«Сыйға сый» өлеңі небәрі алты тармақтан құралған. Әр тармақ бес буынды болып келеді. Алғашқы төрт тармақ пен соңғы тармақ өзара ұйқасады да, бесінші тармақ қалыс қалады. Мұның себебі, ақын бақылауынша, «бірыңғай үйлесімдер жас бөбекті жалықтырып жібереді, жаттауға бөгет жасайды»(1)., және айта кететін бір жайт, қалыс қалған жол белгілі бір мағыналық жүк көтереді. Демек, оқырманды еңбек етуге шақырады.
Өлең көлемінің шағындығы тағы да, балалар поэзиясының шарттарынан келіп туады. Өйткені бүлдіршіндер зейіні өте құбылмалы. Сол себепті ұзын- сонар баяндауларға қарағанда, олар ойнақы да қызғылықты, шағын да көркем өлеңдерді тыңдауды ұнатады.
Еңбек тақырыбына арналған тағы бір шағын өлеңді мысалға келтіре кетсек:
Кіп – кішкентай күрекпін,
Күнде саған керекпін.
Күре қарын ауланың,
Қопсыт түбін теректің..
Еңбек сүйгіш күрекпін,
Елгезекке керекпін (4).
«Күректің жыры» өлеңі еңбек сүйгіш күректің монологы түрінде жазылған шағын өлең. Автор күрекке жан бітіре суреттей отырып, оны үнемі тынымсыз еңбек үстінде көрсетеді.Күрекше баланы қол қусырып отырмай, ауланың қарын күреп, теректің түбін қопсытуға шақырады. Өзінің еңбек сүйгіш, елгезек балалармен ған дос екендігін айтады. Аталмыш өлеңі арқылы ақын бүлдіршіндерді шама – шарқынша еңбектенуге үндейді. Күректің кіп – кішкентай болуы оның бүлдіршіндерге арналғанын меңзейді.
Өлең небәрі алты жолдан тұрады. Әр тармақ жеті буыннан құрлған. Өлең ұйқасына келсек, ол егіз ұйқаспен жазылған. Бұл жөнінде қаламгердің өзі : «Бала өлеңінінң ұйқастары бір – біріне таяу орналасқаны құлаққа жағымды. Меніңше, кішкентайлар егіз ұйқасты өлеңді тез жаттайды» (1). Демек, қаламгер саналы түрде өз өлеңінде егіз ұйқасты қолданады.
«Балалар өлеңінің әр шумағы, тіпті егіз- қос жолына бір – бір сурет салынғандай болғаны – оның көркемдік құндылығына айғақ»(1), - деген ұстанымын ақын «Күректің жыры» өлеңінде қолданған.
Өлеңдегі дыбыстық қайталаулар - аллитерация (к, қ дыбыстарының тармақ басында, аралығында қайталанып келуі) ассонанс ( е дыбыстарының сәйкесігі) өлеңге әуенділік сыйлап тұр. Мұндай дыбыстық қайталаулар өлеңнің тез жатталуына өз септігін тигізеді.
«Еңбектен асқан есті ұстаз жоқ» деп М. Әлімбаевтың өзі айтпақшы, еңбек адамды ширатады, өмірге дағдыландырады, жалқаулық, жатыпішерлік, еріншектік тәрізді мінездегі міндерден ада етеді, адамгершілікке, адалдыққа еңбексүйгіштікке баулиды.
Қорыта келгенде, М. Әлімбаевтың еңбек тақырыбындағы өлеңдері бүлдіршіндерді игі қасиеттерге тәрбиелеудегі бірден – бір құнды құрал.
Достарыңызбен бөлісу: |