Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет47/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   85
Қаларсың бір күн Сандықтас,
Құлан жортпас бел болып…
Самалың салқын соғатын
Сары ызғырық жел болып…
Дулат мұрасы жалпы бағаның, қалыпты таным шеңберлерінің аясына сыймайды. Біржақтылық пен жақынды ғана байқап, алысқа шалымы жете бермес білімпаздықтың күл-талқанын шығарады. Көнбес, бағынбас; асылдың асау мінезін танытады.
Ақын шығармалары мән, мазмұн, құн жағынан қарастырылған; көп тоқтам тұжырым жасалған. Көркемдік шектер мен шеңберлер, ой әлеміндегі шендестірулер алып шығар жыр қуаты, өлең өзгешелігі жайлы да қыруар зерттеу бар. Соның ішінде Дулат поэзиясының тілін шұқи қарап, шұқшия зерттеген Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиевтер сол Дулат өлеңінің тек ішкі қуаты, өлеңдік сапаның Дулаттағы ғана түрі емес, жалпы қазақ поэтикалық әлемінің айқыны; жыр жауһары; қазақ өлеңінің бар мүмкіндігі, болмысы жатқан ұлы поэзиясының үлкен айдыны түпсіз тұнығы деп қарастырды.
Күнәм жойқын, тәубам аз,
Тіршіліктен не таптым.
Дүние жемтік мен төбет
Соны, бақпай, не бақтым?
Ырылдасып әркіммен
Не қаптырдым, не қаптым…[114, 105 б.].
Дулат өз заманының ғана адамын ашпайды: жалпы адам жаратылысының жағымсыз жағын, мінін айтады. Дәстүрлі нақыл, өнеге, өсиет түрінде келетін ғибрат үйрету емес, өлеңдегі жаңа сөз. Дүниенің себебі мен салдарын қос тармақ пен дәстүрлі түйіндерге жүгінту емес, жеп-жеңіл түгендеу емес. Адам ғұмырын тұтас қамтыған; соның бәріне бағалы байлам жасаған басқа өлең. Түп-төркіні бөлек өлең. Бұл Абай алдында жасаған поэзияның биігі, Абай мен жалғасқан жаңа поэзия тұнығы. Өлеңге адамның өз жанын қосып отырып, әріден, тереңнен қозғап, алыс-жақынды қамтып отырып сөйлеудің озық үлгілерінің қазақ поэзиясынан да бой көтеріп, ой қотара бастаған тұсындағы сөз.
Сол өзгеше сөзге Дулат табиғи күшке қоса өлең табиғатын біліп, танып, өзгеше талаптар жөнінен келді. Өлең құраудың, сөз жасаудың, ойды оятудың, сезімді сергітудің мың-сан құпиясын, қулығын мықтап, қымтап отырып сөйлейді.
Дулат өлеңі зар заман әдебиетінде туып, жасай бастаған жаңа өлең түрі, өзгеше сөз сиқыры есебінде зерттеліп, зерделенген сайын мың-сан қырымен, түпсіз тұңғиық қырымен әлде де талай ұрпақты өзіне тартары, ынтықтыра түсері даусыз.
Дулат поэзиясының ой образы сөз образы елдің, қоғамның қоғам тудырған адамның мінез-құлқын, болмысын, жаратылысын жасады. Адамның кейбір көңіл-күй сәттерін мынадай ғажайып жолдарға көшірді.
Мөңіреп жұртқа ой қайтты
Бұзауы өлген сиырдай.
Дулат шығармаларында қимас та қымбат туған жердің, ата-қоныстың қадірі жетпес қымбаты небір таптырмайтын теңеу, үздік салыстыру, айшықтаудың сиқырына шомып жатыр.
Дулат өлеңді көбіне жазып шығарған сияқты. Қайсыбір өлеңдері суырып салма ақындықтан туғаны көрініп жатыр. Ақпа-төкпе жыр үлгісінде де келеді. Жалпы Дулат шығармалары жаңа сапаға ойысар тұстағы өтпелі кезеңнің ерекшелік-өзгешелігін дәл көрсетеді. Ақын поэзиясында дәстүрлі терме, толғау түрінде келген, дүниеге баға берген, шартын түгендеген, не дұрыс, не бұрысты ажырата айғақтаған жырмен жаңамын, басқамын деп сөйлейтін өзгеше өлең аралас. Дулаттың сөз қолданыс, сурет жасау шеберлігі тамсандырады; өлеңнің жаңа сапаға ауысып бара жатқанын байқатады. Бірде дәстүрлі үлгі, сарында:
Қилы-қилы заманды,
Заманға сай адамды
Салғастырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай
Шыр көбелек айналам.
Кешегі бір заманда,
Қайран қазақ, қайтейін,
Мынау азған заманда
Қарасы – айтқор, қаны – арам,
Батыры көксер басы аман,
Бәйбіше – тантық, бай сараң,
Бозбаласы – башалаң,
Қырсыға туды, қыз балаң,
Нары – жалқау кертабан,
Құсы – күйшіл, атшабан,
Жырғалаң жоқ, жобалаң.
Ебі кеткен ел болды,
Енді қайда мен барам?–
деп, Шортанбай, Мұрат сарынында заманның күйінен тұрпатынан осылай шошынуын толғаса, келесі бір тұстардың ой желісі; сөз мәнері өзгеше сапа, басқаша түрде көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет