Тəрбиенің өмір жəне еңбекпен байланыстық принципі. Ежелгі Рим мектептері өз оқушыларын «Мектеп үшін емес - өмір үшін», - ұранымен күтіп алады екен. Адамзаттың алғашқы қадамдарының өзінде-ақ адам тəрбиесімен шұғылданған тұлғалар өмір мен тұрмыс тәжірибесінен ажыраған тəрбиенің мағынасыз болатынын түсінген. Адам тұлғасын қалыптастыру оның іс-əрекетімен, қоғамдық жəне еңбектік қатынастарға келуімен тікелей тəуелді байланыста. Адамның ұнамды сапалары еңбекте ғана дамиды: неғұрлым ол ауқымды, мақсатқа орай болса, тұлғаның дамуы мен əлеуметтену деңгейі де жоғары келеді. Тең құқықты мүше ретінде еңбек процесіне қатыса отырып, бала адамгершілікке баулынады, рухани жəне тəндік дамуға келеді, еңбектің қоғамдық мəнді сеп-түрткілерін ажырататын болады, өзінің моральдық сапа-қасиеттерін бекітеді, одан əрі жетілдіреді.
Тəрбиені өмірмен байланыстыру принципі педагогтерден екі бағытта белсенді қызмет атқаруды талап етеді: 1) тəрбиеленушілерді адамдардың қоғамдық өмірі жəне еңбегімен қолма-қол əрі кең таныстырып, жалпы тұрмыста болып жатқан əлеуметтік өзгерістерді мезетінде түсіндіріп беру; 2) тəрбиеленушілерді шынайы өмір қатынастарына тартып араластыру, қоғамдық пайдалы іс-əрекеттердің сан-алуан түрлеріне қызығулары мен бейімділіктеріне сəйкес қосып, оның нəтижесінен рахат сезінуге баулу.
Аталған принципті іске асыру барысында педагог орындауы тиіс міндеттер төмендегідей:
-қоғам мен адам өміріндегі еңбектің маңызын əр балаға жете түсіндіру;
-материалды жəне рухани дүние өндіруші еңбек адамдарына деген құрметке баулу;
-шаршап-жалықпай еңбектену қабілетін дамыту, қоғам жəне өз мүддесі үшін адал да шығармашылықпен іс қылу ниеттерін өрістете түсу;
-қазіргі заман өндірісінің жалпы негіздері жөніндегі ақпараты жеткізу;
-еңбек аясында өз басы мүдделері мен қоғамдық міндеттерді үйлестіре білуге, қоғам қажеттері мен өз ниеттеріне орай кəсіп таңдауға үйрету;
-қоғамдық игілік жəне табиғат байлықтарына құндылықпен қатынас жасауға баулу;
-қоғамдық мүлікке байланысты ысырапшылдыққа, жауапкерсіздікке, талан-тараждыққа, табиғат байлықтарына болған айуандыққа төзбеушілік сезімін ояту.
Тəрбиені өмір жəне еңбекпен ұтымды ұштастыру мақсатында келесі ережелерді ұстанған жөн:
1.Желең сөз емес, балалардың нақты əрі қолынан келер ісі пайдалылау. Осыған орай тəрбиеші сабақ жəне сабақтан тыс жұмыстарға қойылатын талаптар бағдарламасын түзіп, оларды бірізділік принципі негізінде іске асыруы шарт.
2.Өз əрекеттерін жанұя талаптарымен үйлестіре отырып, тəрбиеші əр балаға оның басты міндеті оқу екенін жете түсіндіруі лазым. Бұған қосымша - үйге жəрдемдесу, əлі жететін басқа да тапсырмаларды орындау.
3.Бала, əдетте, қандай да істі орындауға құштар; енжарлық, селқостық, іссіздік-бала табиғатына жат құбылыстар.
4.Дəрістер (сабақтар) мен топтан (сыныптан) тыс тəрбие жұмыстарында өлкетану материалдарын пайдаланған өте тиімді.
5.Ересектермен қатар еңбекке араласуынан балалар қолға алған жұмыстарды жауапкершілікпен бағамдауға үйренеді, ал бұл олардың азаматтық сапаларының дамуына жəрдем береді.
6.Бала тəрбие процесінде өз еңбегінің басқа адамдарға, қоғамға қажет əрі пайдалы екенін сезінуі тиіс.