Дәріс 14- 15 Мектеп гигиенасы және балалар ауруы туралы түсінік
Мектеп кешеніне қойылатын талаптар. Мектеп кешенінің құрылысы, жері қаланың және ауылдың әкімшілік үкімімен бекітіледі. Мектеп кешені оқушылар тұратын үйден қалада 1-2 км, ауылда
– 3 км-ден аспау керек.
Мектеп жерінің 15% мектеп ғимаратына, 50% өсімдіктер егу үшін, қалған жерін спорт, демалыс, шаруашылық, тәжірибе алаңдарына пайдаланылады.
Мектеп ауласы бірнеше аймаққа бөлінеді: қорғаныс, демалыс, оқу-тәжірибе, спорт және шаруашылық.
Қорғаныс аймағы (0,1-1,0 га) мектеп кешенінің көше жағында орналасқан. Ол мектепті транспорт шуынан, газынан, көше шаңынан қорғайды. Бұл аймақта ағаштар, бұталар егіліп гүлмен безендіріледі. Көлік жолынан арақашықтық 25 м-ден кем болмау керек. Мектеп терезелері мен биік ағаштар арасы 10 м, бұталар арасы 5 м болу қажет.
Демалыс аймағы (0,2-0,3 га) мектеп ауласының жазда көлеңке, қыста желден сақтайтын бұтақты ағаштар егілген тегіс таза жағында орналасады. Онда демалып отыратын орындықтар қойылады.
Оқу-тәжірибе аймағы (0,2-0,4 га) биология, география пәндеріне қажетті тәжірибе алаңдары орналасқан.
Спорт аймағы (0,1-1,07 га) денешынықтыру пәнінен және спорт ойындарына қажетті алаңдар орналасқан. Спорт аймағы оқушылар санына лайық болу керек.
Спорт алаңын тастардан, ағаш бұтақтарынан тазартып отыру керек.
Шаруашылық аймағы (500м2) мектеп ауласының алыс түкпірінде, балалардың жүретін жолынан, демалыс орнынан қашық жерде орналасады.
Мұнда түрлі қоймалар, мектеп гаражы, қосымша дәретхана, өрт қауіпсіздігінің бұрыштары т.б. заттар болады. Дәретхана мен қоқыс жәшіктері мектеп кешенінен кемінде 25 м қашықтықта орналасуы керек.
Мектеп ғимаратын салғанда оқу бөлмелерінің терезелерін оңтүстік не оңтүстік батысқа, ал қосымша бөлмелердің терезелерін терістікке қаратып салады.
Мектептің барлық бөлмелерін оқу және қосымша бөлмелер деп екіге бөледі. Оқу бөлмелеріне: сабақ жүретін кабинеттер, сынып бөлмелері, спорт залы, шеберхана, физика және химия пәндерінің зертханалары жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |