Байланысты: Шындалиева М.Б. Публ.жанрлары мен пішіндері (копия)
Ежелгі жазба мұралардағы публицистикалық сарын Қазақ халқының этникалық түп-тамыры мен азаматтық тарихы қай дәуірден басталып баяндалса, бұл халықтың әдебиеті мен тілі сол кезден бастау алуға тиіс деген тұжырымдаманы ұстансақ, онда байырғы жазба мұраларды да ертедегі әдебиеттің қайнар көзі ретінде қарастыруға әбден болады. Ал, қазақ топырағында туындаған ежелгі жазба мұралардың жанры туралы бүгінгі күнге дейін пікірталас толастамай отыр. Бұл ескерткіштер түркі халықтарының тарихын қысқаша баяндаған шежірелер болып табылатынында дау жоқ. Ертедегі жазба ескерткіштерді зерттеуші ғалым И.В.Стеблева: “Бұл дәуір жазбалары – тұтас күйінде поэзиялық туынды” [14,15-б],- деген пікір айтады. Профессор М.Жолдасбеков бұл туралы: “Орхон жазбаларын кейбір зерттеушілер тарихи деректер жиынтығына жатқызса, енді біреу оларды тарихи ерлік жыры деп тануда. Қалай десек те, өте ертеде жасалған бұл ескерткіштердің түркі халықтары тарихынан, мәдениеті мен әдебиетінен, санасынан, әдет-ғұрпынан, дәстүрінен құнды деректер беретін бағалы мұра екендігі даусыз” [15,17-б], - дейді.
Ежелгі Түркі қағанатының руникалық жазбаларына жанрлық және мазмұндық тұрғыдан назар аударса деректік мәні, публицистикалық сарыны айқын аңғарылады. Публицистиканың кейбір көркемдік элементтері: портрет, диалог, авторлық пайымдау, деректік нышандар да бар. Өткен замандарда болған тарихи жағдайларды баяндау барысында бұл нышандардың дүниеге келгенін ескерткіштерді оқи отырып саралауға болғандай.
Орхон өзенінің бойынан табылған ескерткіштер мәтінінде зерттеу тақырыбымызға қатысты белгі-нышандарды аңғаруға болады. Біріншіден, мәтіндерде ру, тайпалар атаулары бар, түркі халықтары аталады. Оларға: қырғыздар, оғыздар, қарлұқтар, түргештер, төлістер, қаңғарлар /қаңлылар/, басмылдар т.б. жатады. Бұл рулардың тарихта аты сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Екіншіден, осы көне жазбалардағы аты аталған батырлар, қағандар тарихта болған, әрі өмір сүрген адамдар. Күлтегін, Тоңұқық, Йоллық-тегін төңірегінде болған тарихи оқиғалар VІІІ ғасырдағы іргелі мемлекет Түркі Қағанатында болғаны аян. Үшіншіден, бұл жазбаларда публицистикалық сарын бар, онда басты кейіпкерлер хандар мен бектер болғанымен, қарапайым халық тіршілігі ұмыт қалмай, олардың басынан өткен алуан түрлі жағдайлар ашық жазылғандығы айқын байқалады.
Тасқашау жазуындағы негізгі стильдік ерекшелік - бірінші жақтан баяндалуында. Бұл мәтіндер Күлтегін мен Тоңұқық атынан баяндалған, яғни басты кейіпкерлер – айтушының өзі. Осы ескерткіштердегі жазбалар Күлтегін, Тоңұқық сияқты батырлар атынан айтылғанымен, оны тасқа жазған екінші авторлар бар. Сол қағандар жайындағы шежірешілер – хат иелері.
Күлтегіннің басқа елге бағынышты болған түркі халқын біріктіріп, ел-жұрты үшін істеген ерліктерін баян етеді. Баяндау барысында дәлдікті сақтау мен ойды толық беру үнемі ескеріліп отырғаны байқалады. Түркі Қағанатының тұсында жазылған ескерткіште хан-Білге қаған, әскербасы-Күлтегін, ақылшы-Тоңұқықтардың қызметтері туралы баяндалған тұстары - таза деректерге негізделген шежіре – тарих. Бұл жазуларда түркі халықтарының белгілі бір кезеңдегі оқиғалары суреттеледі. Осы оқиғаларды баян еткен автор деректерді іріктеп, екшеп, сұрыптауда мақсатына жеткен деуге болады. Түркі тайпаларының белгілі бір бөлігін билеп отырған қағандардың ел басқаруын, көрші тайпалармен қарым-қатынасын, соғысы туралы көзбен көргенін, естігенін тізе бермей, тарихи-әлеуметтік мәні бар, типті құбылыстарды әңгіме етуге тырысқанын байқаймыз.
