32-бап. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
1. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу нақты уақыт режимiнде мемлекеттiк сатып алу веб-порталында жүзеге асырылады, оны өткізуді мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор қамтамасыз етеді.
2. Аукцион бір лотқа өткізіледі, бұл ретте тауар аукцион нысанасы болып табылады.
Тауар беретін бірнеше орын болған жағдайда, аукцион тәсілімен өткізілетін лотта тауар беретін бірнеше орынды көрсетуге жол беріледі.
3. Аукционға қатысуға өтiнiмдерді қарау қорытындысы бойынша айқындалған, біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер аукционға қатысады.
4. Аукциондық құжаттамаға, алдын ала талқылауға, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлауға, аукционға қатысуға өтінімге, оны қамтамасыз етуге қойылатын талаптар осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 21-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтарының, 22, 23, 24 және 25-баптарының қағидалары бойынша айқындалады.