Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы дегеніміз – бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірін-бірі толықтыруы, өзара хабарласа, келісе әсер етуі, ықпал жасауы деген қорытындыға келдік. Яғни жасөспірімдердің тәрбиесіндегі мектеп пен отбасы ынтымақтастығы- жасөспірімнің тәрбиесін жақсарту мақсатында бағытталған, келісілген, үйлестірілген, әсер ететін шаралардың бір жүйеге бірігуі. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде мектеп пен отбасы ынтымақтастығының жоғары өлшемді болуына сынып жетекші, педагог-психолог, әлеуметтік-педагогтың орны ерекше. Сонымен қатар пән мұғалімдері де жасөспірімді тәрбиелеуде өз үлестерін қосып отырады. Олар жасөспірімдердің пәнге деген ынта-ықыласына байланысты жасөспірім бойындағы белгілі бір ерекшеліктері, қызығушылықтары арқылы тәрбиелей алады. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде ортақ келісімде іс-әрекеттер, өзара түсіністік қалыптасады. Бұл жерде мектеп ұжымының ынтымақтастығы, жасөспірімдердің бір-бірімен ынтымақтастығы және отбасы мүшелерінің ішкі ынтымақтастығы да аса маңызды факторлар екендігі айту керек. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, жеке болған мекеме болған емес. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, қоғаммен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары көп. Олар: ата-аналармен жұмыс; сынып жетекшілерінің және мұғалімдердің отбасымен жұмысы; сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары. Осы жұмыстарға мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен, отбасымен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді.
Ата-аналармен жұмысты әрі қарай жандандыру барысында мынадай ұсыныстар жасауға болады:
1) Отбасылармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында түрлі әдістерді («алғыс хат»; «интернет арқылы қарым-қатынас орнату және жүздесу»; «ақпарат бетіне үлгілі ата-аналар туралы мақалалар жазу»; «ата-аналар комитетін дұрыс жүргізу»; «тақырыптық дөңгелек үстелдер» т.б.) жиі қолдану;
2) Ата-аналарға арналған отбасындағы баланы тәрбиелеу тақырыбында дәрістер, семинар, тренингтер өткізу;
3) Отбасы тәрбиесінде қолданысқа тиімді әдістемелік-ақпараттық оқу құралдарын көбейту және т.б.
«Ертең өсіп келеді, ертеңмен бірге адам өсіп келеді. Бізде қазір жаңа қоғам ғана жасалып жатқан жоқ,жаңа адам жасалып келеді», деген екен академик З.Қабдолов.Олай болса ертеңіміз нұрлы да жарқын болуы үшін мектеп , ата-ана болып бірлесе жұмыс жасайық.