Мадақтау – оқушылардың тәртібін, мінез-құлқын бағалап және көтермелеп отырудың, педагогикалық ықпал етудің тиімді жолы.
Мадақтау оқушының өзінің адамгершілігін сезінуіне, мінез-құлқы мен көңіл-күйіне бақылау жасауға, өзін-өзі тәрбиелеуге көмектеседі. Мадақтау әдісі арқылы оқушы өзінің мінез-құлқы қандай болуы керектігін түсінеді, жағымды мінез-құлықты дамытып, ісінің дұрыстығын көріп, өзіне сенімділігі артады, жақсы істерді жалғастыруға тырысады. Мадақтаудан алған әсері оқушыны теріс әрі келеңсіз істерден сақтандырып отырады. Мадақтау түрлері: алғыс айту, мақтау, сыйлық беру, марапаттау.
Жазалау - жағымсыз мінез-құлқы мен іс-әрекетінің теріс екендігін балаға үғындыру және істеген теріс ісіне қынжылту. Мұғалім мектептегі жазалау шарасына өте сақтықпен қарауы тиіс. Оған қойылатын талаптар:
– жазаны талап қою әдісімен ұштастыру;
– жазаның кек алу, баланың жеке басының адамгершілік қасиетін кеміту, намысын қорлау, жәбірлеу түрінде болмауы;
– жазаның әділдігі, әділетсіз жаза балаларды тәрбиеленушілерден алыстатып, ұжымнан бөлектенуіне әкеліп соғады;
– жаза қолдануда педагогтік әдепті сақтау. Тәжірибелі педагогтар оқушылар ұжымының көмегіне, қолдауына сүйеніп, тәртіпсіз оқушыны жазалайды.
Жазаның түрлері оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай болып, тәрбиенің басқа тәсілдерімен байланысты болуы шарт. Жазалаудың түрлері: ескерту, сөгіс, т.б.
Оқыту әдістерін талдау және таңдау. Әрбір ұстаз өзінің шығармашылығына байланысты сабақта оқушылардық жас ерекшеліктері мен білім деңгейлеріне қарай тиімді әрі ұтымды әдіс-тәсілдерді таңдап алуы қажет.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыту тәсілдерінің түрлері:
– ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
– мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
– оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
– жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару тәсілдері.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің
жүзеге асуына көмектеседі.
Оқыту әдістерінің басты қызметі – оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, станоктар, оқу кабинеттері, зертханалар, ЭЕМ және ТВ, нақты объектілер, өндіріс, құрылыс.