Мен таңдаған мамандық



Дата10.05.2023
өлшемі24,88 Kb.
#91676

Мен таңдаған мамандық
Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әрбір адам мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы қажет. Өйткені адам болашағы таңдаған мамандықпен тығыз байланысты. Өз ісімізді жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана өзімізді бақытты сезінеміз. Сондықтан да әр адам қызығушылығына, қабілетіне, қалауына, сүйену қажет. Таңдау жасау оңайлықпен шешілетін іс емес екендігі бәрімізге аян.
Менің таңдаған мамандығым – биология және сабақтас ғылымдар. Бұл мамандыққа түсемін деген ой да болмағаны рас. Себебі мен мұғалім боламын деп нақты шешімге келгенмін. Әрине басында көптеген ойлар мазалады, бұл мамандықты таңдаған соң, мен кім боламын ? Жұмысым қандай болмақ ? -, деген сұрақтар ойымнан шықпады. Бірақ қуанышқа орай қажетті ақпарат көздерінен ғылыми оқу мекемелерінде сабақ бере алатынымды түсіндім. Содан келе мамандық таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Себебі оқыту бұл ұлағатты да ұлы іс.
Ұстаз – адамның өмірге аяқтан тік тұруына әсері күшті, сауабы мол, ұлы мамандықтың бірі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау әрбір мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, шексіз сүйетін адам деп білемін.
Менің мұғалімдік мамандық таңдауымда үлкен рөл атқарған адам бұл оқу орталығында химиядан сабақ беретін Гүлден есімді апайым болды. Осы кісінің жауапкершілігі, өз ісін сүйіп атқаруы мені аса таңғалдырды. Мен де осындай зор құрметке лайық адам болғым келді. Сондықтан мен болашақта оқушыларға сапалы білім бере алатындай мықты маман болуға бар күшімді саламын. Сондай ақ таңдаған мамандығымды мақтан тұтамын.
Қай кезде болмасын ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы орны ерекше. Бұл мамандық болашақтың 10 мамандығы тізімінде бар. Заманға қажетті бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Мен таңдаған мамандық менің жарқын болашағым боларына сөзсіз сенімдімін.
( 252 сөз )

Мен және менің ортам


« Сен маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтамын »-, деген мақал бар. Мұны жайдан- жай ойлап шығармаған,мақалдың берер өзіндік мағынасы бар.
Қоршаған орта өмір бойы ауысып, таңдалып отырады және біздің ортамыз адамдардың бірдей қызығушылықтарымен тікелей байланысты. Бірақ адамның ортасын өзгертуге де болады. Егер біз жақсы жаққа қарай өзгергіміз келсе онда ортамызда өзгертуіміз қажет. Себебі орта сол күйінде қалса ешқандай өзгеріс болмайды. Бәрі де бұрынғы қалыпқа келеді. « Табысты адам болғың келсе – үйрен, табысы мол адамдармен аралас, деніңнің сау болғанын қаласаң – үйрен, дені сау адамдармен сөйлес. Бақытты өмір сүргің келсе, көңілді адамдармен қарым – қатынаста бол »- деген Гэнди Пол Гейдждің сөзі бар ғой.
Өзіме келетін болсам, менің ортам ешқашан тұрақты болмаған, әрқашан өзгеріп отырды. Неліктен ? Себебі мен ортамды мектептен ғана таптым. Бірінші сыныптан төртке дейін, төрттен сегізінші сыныпқа дейін екі рет ауысты. Қалаға көшкенімде де сегізінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін ортам қайтып өзгерген болатын. Әрине маған басында адамдармен танысу, өзіме жақын дос іздеу қиынға соқты. Әсіресе балалық шақтағы жақын достарыммен қарым – қатынасты үзу ең қиыны болды. Бірақ бәрі уақыт өте келе жақсы жаққа өзгергеніне көзім жетті. Қазір мені қоршап жатқан орта өте жақсы деп айтсам қателеспеймін. Өзім тұратын жатақханада ақылды, өзін дамытқан әпкелерім, өзімдей жасты қыздар менің дамуыма, өмірде жақсы адам болып қалыптасуыма зор үлесін тигізеді деп сенемін.
Содан келе мен осындай қорытындыға келдім. Біздің қазіргі ортамыз – бұл ертеңгі болашағымыздың болжамы, себебі қандай жағдай болмасын уақыт өте келе біз ортамыздағы адамдар секілді боламыз.
Осылайша басқа адамдармен тығыз қарым – қатынастағы адам көп жағдайда олардың пікірін тыңдайды, дүниетанымын, принциптерін өзгертеді, бірақ сондай – ақ жағымсыз әсерлерге ұшырамайтын адамдар да бар. Сондықтан ортамыздың оң да, теріс те әсері болуы мүмкін. Бәрі де адамға байланысты болады.
( 273 сөз )

