Тəрбиеде өнеге-үлгіні сүйеніш ету принципі. Егер өз тəрбиеленушісінен педагог тырнақтай да жақсылық нышанын байқап, оны тəрбие процесінде пайдаланатын болса, оның шəкірт жанына жол тауып, тезірек табысқа жетуі сөзсіз. Дана педагогтер тіпті, тəрбиесі жетімсіз балалар мінезінен де ұнамды бітістер тауып, оларды тəрбие мақсатына орай басқа да қасиет-сапаларды қалыптастырып, тұрақтандыруда шеберлікпен қолдана алған. Ұнамды үлгі-өнегелерді сүйеніш ету принципінің талаптары қарапайым: педагог баланың ұнамды мінез бітісін табады, оны пайдаланып, басқа, əлі қалыптаспаған не кері кеткен мінез бітістерін дамытады, қажетті деңгейге жетілдіріп, өзге əрекет-қылық сапаларымен үйлестіреді. Баланың ұнамды сапалары (жануарларға мейірім, тума қайырымдылық, ықыластылық, жомарттық жəне.т.б.) келеңсіз қасиеттермен (уəдесіздік, өтірік айту, еріншектік жəне т.б.) бірге жүреді. Бірақ түгелдей «бұзық» не тума «сүйкімді» бала болмайды. Адамдағы болымды қасиеттерді молынша көбейтіп, кері сапаларды мүмкіндігінше азайту - тұлғаны ізгілендіру жолындағы тəрбие қолынан келер маңызды міндет.
Тəрбиеші қызметі табысты болып, тез əрі ұнамды нəтижеге жетуі үшін, ол келесі ережелерді ұстануы қажет:
1.Тəрбие процесінде дау-дамайға, тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы қайшылыққа, күш жəне көзқарас тайталасына жол бермеу міндетті. Тек қызметтестік, ымырашылдық пен шыдамдылық жəне бала тағдырына мүсіркей араласумен ғана ұнамды нəтижелерге жету мүмкін.
2.Бала қылық-əрекетіндегі тек олқылықтар мен кемшіліктерге ғана назар аудара беру қателік. Əрдайым жақсы нышандарды тауып, қолдау шарт, əлбетте, келеңсіз сапаларды түзету қажет. Дегенмен, мүмкін болғанша, алдымен ұнамды қасиеттерді анықтап, қажет болса қалыптастырып, одан əрі оларды жетілдіре түсу тиімді.
3.Педагогикалық тұрғыдан тəрбиеленушілердің ұнамды қызығулары мен бейімділіктеріне (танымдақ, эстетикалық, табиғат, жануарларға қайырымдылық жəне т.б) арқа сүйеген тиімділеу, олардың жəрдемімен көптеген еңбек, имандылық, эстетикалық тəрбие міндеттерін шешуге болады. Ұнамды үлгі-өнегені пайдалану принципі тəрбие процесінің табиғатына берілген жетекші өзекті таба білуге байланысты. Əр нақты жағдайға орай осы өзекті табу-бала тəрбиесі жолында жанпидалыққа түскен қай педагогтің де қолынан келетін іс.
4.Ұнамды тəрбие аясын (фон) түзу-өнеге пайдалану принципінің жəне бір шарты. Бұл - тəрбиеленушілердің тіршілік, іс-əрекет ауқымы мен тəрбиелік қатынастар стилі. Байыпты, іскерлік жағдай жасалып, əркім өз ісімен шұғылданып, басқаларға кедергі болмаса, еңбектену мен тынығу жоғары дəрежеде ұйымдастырылса, «қабырға да көмектесіп» дегендей сергек те сенімді алға ілгерілеу болады. Жұмыс орнының барша қолайлылықтары алдын ала ойластырылып, үйлесімді əрекеттер мен бірдің екіншіге болған қамқорлығы сезілсе, мұның бəрі қызмет бабындағы адамға ұнамды əсер етпей қоймайды.
5. Қателіктерінен үздіксіз кері əсерге ұшыраған бала өзіне, өз күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне сенуден қалады. Тəжірибелі педагогтер ғұлама Гомерден қалған «Мадақ бар жерде, Жаратқан мен сəби жүреді» деген қанатты ойды ұстанып, балаға деген жылы, қолдау лебізін бір де аямайды, болашақтағы жетістіктері үшін де алдын ала мақтауға жомарт келеді. Олар баланың жақсы қылығын күні бұрын жобалап, оның нəтижелі боларына баланы сендіреді, өз шəкірттерін қызметтес жолдасына айналдырып, қателескен жерінде қол ұшын береді.