып өткен тұсы аз емес.
1924 жылы Халел Досмұхамедұлы Мұрат Мөңкеұлының шығармашылық өмірбаянын ғылыми жүйеледі. Жыр-дастандарын бастырды. Кейінде, 1942 жылы С. Мұқанов: “Зар заманның атақты ақынының біреуі Мөңкеұлы Мұрат”, – дей отырып, Мұрат ақынның әдебиет тарихындағы орнын ғылыми тұрғыда айғақтады. Қандай мұра қалғанын, жеткенін түгендеп сөйледі. Зар заман ақындарының ішінде Мұраттың тарихқа, шежіреге жүйрік өзіндік ерекшелігін айыра сөйледі.
“Мұрат “Зар заман” дәуірінің ақыны. Сол кездегі ел басына түскен ауыртпалықты ол да Шортанбайша көре білді. Отаршылдық саясатқа ол Шортанбайша қарап боп, патша үкіметінің қазақ жерін тартып алуына, қазақ халқының қоныссыз қалуына қарсы шығады…” [9, 151 б.].
“Екеуі де “Зар заманның” ақынын бола тұра, Шортанбай мен Мұраттың арасында айырма бар. Шортанбай өзінің барлық шығармаларына теманы өзі жасаған дәуірден ғана тапқан, өз дәуірінен бұрынғы дәуірге де, соңғы дәуірге де құлашын созбаған, ақындық дарынын заманның жағдайына ғана арнаған ақын, ал, Мұрат – өз заманының мұңын мұңдаумен қатар, елінің арғы тарихына үңіліп, өз заманының ғана емес, өткен тарихтың хал-жағдайын да жырлаған ақын” [9, 154 б.].
Ғалым Мұрат өмірінен, шығармаларынан жүйелі мәлімет бере келіп,
ХІХ ғасыр әдебиетінде алатын орны аса елеулі деп тұжырымдайды.
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтар күнгі “Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы” қаулысынан кейін Мұраттың шығармалары оқулықтардан алынып тасталды.
1957 жылы 8 шілдедегі “Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы” қаулысын да орай өткен 1959 жылғы ғылыми-теориялық конференцияда Мұрат мұрасы туралы да көп айтылды. Мынадай шешім қабылданды: “Мұрат Мөңкенің шығармалары эпостық дәстүрлерге жақын әрі өзіндік, ерекшелік сипаттары бар; бұған сәйкес оның творчествосын әлі де болса сын тұрғысынан қарап, тереңірек зерттеу қажет.
Дулат пен Мұрат творчествосы жоғары мектепте сол кездегі тарихи-әдеби процестің күрделі сипатын, әдебиеттің қандай қайшылық жағдайда дамығанын талдап көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып бұл ақындардың творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын” [93, 372 б.].
Мұрат ақынның әдеби мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау ісі ілгеріден бері жүріп келеді.
Ханғали Сүйіншәлиев Мұрат ақын шығармашылығына әдебиет тарихы оқулығында арнайы тарау арнады. Сол тұрғыда ақын шығармалары жайлы арнайы зерттеу еңбек жазылды. Ғалым Бауыржан Омарұлының Мұрат жайлы еңбегі ақын мұрасын ғылыми жүйелеп, тұтас қарастырды.
Мұраттың шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазанда Кәрімовтердің баспаханасында “Мұрат ақынның Ғұмар Қазыұлына айтқаны” деген атаумен шыққан жинақта басылды.
Бұл кітап жөнінде Б. Омарұлы былай дейді: “Кітап не бары 24 беттен тұрады. Не ақын жырларын ұсынушының, не баспагерлердің түсініктемесі берілмеген. Тек соңында Кәрімовтердің баспасынан жуық маңда қандай дүниелер жарық көретіні жөнінде құлақтандыру жарияланған. Ақын көз жұмғаннан кейін екі жыл өткенде жарық көрген бұл кітапты кімнің бастырып шығарғаны жөнінде нақтылы дерек жоқ. Халел Досмұхамедұлы бұл тұста Санкт-Петербурте әскери-медициналық академияда оқып жүрді. Оның үстіне әдебиетке қатысты зерттеулерін де сәл кейінірек бастады. Сондықтан өлең-жырларды осы жинаққа топтастырған Ғұмар Қараш емес екен деген ой келеді. Өйткені Ғұмар Қараш сол жылдарда қазақ баспагерлерімен хат алысып, байланыс жасап тұрған” [118, 12 б.].