Көркем табиғатым


Табиғат бұл біздің қоршаған ортамыз, ажырамас бөлшегіміз. Табиғат әрқашан да өз сұлулығымен адамдарды таңғалдырып, шабыт береді. Ғасырлар бойы ақындарымыз бен суретшілеріміз өз туындылары арқылы табиғаттың әсем сұлулығын мадақтап келді. Тіпті күнделікті өмірде адам байқамайтын қарапайым нәрселерді осындай керемет тұлғаларымыз ерекше жеткізе білді. Абай атамыздың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Оның « Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде :
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай
Тасыған өзен гүрілдеп
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді – өзі,
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі, - деп, жазғы түннің әдемі суретін алдымызға тұтас картина ретінде келтіреді.
Қаншама өнер туындылары болса да, табиғатты өз көзімізбен көргенге не жетсін. Шіркін ! Менің көзбен көріп тамсанған қала табиғаты Өскемен. Қалай аймағының табиғаты көз тартарлықтай әсем. Осында орналасқан Марқакөл қорығы, Қатон – Қарағай ұлттық саябағы, қарағайлы, шыршалы ормандары бұл өңірге ерекше көрік береді. Өскеменнің ең әдемі жері – Ертіс жағалауы. Мұнда күндіз өзеннің сұлулығын, ал кешке қарай күннің қызарып батқанын тамашалауға болады. Мен бұл өңірге 2019 жылдың жазғы айларында келгенмін. Қыдырып келмесем де, жол бойы табиғатына тамсанып келдім. Оның жасыл желегі, ағашқа толы ормандары, биік шатқалдары ең бірінші болып көзге түсті. Біздің баратын жеріміз Зыряновск болатын. Осында келе салысымен жан – жақты аралап, табиғатының көркемдігіне үңілдім.
Тек қана Өскемен емес, Қазақстанның барлық қалалары өз әсемдігімен ерекшеленеді. Және осы әдемілікті сақтап одан әрі көркейту ол өз қолымызда. Көркем табиғатымызды аялай да қастерлей білейік дегім келеді.
( 251 сөз )
Менің еліме қосар үлесім
Отан бұл біз туып өскен, ыстық та киелі жер. Осында мен өзімді толыққанды адам ретінде сезінемін. Менің Қазақстаным-өзі туралы мәлімдеуге дайын өркендеген ел. Республикамыздың азаматы болу мен үшін үлкен мәртебе. 1991 жылы 16 желтоқсанда алған тәуелсіздігіміз бәріміз үшін салтанатты күн болды. Бұл күн ата бабамыздың аңсаған армандарының бірі, жастардың өз еліне қосқан үлестерінің нәтижесі деп білемін. Ендігі біздің, яғни жастардың міндеті елімізді одан сайын көркейту, экономикалық жағынан дамыту. Сол үшін барлығымыз аянбай еңбек етіп, зор үлес қосуымыз тиіс.
Менің еліме қосар үлесім биология және сабақтас ғылымдар мамандығын үздік аяқтап, үлгілі ұстаз болу. Ұстаздың өзектілігі күн сайын өсуде, себебі елімізде уштілдік саясат қалыптасқан.
Ұстаз болу үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты, көп еңбекті талап етеді. Әр оқушының ерекшелігін ескеру, белгісіз қабілетін ашу ұстаздың мақсаты. Осының барлығын түсіне отырып, үлгілі ұстаз болуға барымды салғым келеді. Үлгілі ұстаз бола отырып, еліме үлкен үлес қосамын деп есептеймін.
Одан бөлек өз мемлекетім үшін не істей алар едім ? Менің ойымша егер елімізге қауіп төнетін болса, мен мыңдаған жастармен бірге сол қиындыққа төтеп бере алар едім. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалуға, тіліміздің жойылып кетпеуіне өз септігімді тигізіп қорғар едім. Сонымен қатар өз елімнің гүлденуі үшін адал жұмыс істеймін. Халықты жекеменшіктен жоғары қоямын, себебі біз 19 миллион халықпыз, барлығымыз қосылсақ әрқашанда бірінші орында тұрамыз. Бүкіл әлемнің Қазақстанды тануына мүмкіндік жасай аламыз. Ал қазір мен университетте жақсы оқуыммен, мдс секілді жобаларға қатысуыммен аз болса да үлесімді тигізіп келемін. Бұл мен үшін де, елім үшін де маңызды.
Мен жер шарының әрбір бұрышына дейін Қазақстан деген мемлекетті білетіндей, адамдар бізге таңырқап қарайтындай дәрежеге жеткенімізді қалаймын. Себебі біз ұлы мемлекеттің азаматтарымыз, елімізді көркейтетін де жаңа еркін Қазақстанды құратын да біз.
( 269 сөз )
Менің хоббиім
Менің ойымша әртүрлі жастағы кез – келген адамның сүйікті ісі болуы керек. Сүйікті ісіміз, яғни хобби адамның бойындағы ең жақсы қасиеттердің ашып қана қоймай, қабілетін дамытады.
Әркімнің өз қалауы бойынша хоббиі табылады : біреуі сурет салғанды, ән айтқанды немесе билегенді ұнатса ал біреулер тіпті одан да қызығырақ нәрселерді жасағанды ұнатады. Өзіме келетін болсам, менің хоббиім ол сурет салу. Сурет салу бұл мені тыныштандыратын, ерекше сезімге бөлейтін, шығармашылық пен шексіз сұлулық әлемінде өмір сүруге көмектесетін нәрсе. Бірақ мен өзімді профессионалды суретшімін деп айта алмаймын. Өйткені осы уақытқа дейін сурет салудан ешқандай курсқа қатыспадым. Ол менің туабітті қабілетім, өзім дамытқан, үйренген еңбегім десек те болады.
Менің сурет салудағы кезеңім былай өткен еді. Шамамен 8-9 жасымда бейнелеу өнері сабағынан жақсы екенімді байқап, кітаптағы ең ұлы тұлғаларды а4 форматындағы ақ бетке салуды ұйғардым. Ешкім маған салшы деп сұраған да жоқ, саламын деп шешім қабылдадым. Кімді салдым, десеңіздерші. Әрине, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Абай Құнанбаев т.с.с сынды ақын жазушыларымыз болатын. Анам салған суреттерімді көріп мақтайтын, содан өзімді сенімдірек сезіндім. Әрине алғашында салған бұл суреттер аса әдемі болып шықпады және көп тәжірибені талап етті. Соған қарамастан бұл қабілетімді дамыта бердім. Нәтижесінде қазіргі таңда едәуір жетілдім, өнерім шыңдала түсті. Мені таңғалдырған, ерекше суретшілік қабілетімен үлгі бола білген кумирларым пайда болды. Соның ішінде көбісі қазіргі заманға сай, жас суретшілер Ақмарал Абулхаир, Досбол Қасымов, Ассоль Сас сынды керемет тұлғалар. Осы адамдардың жетістіктеріне қарап, менің де жаңа техникалар үйреніп, алға қарай жылжып дамығым келеді.
Менің де көрмеде өз туындыларымды әлемге таныстыратын сәттер болады деп сенемін. Сондай ақ суретімді көріп, мені түсіне алатын адамдар табылады деген үміттемін. Содан келе мен әркімге өзінің сүйікті ісін тауып, одан ерекше сезім, ләззат алуын тілеймін.
( 266 сөз )