Бұл ретте автордың өмір шындығын публицистикалық тұрғыдан баяндап көрсетуге талпынғанын көреміз. Ескерткіштерде түркі халықтарының басынан өткен оқиғаларды жәй ғана тізу мақсат етілмеген. Керісінше, автордың қабылдауындағы, түйсігіндегі, бейнелі суреттеуіндегі оқиға туралы әңгімелер жазылған. Л.Н.Гумилевтің: “Түріктер сөз күшін реалды күшке санағанға ұқсайды. Өзінің 200 жылға созылған тарихында түріктер мифологиялық белестен өтіп, образды ой түйіндеуден бірте-бірте тарихи реалды ойлауға ойыса бастағаны байқалады” [16,68-б], – деген пікірі жәй айтылмаған. Күлтегін, Тоңұқық жазбаларынан сол заманда өмір сүрген ел билеушілердің дүниетанымын, қоғамдық, әлеуметтік көзқарастарын байқауға болады. Бұл ескерткіштерге тән ортақ қасиеттер: түркі ұлыстарының өмір жолы ұқсас, ел билеуде, жорықтарда, қолбасшылық еткенде бірдей тәсілдер қолданғанын көреміз. Күлтегін, Тоңұқықтардың басынан кешкен оқиғалары бастан-аяқ баян етілмей, болған оқиға, құбылыстарға баға беру жағы басым. Тарихи, деректі оқиғаларды соншалық дәлме-дәл, кейде ұсақ детальдарына дейін тізе баяндайды.
Күлтегін ескерткішінің авторы Йоллық өз заманының қайраткері ғана емес, ірі идеологі және публицисі десе артық болмас. Себебі, Йоллық Түркі Қағанатының қалай құрылғанын, батыр ұлдарының өмірбаянын, ерлік жорықтарын ғана баян етіп қоймайды. Қытай мен Табғаш билеушілерін, олар ұстанған саясаттың құйтұрқы әрекеттерін сынап, түркі халқын бірлікке шақырады. Өз қоғамында өмір сүріп отырған бектерінің алауыздықтарын ашына көрсетіп, келешегіне көз жүгіртуін сұраған тұстары түркі халқына деген қамқорлықтың айқын көрінісі екені даусыз.
“Түркі бектері, халқы, мұны тыңдаңыздар. Түркі халқын жинап, Ел еткендеріңді мұнда бастым, Барлық сөзімді айтар, Мәңгі тасқа бастым” деп автор өсиет етіп қалдырып отырғанын ескертеді. Автордың тарихи-саяси оқиғаларға баға беруі, оның себептерін жан-жақты ашуы, келешек жайлы терең толғануы - мәртебелі құбылыс.
Күлтегін ескерткішінің авторы VІ ғасыр ортасынан Тумын қаған билік құрып, Түркі ордасын құрған дәуірден бергі 200 жылдық тарихты сөз ете отырып, шындықты танудың, өткенді ой елегінен өткізудің жолдарын сілтейді. Тумын мен Естеміс қағанның ерліктерін екі-үш ауыз сөзге ғана сыйғызады. Автор 553 жыл мен 630 жылдар аралығында: “...ұлдары да қаған болды, Соңында ағасы інісіндей болмады, ұлдары әкесіндей болмады” дей келіп, табғаш халқының алдау, арбауына сеніп, түркі халқы елдігін жойғандығын өкіне баяндап, түркілердің жер-су үшін, халық болу үшін соғысқа аттанғанын сенімді баян етеді. Елтіріс қағанның халықты жинап, бірлікке шақырғанын, балалары Білге қаған мен Күлтегіннің белсенділігін де жан-жақты жинақтап көрсетеді. Автордың Күлтегін ескерткішінде өз заманының қоғамдық пікірінен шықпай, болып жатқан оқиға, құбылыстарға баға бергенде Түркі Қағанатының мүддесін көздейтіндігін ескерткіштің әр жолынан көреміз. Сол кезеңнің қоғамдық ой-пікіріне әрқашан ортақтасып отырған авторды өз дәуірінің публицисі деуге әбден болатын сияқты.
Бұл ескерткіштердегі публицистиканың деректік нышандары айрықша назар аудартады. Біріншіден, түркі қағандарының туған, өскен ортасы, жылдары нақты берілген. Екіншіден, жер-су аттарының нақты деректері бар. Мысалы: Орхон өзені, Өтүкен қойнауы, Алтай мен Жоңғар, Алатау сілемдері, Іле бойы, Хуанхэ өзені, Ордос жайлаулары. Үшіншіден, бұл ескерткіштердің нақты қаhарманы бар. Ол – халық. Түркі халқының белсенді әрекеті, қимылы негізгі обьекті болып алынады. Төртіншіден, түркі ордасының тарихын баяндаған Йоллық өз заманының белсенді публицисі. Демек, Орхон-Енисей ескерткіштері - сол кездің тарихи проблемаларын көтере білген, өн бойында публицистиканың деректік нышандары бар тарихи шығарма деп қорытынды жасауға негіз мол.