Бекіту және жетілдіру әдістемесі. Yйретудің үшінші кезеңінде бала тапсырманы саналы қабылдайды, мақсатты бағытта әрекет етеді, бірақ бұл кезеңде қимыл-қозғалысты орындау әдісі автоматтандырылған дәрежеге жетеді, сондықтан оның назары негізінен сапа жағына топтастырылады. Балалардың үйренген қимыл-қозғалыс әрекеттерді үшінші кезеңде дұрыс жасауы олардың бұрынғы өткен уақытта жұмсалған күш-жігерінің нәтижесі болып табылады. Балалардың қимыл-қозғалыстары анықтығымен, сенімділігімен, эмоциялылығымен ерекшеленеді, сондықтан тәрбиеші көбіне, ауызша тапсырма берумен шектеледі, бұл үшін жаттығулардың аттарын пайдаланады: «Tізені шапалақтайсыңдар». Немесе: «Қазір жүгіріп келіп, биіктікке секіресіңдер». Балалардың санасында және көз алдына өздеріне таныс әрекет атынан ғана сол әрекеттің бүкіл реті пайда болады да, олар оны шапшаң әрі дәлме-дәл орындайды.
И.М.Сеченов «бөлікке болмашы ғана сырттай ишара ету тұтас ассоциация жасауды тудырады» деп атап көрсеткен. Белгілі бір жаттығуды өз беттерімен орындаған кезде балалардың барлығының қимыл-қозғалыстары үйлесімді болуы үшін тәрбиеші оларды жеке сөздермен ретке салып отырады, мысалы, алғашқы жағдайда: «Жоғары» дейді де бұдан соң қолын тізеге түсіреді, балалардың өздері: «Tізеге» немесе «Шапалақ» дейді, тәрбиеші қайтадан: «Жоғары» дегенде балалар қолдарын дене бойымен төмен түсіре отырып, «Tөмен» деп жауап қайтарады. Бұл кезеңде бала меңгерілген дағдыны ойындық және өмір жағдайларында өз бетімен пайдалануға және шығармашылық тапсырмаларды орындауға әзір. Бар тәжірибені және кейбір бойға сіңген жаттығуларды орындау техникасын ескере отырып, оған шығармашылық тапсырмалар ұсынады, оған белгілі жаттығуға нендей бір өзгеріс енгізу және оның нұсқасын жасау, таныс элементтерді араластырып, одан өзінше, жаңа айрықша элемент ойлап табу. Сөйтіп, жоғарыда көрсетілген тапсырмалар пайдаланылатын үйрету әдістемесі балада оның алдағы өмірі үшін маңызды өз іс-әрекетіне деген шығармашылық қарым-қатынасты тәрбиелейді. Осылайша, балаларда дұрыс қимыл-қозғалыс дағдылардың қалыптасуы бірінен соң бірі заңды түрде келіп отыратын процесте және үйретудің негізгі үш кезеңі бойында өзара байланысты сатымен өтіп жатады. Жоғары жүйке қызметінің ерекшеліктерімен байланысты әр сатының сипатын есепке алып отыру, педогогқа балаларды үйретудің практикалық міндеттері мен әдістемесін мақсатты түрде белгілеуге мүмкіндік береді.