Мемлекеттiк сатып алу туралы


-бап. Аукционға қатысуға өтінімдерді қарау, аукционға қатысуға жіберу



бет31/48
Дата06.01.2022
өлшемі69,27 Kb.
#12357
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   48
33-бап. Аукционға қатысуға өтінімдерді қарау, аукционға қатысуға жіберу


      1. Аукциондық комиссия біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау мақсатында аукционға қатысуға өтінімдерді қарауды жүзеге асырады.


      2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың аукциондық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындау үшін сараптама комиссиясын құруға не сарапшыны айқындауға құқылы.


      Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырған және өткізген кезде тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың аукциондық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.



      Мынадай адам сарапшы бола алмайды:



      1) мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне мүдделі;



      2) тапсырыс берушімен, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушымен, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушымен не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарымен не әлеуетті өнім берушілермен еңбек қатынастарында байланысты;



      3) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарының бірінші басшыларының жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылатын адам. Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін сарапшылар болмаған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сарапшы ретінде жұмыс істеу үшін тиісті бейіндегі мемлекеттік қызметшілерді не мамандануы сатып алынатын тауарларға сәйкес келетін өзге де мамандарды тартады. Мемлекеттік қызметшілер сарапшылар ретінде өтеусіз негізде тартылады, ал өзге де мамандар тараптардың уағдаластығы бойынша ақылы да, өтеусіз де негізде тартылады.



      Сарапшылар ретінде тартылатын мемлекеттік қызметшілер не өзге де мамандар осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.



      Аукциондық комиссия шешім қабылдаған кезде сарапшылардың дауыс беру құқығы болмайды.



      Сарапшылар ретінде ақылы негізде тартылатын адамдарды таңдау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.


      3. Әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан аукционға қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы ресімделеді, оған аукциондық комиссияның төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ аукциондық комиссияның хатшысы аукционға қатысуға өтінімдерді алдын ала қарау туралы шешім қабылданған күні қол қояды.


      Аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында аукционға қатысуға берілген өтінімдері қабылданбаған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдамау себептері егжей-тегжейлі сипатталып, оның ішінде біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, олар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.



      Әлеуетті өнім берушілер біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келген жағдайда, аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы ресімделмейді.


      4. Аукциондық комиссия біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді анықтаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім берушілерге аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукционға қатысуға өтінімдерін біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығын береді.


      Осы Заңның 6-бабын бұзған әлеуетті өнім берушілерге аукционға қатысуға өтінімдерін біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығы берілмейді.


      5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтірілген аукционға қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау кезінде аукциондық комиссия:


      1) аукционға қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға;



      2) аукционға қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында, тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға құқылы.



      Аукционға қатысуға өтінімдерді осы баптың 4-тармағында көзделген біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін аукционға қатысуға өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, аукционға қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруге байланысты аукциондық комиссияның сұрау салу жіберуіне және өзге де әрекеттер жасауына жол берілмейді.



      Аукционға қатысуға өтінімде ұсынылған өтінімнің мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, аукциондық комиссия аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп қарайды.



      Аукциондық комиссияның аукционға қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау кезінде аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында көзделмеген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушілерді қабылдамауына жол берілмейді.


      6. Әлеуетті өнім беруші аукционға қатысуға өтінімдерді осы баптың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіргеннен кейін, егер:


      1) ол осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп айқындалса;



      2) ол осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзса;



      3) оның аукционға қатысуға өтінімі осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша аукциондық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейді деп айқындалса, аукционға қатысуға жіберілмейді (аукционға қатысушы деп танылмайды).


      7. Егер әлеуетті өнім беруші осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша аукционға қатысуға жіберілмесе, онда аукционға қатысуға жіберу туралы хаттамада аукционға қатысуға өтінімді қабылдамау үшін негіз болған, растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, мұндай әлеуетті өнім берушінің аукционға қатысуға өтінімін қабылдамаудың негіздемелері көрсетіледі.


      8. Аукциондық комиссия аукционға қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау нәтижелері бойынша:


      1) біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және аукционға қатысушылар деп таниды;



      2) аукционға қатысуға жіберу туралы хаттаманы ресімдейді.


      9. Аукционға қатысуға жіберу туралы хаттамаға аукциондық комиссияның төрағасы мен отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ аукциондық комиссияның хатшысы әлеуетті өнім берушілерді аукционға қатысуға жіберу (конкурсқа қатысушылар деп тану) туралы шешім қабылданған күні қол қояды.


      Аукциондық комиссияның хатшысы аукционға қатысуға жіберу туралы хаттаманы оған қол қойылған күні мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырып, аукционға қатысуға өтінімдер берген барлық әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта арқылы автоматты түрде хабардар етеді.


      10. Аукционға қатысуға жіберу туралы аукциондық комиссияның шешіміне осы Заңның 47-бабында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет