Дәріс 2. Балалардың жүйке жүйесінің физиологиясы. 1 бөлім.
Жүйке жүйесінің маңызы. Адамның жүйке жүйесінің маңызын оның қызметіне қарай төмендегідей анықтауға болады:
- мүшелерді бір-бірімен байланыстырып, организмнің біртұтастығын іске асырады;
- денедегі барлық мүшелердің және мүшелер жүйелерінің қызметтерін реттейді;
- организмді сыртқы ортамен байланыстырады;
- сыртқы ортаның өзгермелі жағдайына организмді бейімдейді;
- денедегі барлық жасушалардың, ұлпалардың, мүшелердің, бүкіл организмнің тірлігін қамтамасыз етеді.
Жүйке жүйесінің құрылысы мен функциялық негізі – жүйке жасушасы құрайды.
Жүйке жасушасын нейрон деп атайды. Нейронның денесін сома деп атайды. Нейронның көптеген ұсақ өсінділерін -дендриттер, ал ұзын бір ғана өсіндісін – аксон (нейрит) деп атайды. Аксонның сыртын миелин қабығы қаптап тұрады. Ол әрбір 1,5-2 см сайын үзіліп, Ранвье белдеуіне айналады. Орталық жүйке жүйесінде нейрондарды қосымша клеткалар – глиялар қоршаған. Нйрондар мен глиялар жүйке ұлпасын құрайды. Глиялар жүйке клеткаларының тірегі болып, оны қоректендіреді және электр изоляторы қызметін атқарады.
Нейрондар бір-бірімен өсінділер арқылы байланысып, синапстарды (грекше “synapsis” - байланыс) түзеді. Синапста бір нейронның аксоны екінші нейронның дендритімен байланысады. Синапс екі бөлімнен тұрады: пресинапстық және постсинапстық бөлімдер. Пресинапстық бөлімнің пресинапстық мембранасы бар, ол аксонның жуандаған ұшы – синапс түймешесінің қабығы. Синапс түймешесінің іші синапстық көбікке толы болады. Бұл көбік медиатор деп аталатын белсенді химиялық заттан тұрады. Қозуды қабылдайтын дендриттің қабығын постсинапстық мембрана деп атайды.
Пресинапстық және постсинапстық мембраналардың арасында синапс аралығы болады. Ол – клеткааралық сұйыққа толы кеңістік.
Әр нейронның денесіндегі синапстардың саны 100, тіпті бірнеше мыңға дейін болуы мүмкін.
Синапстардың екі түрі бар: қоздырушы және тежеуші.
Адамның миы нәтижелі еңбек еткен сайын оның синапстары көп болады. Сондықтан жаңа туған нәрестелерде синапстар аз болып, ержеткен сайын көбейе түседі,ал ересек адамдарда көп болады.
Жүйкелер мен жүйке талшықтары. Сырты қабықпен қапталған жүйке жасушаларының өсінділерін жүйке талшықтары деп атайды. Жүйке талшықтары 2 түрлі болады: миелинді және миелинсіз.
Миелинсіз жүйке талшықтарының бойымен қозу үздіксіз жүріп отырады, ал миелинді жүйке талшықтарының бойымен бір Ранвье белдеуінен екіншісіне секіріп өтіп, қозудың қозғалысы жылдамдайды. Жүйке талшығы арқылы қозудың өтуі жүйке талшықтарының диаметріне де байланысты. Жүйке талшықтарын диаметріне байланысты 3 топқа бөледі: А, В, С.
А тобының талшықтарының диаметрі 22 мк (микрон), миелин қабығы болады, қозудың жүру жылдамдығы секундына 120 мин.
В тобының талшықтарының диаметрі 3 мк-ға дейін, миелин қабығы болады, қозудың жүру жылдамдығы секундына 5 м.
С тобының талшықтарының диаметрі 1 мк-ға дейін, миелин қабығы болмайды, қозудың жүру жылдамдығы секундына 2 м.
Балалардың денесінде С тобының талшықтары көбірек болады. Бірақ бала өскен сайын жүйке талшықтары жуандап орталық жүйке жүйесінде де және шеткі жүйке жүйесінде де қозуды өткізу жылдамдығы артады.
Жүйке талшықтары организмде топтасып дәнекер ұлпадан тұратын қабықпен қапталып жүйкелерге айналады. Бір жүйкенің құрамында қозуды орталыққа жеткізетін (афференттік) және қозуды орталықтан жұмысшы мүшеге әкелетін (эфференттік) талшықтар болады.
Орталық және шеткі жүйке жүйелерінің құрылысы, қызметі және дамуы. Адамның жүйке жүйесі орталық және шеткі жүйке жүйесі болып бөлінеді.
Орталық жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұрады. Жұлын омыртқа өзегінде орналасқан, ұзындығы ересек адамдарда жарты метрге жуық, салмағы 37-38 г. Жұлынның жоғарғы ұшы сопақша мимен жалғасады да, төменгі ұшы шашақтанып І және ІІ бел омыртқа тұсында бітеді.
Адамның жұлыны 31-33 сегменттен тұрады: 8 мойын, 12 арқа, 5 бел, 5 сегізкөз және 1-3 құйымшақ бөлімдері. Әр сегменттен қос-қостан шыққан жүйке түйіндері екі жұлын жүйкелеріне айналады (орталыққа тебетін немесе сезгіш және орталықтан тебетін немесе қозғаушы жүйкелер). Жалпы жұлыннан 31 жұп жүйке тарайды. Жұлын жүйкелері жұлын өзегінен шығып (І жұптан басқасы) дененің терісін, аяқ-қолдарын, дене тұлғасының бұлшық еттерін жүйкелендіреді. Әрбір бөлім өзіне тән жерлерін жүйкелендіреді.
Жұлын екі түрлі қызмет атқарады: өткізгіштік және рефлекторлық (тізе рефлексі, зәр шығару эякуляция, жыныс мүшесінің эрекциясы).
Жұлын 10 жасқа келгенде екі есе ұзарады. Оның өсуі алғашқы жылы қарқынды жүреді де, 4-6 жасқа келгенде жұлынның дамуы аяқталуға жақын қалады. Дегенмен оның толық жетілуі 20 жасқа жуықтағанда аяқталады.
Ми. Ми ми сауытында орналасқан. Мидан 12 жұп нерв тарайды: І-иіс, ІІ-көру, ІІІ- көз қимылдатқыш, ІV- шығыршық, V-үшкіл (үш тарамды), VІ- бет бұру, VІІ- бет, VІІІ-дыбыс, ІХ- тілжұтқыншақ, Х- кезеген, ХІ-қосымша, ХІІ-тіласты жүйкелері.
Жаңа туған сәбидің миының салмағы орта есеппен 360-390гр, ересек адамдарда 1400-1450гр. Мидың толық жетілуі 17-20 жаста байқалады. Адамның ақыл-ойы миының салмағымен тікелей байланысты емес. Дегенмен мидың физиологиялық қалыпты қызмет атқару қабілеті оның салмағы 900 грамнан төмендегенде және 2100 грамнан асқанда бұзылады.
Мидың бөлімдері: сопақша ми, Вароли көпірі, мишық, ортаңғы ми, аралық ми, үлкен ми сыңарлары.
Сопақша ми - жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Ол екі түрлі қызмет атқарады: өткізгіштік және рефлекторлық. Сопақша мида тыныс, қан айналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей шығару, қарын және қарын асты безінің сөлдерін бөлу орталығы орналасқан және ІХ-ХІІ жұп нервтерінің ядролары орналасқан.
Вароли көпірі – сопақша мидың үстінде орналасқан. Көпірден Ү, ҮІ жұп нервтері және көпір мен сопақша мидың арасынан ҮІІ- ҮІІІ жұп нерв тармақтары шығады. Сопақша ми мен көпірді артқы ми деп те атайды. Артқы мидың дамуы 7 жасқа келгенде аяқталуға жақындайды.
Мишық сопақша мидың артқы жағында орналасқан. Мишықта дененің қимыл-әрекеттерін, тепе- теңдікті сақтау мен бұлшық еттердің тонусын реттейтін орталықтар орналасқан. Мишықтың толық дамып жетілуі 7-8 жаста аяқталады.
Ортаңғы ми вароли көпірінің үстінде орналасқан. Мұнда сұр заттар 4 төбешік түрінде шоғырланған: көзді қозғаушы және шығыршық жүйкелерінің, қызыл және қара субстанцияларының ядролары бар. 4 төбешіктің алдыңғыларында алғашқы көру орталықтары, артқы төбешіктерінде алғашқы есту орталықтары орналасқан. Қызыл ядро бұлшық ет тонусын реттейді. Қара субстанция жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады.
Аралық ми ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында орналасқан. Ол 2 төмпешіктен және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, төмпешік асты аймағын гипоталамус деп атайды. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамуста зат алмасуын, дененің температурасын, аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу орталықтары бар.
Аралық мидың дамуы 13-15 жаста аяқталады.
Ми бағанасының ортаңғы бөлігін ретикулярлық формация (торлы құрылым) деп атайды. Ол әртүрлі пішінді және мөлшерлі бір-бірімен шырмалып жатқан нейрондардан тұрады. Микроскоппен қарағанда торға ұқсас болғандықтан торлы құрылым деп те атайды. Торлы құрылым орталық жүйке жүйесінің 3 бөліміне әсер етеді: жұлын, мишық, үлкен ми сыңарларына. Жұлынның белсенділігін арттырып немесе тежеп отырады. Белсенділігін арттырғанда жұлын рефлекстері жақсы пайда болады, ал тежегенде жұлын рефлекстері әлсіреп, қозғыштығы төмендеп, адам ұйқыға кетеді.