Аталған жинақта басқа ақын-жыраулар шығармалары да бар. Осында Махамбет өлеңдері де тұңғыш рет басылды. Бұл өлеңдердің бәрін Мұраттан Ығылман жазып алған. Мұрат – Махамбет шығармаларын халыққа жеткізуші.
1924 жылы Халел Досмұхамедұлы Ташкентте “Мұрат ақын сөздері” атты ақын шығармаларының жинағын шығарды.
Мұрат ақын шығармалары күні бүгінге дейін түрлі басылымдарда, орта, жоғары мектеп оқулықтарының хрестоматияларында, “Үш ғасыр жырлайды”, “Бес ғасыр жырлайды”, “Ай заман-ай, заман-ай”, “Зар заман”, “Алқаласа әлеумет”, айтыс жинақтарына енгізіліп келеді.
Мұрат мұрасын Халел Досмұхамедұлы, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев,
М. Жолдыбаев, С. Сейфуллин, Қ. Жұмалиев, Ә. Тоқмағамбетов, С. Мұқанов,
Ы. Дүйсенбаев, Х. Сүйіншәлиев, Қ. Бисенбиев, Б. Қорқытов, Қ. Сыдиықов,
Ш. Кәрімов, Б. Омарұлы, А. Шәріп, т.б. ғалымдар зерттеп-зерделеді, жариялап насихаттады.
Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы Атырау облысының Қарабау ауылында туған. Х. Досмұхамедұлының ақын өмірінен берген мәліметі мынадай: “Мөңке баласы Мұрат 1843 жылы туып, 1906 жылы 63 жасында опат болды. Кіші жүздегі байұлы беріш деген рудың қаратоқай деген арысынан, аққолы деген бөлімінен болады. Туған жері Орал облысы, Гурьев (Үйшік) уезі, Қарабау деген жер. Жүрген жері – Бөкейлік, Орал.
Мұраттың ата-тегі мал баққан шаруа қазақ. Мұрат жасында аз-кем молдаға оқыған, қара танып, хат жазарлық қана оқығаны болған. Мұрат бала күннен-ақ өлең айта бастаған. Ол бестен асқан соң той-тобырда өлең айтуды місе етпей, заманындағы айтқыштардың бәрін айтысып жеңген…
Мұрат мақтау өлең айтып, мал таппаған адам. Заманындағы ұлықтарға шығарған асқақ сөзі көп [13, 102 б.].
Мұраттың анасы Қырықжылқы деген әнші, ақын адам екен. Мұратқа, ағасы Матайға ақындық осы анасынан, нағашы жұртынан дарыса керек. Мөңкенің үлкен баласы Матай көпке мәлім ақын екен, бірақ кейін Мұраттың өнері асып, жалпақ жұртқа жайылады.
Мұрат шығармалары негізінен өлең-толғау, жыр-дастандардан, айтыс өлеңдерден тұрады. Айтыс өнеріне ақынды жас кезде Қаратоқай руының белді биі Есеттің өзі баулыпты, ел мен жер тарихын, ру ережесін ұғындырып, үйреткен осы Есет би деседі. Бала Мұрат кішкенеден әр рудың батыры мен биі, әйгілі тұлғалары жайлы, қайсыбір бетке шіркеу келеңсіздіктері жайлы көп әңгімені бойына сіңіріп өседі.
Б. Омарұлының анықтамасында Есет Қараұлы (1778-1868) жұртшылыққа айыр тілді шешен, қара қылды қақ жарған әділ би, қол бастаған батыр ретінде танылған. Кәдімгі “Бес ғасыр жырлайды”, “Ай заман-ай, заман-ай” жинақтарына “Тауға біткен қайыңның, солқылдар басы жел өтсе” деп басталатын өсиет өлеңі енген Есет бидің өзі. Мұраттың ұстазы болған Есет осы.
Мұраттың алғаш айтысып жеңген ақыны Жылқышы дейтін Ысқақ руының жыр жүйрігі екен. Ағасы Матайдың айтыс жолын ел ақсақалдарынан сұрап алып айтысқаны аян. Мұрат бұл күнде 17 жаста екен. Келісім алып жүргенде айтыстың уәделі мерзімі өтіп кетіп, Жылқышы ақын барған жерде болмайды. Сонан қайта келеді. Сонда Мұрат: