Сөзбен нұсқау беру. Педагогтар мен психологтардың зерттеулері 4,5 әсіресе, 6 жастағы балалардың міндеттер және өздерінің әлі жетерлік әртүрлі іс-әрекеттерді саналы ұғынуға жеткілікті мөлшерде дайын екенін көрсетеді. Бұл қимыл-қозғалыс дағдыларды қалыптастыру кезінде сөзбен әсер етуді кең пайдалануға мүмкіндік береді, ол дағдыны меңгеруді шапшаңдатуды ғана емес, оның сапасын арттырады. Осыған байланысты ересек балалар топтарында тәрбиеші беретін үлгіге еліктеу тәсілі басым болуына жол берілмейді. Бұлай болғанда балалардың қимыл-қозғалыс әрекетін игеру процесі көбіне механикалық түрде игеру жолымен жүреді. Дегенмен, егер жаттығу аяқталғаннан кейін балаға нені қалай жасау жайын әңгімелеп беруді ұсынса, онда ол көбіне бұл сауалға анық жауап бере алмайды. Бала көбіне жауап беру орнына қимыл-қозғалысты көрсете бастайды. П.Ф.Лесгафт: «Eгерде бала белгілі бір механикалық әдісті оның жеке тәсілдерінің қандай мәні бар екенін түсінбей игерсе, онда ол механикалық түрде әрекет ететін болады да осы әдісті жеке жағдайда қолдана алмайды» - деп жазған болатын. Ересек балалар топтарының тәжірибелі тәрбиешілері үйрету процесінде сөзбен тапсырма беру тәсілдерін пайдалана отырып, бала санасында оның орындауы тиіс қозғалыс бейнесін тудыруға талпынады. Мысалы, тәрбиеші: «Cендер, барлықтарың да жалаушаны алға-жоғары көтересіңдер. Денелеріңді түзетіп, жалаушаларға қарайсыңдар, содан соң қолдарыңды екі жаққа қарай жазасыңдар да «түсір» дегенде түсіресіңдер», — дейді. Дауыс екпінін өзгерте отырып, тәрбиеші жаттығулардың негізгі сәттерін атап көрсетеді (алға-жоғары көтеріңдер, соған қараңдар, екі жаққа жайыңдар). Бұл тапсырманы көрнекі көрсетусіз орындау жағдайында алдын ала бағдар жасауға мүмкіндік туғызады. Сөйтіп, балаларда қимыл-қозғалыс туралы, олар қалай және қандай ретпен орындалуы тиіс екені жайлы ұғым пайда болады. Бұл бастапқы және өте маңызды сәт болып табылады. Ол балалардың жаттығуларды дұрыс орындауын қамтамасыз етеді.
П.Ф.JIесгафттың анықтауы бойынша «қимыл-қозғалыс туралы ұғым» дененің қозғалатын мүшелері, амплитуда, бағыт, шапшаңдық, ширығу, қозғалыстың тағы басқа компоненттері туралы ұғымдардан тұрады. Демек, мұндай жағдайда, балада дененің қозғалатын мүшелерінің бейнесі оның барлық түйсінетін компоненттері құрамы жиынтығымен бірге пайда болады. Балалар жаттығуларды сөзбен берілген тапсырма бойынша орындағаннан соң педагог оның жеке элементтерінің орындалуы дұрыстығын осы жағдайға қажетті кез келген тәсіл: нұсқау беру, көрнекі көрсету, түсіндіру жолымен нақтылай түседі. Бұл балалардың санасына сіңген тапсырмаларды практикалық тексерумен нақтылай түсу қызметін атқарады.
Қимыл-қозғалыс әрекеттерге үйретудің келтірілген әдістемесі профессор А.Ц.Пунидің еңбектеріне сүйенеді, оларды елестетудің қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастырудағы рөлі және қимыл-қозғалысты елестетудің жаттықтырғыштық әрекет-әсері ашылып көрсетіледі. Ол психологияда «идеомоторлық реакциялар» деп аталатын өзіндік ерекшелігі бар процестен көрінеді.
Идеомоторлық реакциялар негізінен И.П.Павловтың: «Cіз белгілі бір қозғалыс жайлы ойлап тұрсаңыз (яғни кинестезиялық түсінігіңіз бар), сол қозғалысты еріксіз, байқамай жасайсыз», деген қағидасымен анықталады.. Адам өзінше қозғалысты елестеткенде оның ми қыртысында кинестезиялық клеткалардың орталық қозу процесі пайда болады. Бұл сол қозғалысты практика жүзінде орындау кезінде жасалған және бекіне түскен жүйенің мерзімді жүйкелік байланыстарының жандануы өтіп жатқанын білдіреді. Орталық қозу себебі сыртқы қоздырғыш рөлін атқаратын сөз болуы мүмкін. Қимыл-қозғалыстық тапсырма ұсыну сәтіндегі айтылған сөз қимыл-қозғалыстың мазмұны мен құрылымын көз алдына әкелуге көмектеседі. Кей жағдайда сөз тілсіз болуы да мүмкін, мұндайда ол адамның белгілі бір әрекетті қалай жасау жайындағы ойы болып табылады. Ол да кинестезиялық клеткалардың қозуын тудырады. Мұның нәтижесі - осы қозғалысты тәжірибе жүзінде орындауға сәйкес адамда туған елес болып табылады. Егер «жаттығуды меңгеру кезінде байланыстар қалыптасса, онда, кез келген, соның ішінде ойша қайталау кезінде де осы байланыстарды жетілдіру, соның нәтижесінде жаттығуды атқарудың тәжірибе жүзінде жақсаруы да жүріп жатады». Осының бәрін ескере отырып, тәрбиеші балаларда қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру процесінде әртүрлі тәсілдерді пайдаланады. Мәселен, балаларды үйрету процесінде тәрбиеші дағдыларды қалыптастыру орнықты дәрежеге жетіп, балалар қимыл-қозғалыс әрекеттерін өз беттерімен орындауы тиіс болған кезде олардың біреуіне қазіргі сәтте жаттығуды орындамай-ақ, осы әрекеттің бүкіл ретін еске түсіріп, әңгімелеп беруді ұсынады. Бала қимыл-қозғалыс ретін еске түсіріп отырып, мысалы: «Aлдымен таяқты жоғары көтеріп, соған қарау керек, содан соң оны жоғары көтерген оң тізеге түсіріп, бұдан кейін қайта жоғары көтеру және төмен түсіру керек», - дейді. Алғашқы кезде балалар әдетте өз сөзін тиісті қимыл-қозғалыстармен сүйемелдеуге тырысады. Мұндай жағдайда сөзбен бірге қимылдап қозғалу естің көру-қимылдық елесінің көрінісі болып табылады және баланың тапсырмаға жауап реакциясын жеңілдетеді. Кейде тәрбиеші балалардың бәріне қимыл-қозғалысты еске түсіруді ұсынады, яғни олар, үндемей, іштерінен нені қалай жасау керектігін елестетулері керек. Yйретудің мұндай тәсілдері қимыл-қозғалыс жайлы елес пайда болуына көмектеседі, бұл балалардың қимыл-қозғалысты орындау дұрыстығымен, олардың белсенді ынталы, эмоциялық күйімен, ден қоюдың жинақылығымен және тұрақтылығымен дәлелденеді. Бұл тәсілдерді жүйелі түрде қолданғанда балалар тәрбиешіден қимыл-қозғалыстарды міндетті түрде көрсетуді күтпейді: олар назарды тапсырманың түсіндірілуіне аударады, содан соң жаттығуды сенімділікпен және өз бетінше орындауға кіріседі. Бұдан әрі тәрбиеші сөйлесу тәсілін жаңа жаттыруларды үйрену кезінде пайдалана алады. Жаңа қимыл-қозғалыстардың қай-қайсысында да балаларға таныс элементтер үнемі болады, сондықтан ол тегінде таныс элементтердің жаңа үйлесімі ғана болып табылады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде балалардың бәрі де тәрбиешілердің талаптарын ойдағыдай меңгереді, оларға практикалық қимыл-қозғалыстармен дұрыс, саналы және эмоциялы жауап қайырады. Олар сөзбен берілген тапсырмаларды жақсы бағдарлайды және оларды қимыл-қозғалысқа дәлме-дәл айналдырады. Осының бәрін ескере отырып, тәрбиеші балаларда қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру процесінде әртүрлі тәсілдер пайдаланады.