Жалпы дамытушы жаттығулар. Қолды кеудеде айқастыру және екі жағына жазу, артына жіберу, шапалақтау. Таяныштан ұстап отырып аяқтың ұшымен тұру, алға, жанына, артқа қадам жасау, аяқты алға, өкшеге қою, табандарды бүгу (жазу), қатарында тұрған – отырған адамға қолындағы затты бере отырып, тұлғасын оңға-солға бұру, шалқасынан жатқан қалыпта қолдары мен аяқтарын бірдей қимылдатып, аяқтарын көтеру және түсіру, арқасынан бүйіріне, ішіне және кері қарай аударылу, алға, жан-жағына қарай еңкею.
Негізгі қимылдар:
1) бірқалыпты жүру, жан-жаққа және берілген бағытқа шеңбер бойынша қолдарының әртүрлі қалыптарымен, аяқтың ұшымен, шағын топқа бөлініп және бүкіл топпен, жұптасып, қарқынды өзгерте отырып, белгі бойынша тоқтап, ирелеңдеген баудың бойымен еркін жүру, едендегі немесе еденнен 15-30 см көтерілген арқаннан, бөренеден, текшеден, гимнастикалық таяқшадан аттап жүру;
2) бірқалыпты жүгіру, шашырап, берілген бағытта, әртүрлі қарқынмен, заттардың арасымен шеңбер бойынша, аяқтың ұшымен, белгі бойынша тоқтап, бірінің соңынан бірі (20м дейін), шағын топқа бөлініп және бүкіл топпен, бағытты өзгертіп, шашырап, 30-40 сек бойына үзіліссіз жүгіру, жүруден жүгіруге және керісінше ауысу;
3) секіру. Бір орында тұрып екі аяқтап секіру, алға қарай ұмтыла затқа дейін екі аяқтап секіру (10-15см), орнынан ұзындыққа (20-50см) секіру, 10-15 см биіктен секіру, еденде 10-20 см қашықтықта (2 арқаннан тұратын жолақ арқылы) жатқан арқаннан, таспадан секіру, секіртпеден секіру;
4) еңбектеу, өрмелеу. Кедергілі жазықтың бетімен, еңіс тақтайдың үстімен, жол бойымен, әртүрлі заттардың: доғаның, орындық, үстел, арқанның астымен нысанаға дейін төрттағандап (алақанымен, тізесімен тіреп) еңбектеу. Ауданы 50 х 50 см, биіктігі 10 см мінбеге өрмелеу;
5) лақтыру, қағып алу, дәлдеп лақтыру. Екі қолмен 1-1,25 м арақашықтықтағы (көлденең) нысанаға (кеуде тұсынан, төменнен, жоғарыдан (қағып алмай), баланың көзінің және кеудесінің тұсынан әртүрлі заттардың астымен 0,5-1,5 м арақашықтыққа отырған және тұрған қалыптан доптарды домалату, доптарды бір-біріне домалату, бір және екі қолымен допты еденге ұру;
6) тепе-теңдікті сақтау. жиектері шектелген тура жолақпен (ені 20-25 см, ұзындығы 2-2,5 м), гимнастикалық орындықтың үстімен, еңіс тақтайдың үстімен (ені 25 см, бір басы 15-20 см көтерілген) жүру, заттарға шығу гимнастикалық орындыққа, жұмсақ модулге және тағы басқа) тұру, қолын жоғары көтеру, түсу, заттардан (биіктігі 10-15 см), шеңберден шеңберге аттау, төрттағандап тақтаның үстімен 20 см арақашықтықта орналасқан бірнеше кедергіден (таспалардан, текшелерден және тағы басқа) аттау, орнында баяу айналу.
Мәдени-гигиеналық дағдылар:
1) мәдени-гигиеналық ережелерді қолдану білімін бекіту. Дербес қимыл әрекетін қамтамасыз ету;
2) дербес ойындарында қозғалыс белсенділігін реттеуге мүмкіндік беретін жағдайларды жасау.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары:
1) балаларды шынықтыру серуен кезінде ультракүлгін сәуленің әсерімен ауа, су шараларының үйлесімділігімен қамтамасыз етіледі. Жергілікті және жалпы шаралар қолданылады;
2) балалар жылдың салқын мезгілінде, ауа температурасы 15°С төмен болмағанда, 4–5 қабат киіммен далаға шығып, серуендей алады;
3) ауа ваннасы бала күніне бірнеше рет киінгенде жүргізіледі, ұзақтығы 2–3 минуттан 6–10 минутқа дейін артады;
4) сумен шынықтыруда бала ұсақ тастары бар ваннада жүреді.Су температурасы +35°С ден +34°С -ге дейін +23°С ден +22°С -ге дейін әр үш күн сайын 2 градусқа төмендетіліп отырады. Басқа күнделікті шараларда су температурасы +30°С градустан +18°С, +16°С-қа дейін біртіндеп төмендетіледі.
Дербес қимыл белсенділігі.
Ересектердің көрсетуі бойынша кейбір қимылдарды орындайды, қимыл белсенділігіне жағымды эмоциялық қарым-қатынас білдіреді, бұрын игерген қимылдарды өздігінен орындай алады.
Спорттық жаттығулар:
1) шанамен сырғанау. Ересектердің баланы сырғанатуы, шанаға отырғызып, төбешіктен сырғанату, шананы жіппен сүйрету, баланы ойыншығымен шанада сырғанату, бір-бірін сырғанатуға талпыну;
2) велосипед тебу. Үш дөңгелекті велосипедке отырғызу, ересектердің көмегімен және көмегінсіз түсіру, ересектердің көмегімен және өзбетімен рөлді басқару;
3) мұз жолдармен сырғанау: ересектер балалардың қолынан жетелеп сырғанатуы.
Күтілетін нәтижелер:
ересектермен бірге дене жаттығуларын орындай алады;
негізгі қимылдардың түрлерін игерген;
спорттық жаттығуларды орындаудың алғашқы техникасы туралы түсініктерге ие;
жеке бас гигиенасының бастапқы дағдыларын меңгерген;
шынықтыру шараларын өткізу кезінде жағымды көңіл-күй танытады.