Байланысты: Шындалиева М.Б. Публ.жанрлары мен пішіндері
Баспасөздегі мақала - оның бағытын айқындайтын публицистика жанрларының маңызды түрі. Мақала автор, редактор, баспагердің көзқарасын айқындайтын жанр. Мақаланың мақсаты корреспонден-циядағыдай емес, оған көзқарастардың ауқымдылығы мен жалпылау тән.
Мақала - публицистика жанрының бір түрі. Публицистиканың бұл түрінде әлеуметтің ең маңызды, мәнді тақырыбы, мазмұны толық, жан-жақты терең зерттелген, барлық құбылыстардың, іс-оқиғалардың талдауы, деректерге негізделіп жазылуы керек. Сондай-ақ, мақалада оқиғалар мен деректердің дұрыс құрылған бірегей талдауы негізінде автордың өзіндік көзқарасы, пікірі көрінеді. Мақалада айтылған жағдайға байланысты ашылған дәлелге негізделген, оның мәтіні ережеге сәйкес кіріспе және қорытынды бөлімнен, шешімі мен ұсыныстан тұратын анық логикалық байланысқа құрылған мәліметтер негізінде жазылуы тиіс. Мақала - публицистика жанрының ең күрделі түрі.
Мақаламен жұмыс. Журналистің мақаламен жұмысы – кезеңдер қатарынан құралған ұзақ еңбек. Мақаланың атын таңдау қоғамның қажеттілігі мен ағымдағы саяси-әлеуметтік конъюнктурасымен себептеледі. Материалды жинақтау үнемі жүргізіледі.
Атақты публицистер өмір бойы жазбалар мен бақылауларын жазып отырған. Мақаланың сәттілігі автордың тақырыпқа қызығушылығымен, логикалық ойлау мен сараптауға қабілетті-лігімен, материалдарды мұқият зерттеуімен және білімінің кеңдігімен (әрине баяндау шеберлігімен қатар) сипатталады.
Мақаламен жұмыс істеу тәжірибесінде зерттеудің басқа да тәсілдері бар. Ақпарат жинауға, құжаттарды зерттеуге, сауалдар мен басқа дайындық кезеңінің элементтеріне ерекше тоқталған жөн. Жұмыстың әрбір кезеңіндегі және мәтін жазу алдында жағдайдың сипаттамасы маңызды болып келеді.
Жалпы мақаламен бүкіл жұмыс төрт негізгі кезеңге бөлінеді:
- Тақырып таңдау. Журналистің жеке қызығушылығы мен әлеуметтік қажеттіліктен туындайды.
Материал жинау. Бұл детализация мен жеке зерттеуді талап ететін айтарлықтай ұзақ үрдіс.
Әдеби өңдеу: мәтіннің жазылуы мен алдын-ала редакциялануы. Редакцияның талаптарын ескеріп, белгілі бір оқырман аудиториясына бағытталуы қажет.
Мәтіннің безендірілуі: соңғы редакциялану, жинау, түзету, қажет болса иллюстрацияларды қоса беру.
Өзекті мәселе қоғамда көп кездеседі. Журналист оған қоғамның назарын бірінші болып аударуы мүмкін, немесе мәселенің қоршаған шындықпен ешкім сезіктенбеген байланысын табу, немесе оны шешу жолдарын ұсынуы да ықтимал. Кез-келген әлеуметтік маңызы бар мәселе журналистиканың бөлігі болып табылады.
Қоғамдық мәселе журналистік зерттеуге дейін «өз ішінде» деген екі ұғымды қалыптастырады. Ол ақиқат арқылы өмір сүреді, бірақ ішінде не жатқаны мен сыртқы ортамен байланысы – ешкімге белгісіз. Осыны ашу - журналистің міндеті. Қоғамның өзекті мәселесін зерттеу үрдісі төмендегідей бөліктерден тұрады:
Дерек пен құбылысты белгілеу.
Маңызды мәселені тұжырымдау.
Материалды зерттеу.
Мәселенің жағдайы, даму барысымен жете танысу.
Зерттеу барысында кездесетін кедергілерді білу.
Мәселенің біржолата шешілуі.
Қорытынды тұжырымның өзекті мәселесі және оны шешудің жолдарының көрсетілуі.
Әрине, бұл қатып қалған қағида емес. Әрбір нақты жағдайда оған түзету енгізуге болады. Алайда болашақ журналист осы қағидаттармен жұмыс істей білуі тиіс.
Мақала – бұл өмірлік-маңызы бар құбылыстар туралы жазылған материал. Деректер мақалада негізгі рөл атқарады. Мақалада мәселе және құбылыс маңызды. Онда аргументация, әрекеттердің мотивациясы толығымен қолданылады, барлық мәтін түрлері пайдаланылады: баяндау, суреттеу және ой қосу да орын алады. Мақаланы шартты түрде былай бөлуге болады:
1. Үздік - бұған дәйектілік негіз болады.
2. Үгіттеу - мұнда үгіттеу маңызды әдіс болып табылады.
3. Таза ғылыми және ғылыми-танымдық мақала.
4. Проблемалық мақала - автордан мәселені жан-жақты, терең зерделеуді, бастамашылдықты, батылдықты талап етеді.
В.В. Ворошилов: «Мақаланың ерекше түріне әртүрлі оқиғаларға жедел үн қосып, оларға түсінік беруге және бағалауға мүмкіндік беретін публицистикалық түсініктемені жатқызуға болады» [17,171-б],-дейді.
Газет бетіндегі әртүрлі мәтіндер «мақала» терминінің мағынасына топтасқан. Қорытындылай келгенде, мақаланың мынадай түрлерін атауға болады: жалпы теориялық, тәжірибелік-талдамалық, ғылыми-көпшілік, полемикалық, бас мақала т.б.