Уақыт – керемет сый


Біздің өміріміздегі ең қымбат нәрсе ол – уақыт. Адам белгілі – бір уақытта жаратылады, уақытша жаратылды. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. « Уақыттың қадірі кеткенде ғана білінеді-, деген халық даналығы бекерден – бекер айтылмаған. Бұл ғибратты өнеге біздің заманымыздағы өте өзекті мәселе болып табылады. Уақытты зая кетіру – өте ауыр өкініш. Соның кесірінен қазіргі заманғы адамдар көп қиналып жатыр. Себебі олар уақытты қалай дұрыс пайдалану керектігін түсіне алмай жүр.
Адамдарды екі үлкен топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқылары уақыттың қадірін жіті түсіне білгендер. Олардың өздері ұнатқан істерімен айналысады. Сондағы олардың басқа іспен айналысуға уақыты да, шамасы да болмайды. Күнделікті жұмыстарының ішінен пайдасыз істерді алып тастайды. Оған шамадан тыс ғаламторда отыру жатады. Ал екінші топ біріншіге қарағанда қарама - қарсы адамдар, яғни уақыт қадірін түсінбейтіндер. Соның нәтижесінде уақытты пайдалана алмайтын адамдар саны көбейіп бара жатыр. Олар қандай адамдар десеңіздер : алда әлі талай уақыты бар деп ойлайтын, алға қойған мақсатын артқа тартатын, өмірде еш нәрсеге қол жеткізе алмаған адамдар.
Осыдан шығатын түйін: Бәріне бірдей жиырма төрт сағат берілген. Бірақ біреулер табысқа жетеді, біреулер бұрынғы орнында қала береді. Бұл уақытты өнімді пайдаланбаудың нәтижесі.
Қорытындылай кетсем, уақыт – шектеулі ресурс. Біздің, өмірдің қай саласында болмасын, жетістікке жету – жетпеуіміз тікелей уақытымызды қалай басқара алғанымызға байланысты. Ендеше бүгіннен бастап, уақыттың қадірін түсініңіз, оны өнімді пайдаланыңыз.

Қазақстан шетелдіктердің көзімен


Қазақстан – өркендеген өжет ел. Еліміз жылдан жылға дамып, жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Соның нәтижесінде, эмигранттар саны көбейіп, өздерін осы керемет жерімізде дамытуда. Соған орай шетелдік азаматтардың Қазақстанды қандай ел ретінде көреді, оның өмір сүру салты жайлы ойларын білу үшін сұхбат жүргіздім. Бұл сұхбат Калифорниядан көшіп келіп, Атырау қаласында 3 жылдай тұрып жатқан, біздей жастарға ағылшыннан білім беріп келе жатқан Абдулла есімді ағайымызбен болмақ. Мен үшін бұл тұлғаның беделі жоғары, себебі оқу үйретпек түгіл, қайырымдылық жасап, жақсылыққа толы іс – әрекеттері жетерлік. Абдулла мұғалім 27 жаста, МДС атты бағдарламада, KIDS атты оқу орталығында ағылшыннан сабақ береді, тәжірибесі мол, ұлағатты ұстаздардың бірі. Сұхбатымыздың бірінші сұрағы мынадай :
-Сізді Қазақстанның қандай мәдениеті мен дәстүрлері қызықтырды ?
- Маған қазақтардың наурыз мейрамын тойлауы ерекше ұнайды. Әсіресе, ұлттық тағамдардан қуырдақ пен бешбармақ.
- Біздің ел мен сіздерде қандай айырмашылықтар мен ұқсастықтар бар, қалай ойлайсыз ?
- Шындығына келсем, елдеріміз мәдениет, жұмыс, өмір сүру дағдысы жағынан қатты ерекшеленеді. Аса ұқсастықтар байқамадым.
- Неліктен жұмысыңыз үшін Қазақстанды таңдадыңыз ? Еліміздегі білім беру жүйесін қалай бағалайсыз ?
- Қазақстанды таңдауыма әсер еткен менің апам мен ағам болатын, олар мені осында шақырды. Ал білім беру жүйесіне келер болсам, жақсы деңгейде. Эмигранттардың көптеп келуі қазақстандықтарға ағылшын тілімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретіні керемет деп есептеймін.
- Енді, соңғы сұраққа көшейік. Қазақстанға келмей тұрып, ел жайлы қандай ойда болдыңыз ?
- Алғашында мен Қазақстанды дамымаған ел ретінде көрдім. Мұнда келгелі ойым өзгерді, бұл ел айтарлықтай дамыған, көрікті, қонақжайлы мекен екендігіне көзім жетті.
Осымен, сұхбат тәмамдалды. Шетелдік азаматтардың Қазақстан жайлы ойларын біліп, біраз мағлұмат алдым деп ойлаймын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Жалпы, бұл сұхбат Қазақстанның мәдениет пен білім беруден өзін көрсете алатынын көрсетті. Бірақ сонда да талай жұмысты талап ететін салалар бар екені рас.
(278 сөз)

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет